Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Анамның өліміне өзімді кінәлі санаймын…»

24.12.2021, 17:15 307

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде абайсызда қылмыс жасағандар жазасын өтейді. Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі ЗК-169/4 мекемесінде жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда мекемедегі жазасын өтеушілер қала аумағындағы 33 кәсіпкерде жұмыс істейді. Олар пластик терезелер, жалюзи тігумен, кірпіш өнімдерін шығарумен, машина жөндеумен айналысады.

Бүгін Техникалық жөндеу орталығында жұмыс істейтін Арман есімді жазасын өтеушілермен сұхбаттасудың сәті түсті. Техника тілін жетік меңгерген Арман абайсызда жол көлік апатына ұшырап, сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 2020 жылдан бері қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеп жатыр. Сол қайғылы ауыр күнді күрсіне есіне алды.

– Жазым деген аяқасты ғой. Машинаны өзім жүргізіп отырғанмын, жанымда анам болатын, бір сәт көзім ілініп, қарсы бетке шығыппын, машинамды басқара алмай жол-көлік оқиғасы болып, соққан көліктен де адам өлімі болды. Өмірдегі қимас жаным анамнан осылай айырылдым, – деп көзіне жас алды.

«Кінәлімін, кінәмді мойындайым да, «ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» деп жазамды өтеудемін. Әрине, өкініш бар, анамнан бір айырылсам, әйелім 2 баламен менің бостандыққа шығуымды тағатсыздана күтуде. Бостандықта құрылыс саласында жұмыс істегенмін, жеке көлігім болған соң бұзылмай тұрмайды, өзім жөндеп ала беретінмін. Техника тілін жетік меңгергендігімнен шығар, 2020 жылдан бері осы жеке кәсіпкерге мекеме қызметкерлері жұмысқа тұрғызды. Міне, содан бері машина жөндеуден қол үзген емеспін. Көбіне машинаның беріліс қорабының істен шығуын жөндейміз. Машинаның моторын шешіп, ақау жерін анықтап, қайта жөндеп мерзімінде орындауға тырысамыз. Сол бұзылған көлікті қайта жөндеп, қалпына келтіргенше асығамын. Кәсіби механик ағамыз білмегенімізді үйретеді. Күнделікті таңертең мекемеден жұмысқа шығу барысында Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының қызметкерлері еңбек қауіпсіздігін сақтау туралы нұсқама жұмысын жүргізеді. Еңбекақымызды уақытылы төленеді. Күндіз-түні ойлайтыным – отбасымның амандығы, еңбекақымды отбасыма жіберемін. Әйелім балаларыма қажетті заттарды алып беріп, қуантып жатса, бұнан асқан бақыт бар ма? Жазамның аяқталуына 4 жылға жуық уақыт қалды. Жазамды толық өтеп шыққан соң, егіншілікті кәсіп қылсам деген ниетім бар. «Бәріне уақыт емші» дейді халық даналығы, алдағы арман-жоспарымды уақыттың емшісне қалдырамын», – деді Арман.

Сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер Жанболат ағамызды сөзге тарттық. Оның айтуынша, техникалық жөндеу орталығында 7 азамат жұмыс істейді. Олар жұмысқа уақытылы келіп, жұмыстарын ұқыпты, тиянақты жасайды. Жұмыс барысында білгенін пысықтаймыз, білмегенін өзім үйретемін. Мен де бұл азаматтардың бостандыққа шығып, отбасыларымен тезірек қауышуын тілеймін деді.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: