Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ киносы мен санасы – «из 90-х»

09.12.2021, 10:00 772

Корейлік «Кальмар  ойыны» драмасынан арыла алмай  жүрміз  әлі. Рас қой? Әлемжеліні  аша  қалсаң – дәу қуыршақтың  бейнесі, көк жейде киген жастар, тіпті сол сериалдағы тәттілер мен балалар арасындағы «қызыл, жасыл» ойындары. Көрдік, қызықтадық, еліктеп жүрміз. Кино да – қару. Әрине, орайын тауып білгенге  ғана.

Жасыратыны жоқ, кітап оқығаннан гөрі кино көруді жөн санаймыз. Күллі жұрт мойындағандай, қазір көпшіліктің оқыған кітабының саны көрген киносының санынан аз. Осыдан-ақ киноның қару екеніне шүбә келтіріп көріңіз. Қару болғанда да, жай қару емес, идеологиялық қару. Оны кез келген киносүйер қауым да, билік те, идеолог та мойындайды. Оның басты нысаны – санаға ой салу, ойда бар ойды өзгерту. Көбінің есінде болар, бұрын Юсуф Мероғлы деген кейіпкерге талай бала еліктеп өсті. Бертін келе «Ханзада Жумонг» шықты. Оны көрген бала да қолына қылышын ұстап, садақпен талай сиырдың көзін ағызды. Шаруаның баласынан бастап, байдың ұлына дейін шыбық мініп, «жауға шапты». Шетелдік сериалдарға санамызды улатып қана қойған жоқпыз, олардың тарихын да жаттап алдық. Бір жылдары ауылдың өзі кешкі уақытта тым-тырыс болып үйіне омалатын. Сондағысы түріктің «Денизін» көріп, өз мәселесін ұмытып, сол Денизді уайымдайтын. Әрине, «Қыз Жібек» пен «Менің атым Қожа» фильмінен өресі биік картина жоқ еді. Бірер атқамінер сотқар Қожаны жастарға үлгі емесін айтып, көгілдір экраннан алып тастау керегін мінберде көтеріп-ақ жүрді.

Рас, қазіргі   баланың   тәрбиешісі – көк жәшік. Ол жәшікті бала қазір көп көрмегенімен, қолында смартфоны бар. Онда кезіккен түрлі фильм, сериал, мультиктерді көріп, соның істегенін істеп, айтқандарын айна қатесіз жаттап жүреді. Қарапайым мысал, биыл су жаңа корейлік сериал шықты. Тоғыз сериядан тұратын «Кальмар ойыны» тіпті тілі енді ғана шыққан баланың санасын да улап алды. Тығылыспақ, атыспақ ойнап өскендердің ізін сол сериалдағы ойындар басты. «Қозғалсаң – өлесің» дегенді желеу еткен олар түрлі жаза дайындап, өзара сыбағасын бергізіп жүр. Қасірет қой.

Қазақ киноиндустриясы дамып келеді, оны жасырмаймыз. Соңғы кездері «Сержан братан», «Рауза. Сакураның гүлдеуі» сериалдары көрерменге жол тартып, өз аудиториясын жинады. Бірақ өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қаскөйлік, бірінен-бірі «билікті» тартып алу, өлтіре салу секілді дүниелерді миына тоқыған жастар өзін «из 90-х» санап, район арасында сол кейіпкерлерше билігін жүргізуді бастады. Тіл бүлінді, сөз бүлінді. Шала қазақ болып жүрген кейбірі тіпті аузындағы сөзін «блатнойландырды». Ал «Шекер» сериалы шыққанда нағыз наша әлеміне енгендей болдық. Ақшадан қиналған студенттер наша сатып, курьер болғанын насихаттаған бұл сериалдың да жастарға берген «тәлімі» бөлек. Қызықты, істеп көргісі келді. Қысқасы, фильм жүйкеге әсер етті. Одан соң «Акимат қайда қарап отыр?», «Сәке» сериалдары шықты. Әлі де апта сайын қалың көрерменге жол тартып отыр. Билік пен халық арасындағы байланыс анық, ашық көрсетілгенімен, менталитетімізге сай емес, ерсі, дөрекі сөздер қымсынбастан айтылды. Ойды ой қуалайды емес пе? Бірде танысымның баласы «Мен Сәке секілді әкім боламын, халыққа жақсы көрініп, ақшаны «технично» жымқырамын. Барлығы – благо народа» дегені бар. Көрдіңіз бе? Қолында телефоны бар бала мұндай туындыларды көрмейді емес, көріп жүр. Көріп қана қоймай, соны миына тоқып жүр. Ал жақында «5.32» атты жаңа сериал жарыққа шықты. Жанры – детектив, ужас, триллер. Онда 90-жылдарда болған маньяктармен күрес оқиғалары сомдалады. Жантүршігерлік адам өлтіру, қан, бауыздау, адамды тірілей өртеп жіберу – барлығы да ашық көрсетілуде. Бір қызығы, YouTube каналы мұндай озбырлыққа шектеу қойса, қазақстандық Aitube каналында ондайға шектеу жоқ. Оның көрермені тағы да жастар. Тағы да қасірет.

Қазақ киносының тарихына тоқталып көрейікші. Ол екі кезеңнен тұрады. Бірі кеңестік кездегі болса, екіншісі – тәуелсіздіктен кейінгі қазақ киносы. Екеуінде де дүниеге әкелген өз ерекшелігі болғанымен, бір ұқсастық бар секілді. Ол – ұлтты көрсету емес, басқаша бағытта сөйледі. Кеңестік кезеңдегі қазақ киносы коммунизмді мәжбүрлі түрде дәріптесе, бүгінгі кино тек халықаралық сайысқа дайындалу арқылы ұлттық кеңістікті шетке ысырды. Алайда қазіргі картиналардан гөрі кеңестік дәуірдегі фильмдер астарлап болса да, ұлттық мүддені кадр арасына кірістірді. Мәселен, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Көксерек», «Гауһартас», «Тақиялы періште» фильмдері азды-көпті ұлт жайында сөз етті. Ал қазіргілері батыстық үлгіде әрі голливудтық жұртты таңғалдыру тактикасын қолданудан жалыққан емес.

Қазақ жастарына не қажет? Әрине, тарихи тұлғалардың өмірін білуі керек. Оны біз газет, кітап беттерінде насихаттағанымызбен, оқитын көз бар ма? Аз. Сол үшін де көгілдір экранның салмағы басым. Жоқ емес, бар. Мысалы, «Жаужүрек мың бала», «Кейкі мерген», «Құнанбай», «Біржан сал», «Қазақ хандығы», «Томирис» сынды картиналар көрерменге жол тартты. Бұл кинолар уақытында бір марқайтты. Өкініштісі, мұндай фильмдер өте аз түсіріледі. Сұраныс жоқ па, әлде идея жеткіліксіз бе, мүмкін, қаражатқа тірелер? Тағы да көп сұрақ.

Джонни Дилленджер деген қанқұйлы қылмыскер жайында бірі білсе, бірі білмес. Тіпті уақытында АҚШ президенті оған «құрама штаттардың бірінші жауы» деген атақ берген екен. Десе де, сол қылмыскер туралы америкалықтар алты фильм түсіріпті. Соңғысы – айтулы актер Джонни Деп түскен кино. Британдықтар өздерінің батыры деп білетін аңыздық кейіпкерді фильмге арқау етуден алдына жан салған емес. Король Артур жайында 22 фильм, жеті телехикая түсірген. Француздар билеуші XIV Людовик хақында  16 фильм түсіріпті. Ал қазақтың ел болып тамырын тереңге жаюына себепкер болған Қасым хан, Есім хан, Тәукелердің король Артурдан несі кем? Абылайдан, қазақтың үш төбе биі – Төле, Қазыбек, Әйтекеден, Кенесары, Қабанбай мен Бөгенбай, Махамбет пен Исатайдан Джонни Дилленджердің несі артық? Әз Жәнібектің орны қазақ үшін Людовиктен төмен бе? Айтпақшы, алдағы уақытта Жәңгір хан хақындағы «Сарай сыры» телехикаясы жарыққа шықпақ. Картинаның сюжеті қазақ тарихынан болғанымен, қойылымы түріктің «Сүлеймен патшасына» ұқсас дейді. Дегенмен көңілден шығу-шықпауы алдағы уақыттың еншісінде.

Рухани жаңғырып жатырмыз. Расымен солай ма?..

Айнұр  ӘЛИ,

журналист,

Қармақшы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: