Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кешкі кездесу»

21.03.2022, 9:00 591

HALYQLINE.KZ Бұл кадр емес, тұтас бір жанр. Тағдыр. Табиғат. Тұрмыс. Әдеп. Махаббат. Қысқасы, тұтас бір дәуірге қойылған көркем ескерткіш сынды өте құнды жәдігер. Әгәрәки, «ХХ ғасырдың ең керемет сәті» деген фотоконкурс жарияланатын болса, бәйгені шаппай алатын – Құлагер туынды.

Авторы – Болат Омарәлиев. Бөкең бұл суретті түсірген кезде, әлі отызға да тола қоймаған кезі екен.
Бар зейіні объективте. Мына қайталанбас ғажайып сәтті жіберіп алу – фотограф үшін орны толмас өкініш. Күнә, тіпті, қылмыс десе де болғандай.

«Ту сыртымнан біреудің қарап тұрғанын арқаммен сезіп тұрмын. Бірақ, мойын бұруға мұрша қайда?!
Суретті түсіріп болып, көңілім жәй тапқан соң, артыма қарасам, ақын – Махмұтбай Әміреев екен. Көзінде жас, қатты толқып тұрғаны көрініп тұр. Ақын толқыса, үлкен жұмыс тындырғанымды, сонда барып бірақ түсіндім», – дейді автор.

Бөкең бұл суретін сырт көзге көрсетуге қимай, бес жыл бойы тартпасында сақтаған көрінеді.

Біз Бөкеңнің бұл қылығын іштарлыққа емес, құштарлыққа баладық. Өнерге деген, сұлулыққа деген құштарлық!

Осындай ғажайып сәтті объективтің алдына әкеп, қалт жібермей ұстап тұру үшін, жалғыз құштарлық аздық қылары анық. Ол үшін қырағы көз, нәзік жүрек, терең түйсік, темірдей жүйке қажет.
Сол қасиеттің бәрі бір Бөкеңнің бойынан табылғанына тәнтімін!

P.S: Фото кейіпкерлердің кім екені бізге беймәлім. Тіпті олар өздерінің шедевр туындыға кейіпкер болғанын білмей өтуі әбден мүмкін.

Ол жағы тек авторға ғана аян.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: