Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кенттердің халі қалай?

02.03.2022, 18:20 397

HALYQLINE.KZ Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған өзекті мәселелер өз уақытында шешіледі. Қалаға қарасты шеткері аймақта орналасқан елді-мекендерді аралаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Тасбөгет және Белкөл кенттеріне де барды.

30 мыңнан аса тұрғыны бар Тасбөгет кентінде биылдан бастап спорттық сауықтыру кешенін салу жоспарлануда. 150 орынға арналған кешен құрылысына қажетті жұмыстарды саралап өткен облыс әкімі халықтың талап-тілегін тыңдап, жас спортшылармен де кездесті. Тұрғындар демографиялық өсімге байланысты қазіргі емханадағы орын тапшылығы, спорттық нысан салу, жастарды жұмысқа тарту сынды мәселелерге мән беруді сұрады.

– Жастардың бос уақыты болмас үшін, әрі назарын спортқа бұру үшін кентте спорттық сауықтыру кешенін саламыз. Ол үшін қажетті қаражатты қарастырамыз. Мұнан бөлек, емханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін фтизиопульмонология орталығын Талсуаттағы орталыққа көшіріп, бұл нысанды емханаға ыңғайлы етіп бейімдеп, жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Сол арқылы өздеріңіз айтқан орын тапшылығы мәселесін жоямыз. Сіздер айтқан әрбір ұсыныстарды зерделеп, жан-жақты саралап, кезең-кезеңімен шешеміз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы кент әкіміне жастарды жұмыспен қамту ісінде нақты алгоритм әзірлеуді және жұмыссыз жүрген жастарды санатына қарай бөлу, оларды сұранысқа ие салаларға бейімдеу ісін нақты жүргізу қажеттігін ескертті.

Әрі қарай облыс әкімі Белкөл кентіне барып, тұрғындармен бірге ортақ мәселелерді талқылады. Мұнда бірнеше жылдан бері темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесі айтылып келді. Ұзындығы 110 метр, биіктігі 8 метрді құрайтын көпір құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Облыс әкімі көпір салу ісінің тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өзекті екенін алға тартып, мердігер компания басшысына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Еске салайық, облыс әкімі осы уақытқа дейін 100-ден аса ауылға барып, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әлеуметтік мәселелерді шешу нәтижесінде өңірде газбен қамту 67%, жақсы жолдардың үлесі 75%, ауыз су жүргізу 98% жеткен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: