Әлемде әлеуметтік желінің дәурені басталғалы қашан. Кейбір деректерге сүйенсек, 2020 жылы бүкіл жер-жаһандағы интернет пайдаланушылардың саны 4,5 миллиардқа жуық болса, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны 2,9 миллиардты құраған. Ал былтыр бұл көрсеткіш тағы да 3 миллиардқа артып, виртуалды әлемнің көкжиегі кеңи түсіпті.
Хош, бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұялы телефонға телміретіні жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда, интернетке үңілумен таңды атырып, кешті батырып жүрміз. Әйтеуір, бәріміз әлеуметтік желінің «жұлдызы» болып алдық. Бір әріптесім айтқандай, «бәріміз бір-бір …танушымыз». Танушы дегеннен шығады, осы әлемжеліде біреуді араздастырып, біреуді табыстырып жатамыз, біреуге ақыл айтып, біреуді қарғап жатамыз, тіпті басшылар мен әкімдерді «тағайындап», қызметінен «босатып» та жатырмыз.
Қайбір күні facebook әлеуметтік желісіндегі Qyzylorda (ашық алаң) тобында тақырыбымен адамды еріксіз баурап алатын сауалнаманы көзіміз шалды. Кешегі «қаңтар қасіретінен» кейінгі жоғары жақтағы тосын шешімдер жұрттың көңілін күпті етіп тұрған кезде, «Облыс әкімі болуға кім лайықты?» деп айдар тағылған бұл жазбаға қалай елеңдемейсің? «Ал, кеттік! Өзіміз әкім сайлап алайық» деп емексітіп қойыпты. Бұрынғы мен қазіргі әкімі бар, қоғам белсенділері мен халық қалаулылары бар, спортшы мен ғалым да, тіпті президент сайлауына қатысқан үміткер де бар 16 адамды тізіп, соған «дауыс жинапты». Сонымен облыс әкімі болуға кім лайықты екен? Қызық болсын, қараңыз!
Қожахмет Баймаханов – 413;
Айдын Қайруллаев – 185;
Гүлшара Әбдіқалықова – 112;
Болат Нұрхожаев – 84;
Нұрлыбек Нәлібаев – 67;
Қырымбек Көшербаев – 40;
Мұрат Әбенов – 35;
Ерлан Мұсаев – 19;
Асқар Жұмаділдаев – 18;
Серік Теңізбаев – 17;
Илья Ильин – 13;
Сандуғаш Тұрлыбекова – 11;
Ғалымбек Жақсылықов – 11;
Геннадий Шиповских – 10;
Эрик Теңізбаев – 9;
Әміржан Қосанов – 7.
Міне, әлеуметтік желідегі жұрттың бағамына қарасаңыз, кезінде аудан, қала басқарған, бертінде кәсіппен айналысып жүрген Қожахмет Баймахановтың «бағы жанып-ақ» тұр. Бәрінен де, осы сауалнаманың төменгі жағындағы 250-дей адамның жалпы қалдырған пікірін оқысаңыз, тіпті қызық. Бірі мақтаған, бірі даттаған, бірі түңілген, бірі күлімдеген… Солардың бәрін түйіндей келгенде, бір әлеуметтік желі қолданушының сөзімен айтсақ, «Мыналарың әкім таңдау ма? Қожанасырдың қойыртпағы болыпты ғой». Жалпы, қазіргі елең-алаң шақта, жоғары жақта болып жатқан ауыс-түйістер кезінде талай басшының түн ұйқысы төрт бөлініп отырғаны жасырын емес. Кейбіреулер Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованы да «аутсайдерлердің» қатарына қосып жүр. Оған кешегі «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде Наушақызының партияның Саяси кеңесі Бюросының құрамынан шығарылуы да «отқа май құя» түскендей.
Сонымен, әлгі топта талқыланып жатқан облыс әкімі болуға кім лайықты екен? Сөзімізді сол жерде пікір қалдырушы М.Ізбаеваның пікірімен түйіндесек, «Бірақ бізден кім сұрапты? Халықпен ешкім санаспайды». Анығын айтсақ, жоғары билік не дейді, сол болады…
Н.КЕНЖЕТАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!