Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағылымы мол тоқсан

12.05.2022, 9:40 709

Жағалаудағы Ақеспе ауылы сонау заманнан теңіз  қақпасы  саналған. Аралды  зерттеуге келген  алғашқы теңізшілер  мен саяхатшылар осы жерден кемесін суға түсіріп, табиғаты тылсым  көгілдір  айдынға жүзіп шыққан. Батыстан келгендер дарқан даланы артқа тас­тап, бархан құмдарды кесіп өтіп, толқыны сағым қуған жағаға келіп шөлін басқан. Соның дәлеліндей  солтүстікте Бутаков шығанағы мен мұндалайды.

Бақыт апай 1932 жылы ауылдың Үшкөл елді мекенінде дүниеге келіпті. Бұл өңір  адамдарының алтын бесігі де, дүние ашар есігі де – теңіз, кәсібі мен нәсібі де оның байлығы балық болды. Әкесі Дәуренбек те, оның арғы аталары да осы толқынды теңізде туып, өніп-өскен. Дәуренбек ақсақал қатардағы балықшыдан ел басқарған дәрежеге жеткен, маңайдағы алғашқы артель, колхоздарды өз қолымен құруға қатысқан Аралға белгілі қабырғалы азамат еді. Ол балаларын жаңа заманның ілім-білімін алып, халқына қызмет етуге тәрбиеледі.

Қамыс  шомынан  соғылған  қақыра  теңіздің талай перзентіне білім шырағын жақты. Талдыр­маш бойлы, қара торы өңді Бақыт бүлдіршін 1939 жылы бастауыш мектептің бірінші сыныбын кілең беске бітіріп, үздік оқушы атанды. Шәкіртке су жаңа қаламсап пен бір дәптер сыйға тартылып, оны бүкіл ауыл қуа­на қарсы алыпты. Жоқшылық, таршылық кезең болғандықтан мұндай сый-құрметтің балапан үшін бәсі бөлек еді. Шағын ауылдың оқуын тауысқан соң Бақыт апамыз Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы орта мектепте жал­ғастырды. Мектепті «үздік аттес­татпен» бітірген ол өзіне дәріс берген ұстаздары, мате­матиктер Хадиша Құдайбергенова, Ебейсін Исаевқа  еліктеді ме «Математик бола­мын»  деп іштей  бекінген  көрінеді. Арман жетегім­ен 1949 жылы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-матема­тика факультетінің студенті атанады. Факультетте «Жоғары математиканың» білгірі саналатын Смирнова  есімді  оқытушы­ның студенттерге сесі қатты  еді. Физматтың мұғалімдері, кейін академик атанған Асан Дабыс­ұлы Тайманов пен Құсайновтар да талап­ты қатты қоятын. Міне, осындай мате­матиканың ма­йын ішкен білікті ұстаздардан бірінші курс студенті Бақыт Дәуренбекова бес алып шыққанда, факуль­теттегілер таң қалып, қаршадай қыздың қабілетіне риза болған еді. Сонау  қиын  да  күрделі  кезеңде,  «инемен  құдық қазғандай» білім алып, институтты қызыл дипломмен бітіріп, туған жерге  оралды.

1957 жылы Бөген орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі қызметіне орналасады. Бұл білім ордасы аудандағы таңдаулы мектептердің бірі еді. Жағасын теңіз шайған, атақ-даңқы дүрілдеп тұрған ауылда он мыңға тарта халық, қазақ пен орыс орта мектептері болды. Сонау елуінші жылдары мұнда түрлі ұлт өкілдері көп тұрғандықтан мәдени-тұрмыстық жағдай ғана емес, білім сапасы да жоғары болғанын байқау­ға болады. Мектеп мақтаныштары, Мәскеудегі Бауман жоғары техникалық училищесінің  түле­гі, ғарыш саласындағы тұңғыш қазақ конструкторы Оңғарбай Қазыбаев, ҚР ҰҒА корреспендент-мүшесі, ғалым-геолог Нағима Құдайбергеновалар осы жылдардың жемісі деуге болады. Міне, алтын ұядан осындай жүздеген шәкіртті қанат қақтырған Бақыт апай білім нәрімен сусындатқан еді. Теңіздің арғы бетіндегі Көкарал мен Қаратереңнен де жастар іргелі оқу орнына қатынап оқыған. Елуінші жылдардың ортасында шалғайдағы ауылда екі қабатты  зәулім білім ордасының бой көтеруі де оған  ерекше  мән берілгенін байқатады.

Алпысыншы жылдардың басында мектеп­ке білікті ұстаз, іскер педагог Садық Жұмағұлов басшылыққа келіп, ширек ғасыр жетекшілік етті. Педагогикалық ұжымды саналы тәрбие, сапалы білім беруде жауапкершілікке, жаңашылдыққа жұмылдыра білді. Мектеп тарихынан «сол жылдары ауданда алғашқы болып ЭВМ жүйесін физика-математика пәнінің мұғалімдері іске қосты» деген жолдарды оқимыз. Соған қарағанда, қазіргі компьютеріміздің арғы атасы шалғайдағы ауылда жарты ғасыр бұрын шаң берген екен. Бұл ізденім­паз, білікті математик Бақыт Дәуренбекова  сынды ұстаздардың жаңалығы деуге болады. Тәжірибесі толысқан ұстаз педагогикалық оқуларда жаңашылдығымен бөлісіп, пәндік сайыстарда жүлдегер шәкірттер тәр­биелеп шығарды. Тарихы тағылымды, шежіресі шырайлы білім ордасында Әнуар Зағидуллина, Шайкен Нөкешов, Тілеужан Жанелов, тағы басқа мұғалімдермен бірлесе еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірді. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық  қызметкері» атақтарымен марапатталып,  «Тыл  ардагері»  медалін  иеленді.

Апайдың адами болмысы, қазақ әйелдеріне тән жақсы қасиеттерден құрылған мінез байлы­ғын айтпай кету мүмкін емес. «Текті әулеттің тұяғы» демекші, әкесі Дәуренбек өз тұсының еңселі ерлерінің бірі болса, анасы Ақбөпе өңіне ибалық пен инабат ұялаған, өмірге сегіз перзент әкелген болмысы биік ана болды. Тұңғыштары Бақыт бүкіл әулеттің шамшырағы іспеттес. Бүгінде інілері Шыңғыс пен Кішкене Айбосыновтар партия, кеңес саласында абыройлы қызмет атқарған облысқа белгілі азаматтар. Інісі марқұм Жахау Дәуренбеков қазақтың белгілі жазушысы, артына туған жер туралы көркем туындылар қалдырған қабырғалы қаламгер. Әлимаш – үлкен әулеттің алтын діңгегі, ақылшы әже. Атамыз ұзақ жыл Сарбасат ауылдық кеңесінің төрағасы болып абыройлы еңбек етіп, елдің құрметіне бөленген Арал-Қазалы өңіріне танымал ақсақал еді.

Отағасы Жұмағазы Қошқаров та туған еліне қалтқысыз қызмет етіп, абырой-беделге бөленген азамат, 57 жасында өмірден озды. Бөген машина-мелиоративтік станциясын көп жыл басқарған ол өңірдің өркендеуіне қажырлы үлесін қосты. Алматы ауыл шаруа­шылығы институтын бітірген білікті маман еді. Ағамыздың Сырдың аяғында талай жерде канал қазып, дариядан көлге, көлден теңізге арна тартқан, өткел салып, шөліркеген жерлерді нәрлендірген еңбегін халық әлі ұмытқан жоқ. Жақсы адамдардың жарқын істері ел есінде сақталады екен. Бүгінде Бақыт апамыз өздері көтерген бәйтеректің мәуелі жемісін көріп отыр. Шаңырақ шаттығына бөленген балалар да жан-жақты білім алып, ел мүддесіне еселі еңбек етуде. Жетпісі ішкі істер саласының ардагері болса, Гүлмирасы – ана жолын қуған математик, Гауһары Алматыдағы қыздар институтын бітірген білікті маман еді, өмірден ерте озды, Толыбайы – кәсіпкер, сүт кенжесі Темірланы – заң саласының қызметкері. «Ата көрген оқ жонар» деген халық даналығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тағылымды тәрбие, ғибратты ғұмыр кешкен осындай адамдар туралы айтылса керек.

Ұстаз шәкірттерін тәрбиелеу арқылы ұлтын тәрбиелейді. Бұл егіз ұғымды бөліп-жару мүмкін емес. Бүгінде тоқсан жастың төріне шыққан, бүкіл өмірін жас ұрпаққа арнаған ұлағатты ұстаз, абыз ана Бақыт Дәуренбекованың  ғибратты ғұмыры көпке үлгі-өнеге. Ғасыр жасай  беріңіз, қадірлі  ұстаз.

Жұматәли  ӘБДІРАМАН,

ҚР  Ақпарат  саласының  үздігі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: