Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заңдылықты үстем етіп келеді

30.11.2021, 12:00 434

Егемендікке – 30 жыл!

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» – дейді. Иә, расында қоғам болған жерде заң, заң болған жерде оны қадағалау болады. Себебі, заң білместікпен де, немқұрайлылықпен де тіпті қасақана да бұзылып жатады. Сондықтан заң ұдайы жетілдіріліп, толықтырылып, өзгерістер енгізіліп заман ағымына қарай күшейтіліп отырса, оны қадағалайтын прокуратура жұмысы да соған сай іс-тәжірибесін жетілдірсе одан ел, қоғам ұтпаса ұтылмайды.

Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін, прокуратура басқа құқық қорғау органдары сияқты, тоталитарлық мемлекет жағдайындағы әміршілдік-әкімшілік жүйенің мүддесін бірінші кезекке қойған болатын.

Тәуелсіздіктің ақ таңы ата бастаған 1991 жылдың алғашқы күндерінен бастап Қазақстан прокуратурасы жазалаушылық қалпын өзгертуге ұмтылып, жаңа формада, яғни халыққа жақын қадағалаушылық органға айналуға бет ала бастады.

1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.

1992 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болды.

Осы заң прокуратураның құқық қорғау қызметін жақсартуда оң әсер етті. Алайда, мемлекеттік құрылыс үдерісінің жедел дамуы және құқық демократиясының өріс алуы құқық жүйелерін қалыптастыруда жаңа ізденістерді талап ете бастады. Осыған байланысты 1994 жылы 12 ақпанда Тұңғыш Президент Елбасымыздың Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталынды.

Одан әрі ол 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдуммен қабылданған Конституциямызда және сол кездегі президент Н.Назарбаевтың 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, бекітілді.

Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін жариялап берді. Сөйтіп прокуратура республикамыздың мемлекеттік билік органдары жүйесіне өзінің конституциялық орнын еншіледі.

Осы уақыттан бастап прокуратура кеңестік жүйемен қалыптасқан әзірейіл бейнесін жойып, халықтың арыз-шағымдарын зерделейтін, құқығын қорғайтын жаңа сипаттағы, халықтық жоғары заң қадағалаушылық органға айналды. Бұл демократияның даңғыл жолына бет бұрған егемен еліміздің елеулі жетістігінің бірі еді.

Президентке ғана есеп беретін және республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын республика прокуратурасы Конституциясының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуы тәрізді міндеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетігі (құралы) болып табылады. Прокуратура заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Жинақтап айтсақ, республика прокуратурасы өз өкілеттігін Ата Заңымыз бен заңдарымызға сәйкес жүзеге асырады.

Қазіргі кезде ол басқа мемлекеттік органдар қызметін алмастырмайды, әртүрлі шаруашылық субьектілерінің қызметіне негізсіз араласпайды. Сонымен қатар прокуратура Конституцияның 83-бабына сәйкес, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары жол берген заң бұзушылықтарды анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңда қаралған тұрғыда жоюға ықпал етеді, оның ішінде атқару және сот биліктерінің заңсыз актілеріне наразылық келтіріп, сондай-ақ қолданыстағы заңдар мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын орындамау фактілерін қалт жібермейді.

Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Мәселен, Қызылорда облыстық проуратура органдарымен қоғамдық мүддені қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың сан айғағын мың-мыңдап келтіруге болады. Соның ішінде бір ғана Қызылорда облысының биылғы көрсеткішін алайықшы. Облыстың прокуратура органдарымен ағымдағы жылы 44 тексеру жүргізіліп, енгізілген 474 прокурорлық қадағалау актісімен 219 881 азаматтың құқығы қорғалып, бюджетке 2,8 млрд. теңге өндірілді.

Олар бойынша 963 тұлға тәртіптік, 325 әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қадағалау шараларымен 21 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қабылданған шаралармен 613 қызметкердің алдында 60 млн теңгеге жалақы бойынша берешек өтелді. Бұл қорғалып жатқан қоғам мүддесінің бір парасы ғана. Айталық, Прокуратураның араласуына дейін жалақысы сақталмайтын демалыстар толық берілмеген 225 мемлекеттік ұйымның 32 914 қызметкерінің құқығы қорғалуы да әрбір азаматтың құқығы емес пе?

Бұдан бөлек жол картасы бағдарламасын іске асыруға бөлінген 246 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру белгілі болды. Барлығы 3 факт облыс прокуратурасының СДТБТ-не тіркелді. Мәселен, Қызылорда қаласы мен Арал қаласындағы колледждерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде кейбір корпустарды металлсайд арқылы қаптау бойынша жұмыстар орындалмаған, ғимараттардың шатырына ескі материалдар салынған және тағы басқалар.

Нысандарда сапасыз және арзан материалдар қолданылған. 1 қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылды (залал өтелді), екіншісі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша аяқталу сатысында (процестік келісім жасалды).

Мемлекеттік сатып алудың web-порталының мониторингімен 450 млн теңге сомасына 25 конкурстың қорытындысы жойылды. Қармақшы ауданында 85 млн теңгеге бюджеттік өтінімдер шығындарды негіздемей қалыптастырылды, осыған байланысты прокуратураның ұсынуымен аталған қаражат басқа да әлеуметтік маңызы бар салаларға жіберілді.

АӨК бағдарламасы бойынша субсидиялар берудің заңдылығын тексерумен 440 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық схема анықталды.

Мәселен, инвестсубсидияларды (вагондар, күн панельдері, су айдындары, құдықтар және т.б.) алған кезде бір топ адамдар облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығымен сөз байласып, субсидиялар алу қағидаларының критерийлеріне сәйкес келу мақсатында вагондарға тіркеу құжаттарын қолдан жасаған, күн панельдерінің құнын көтерген, жоқ құдықтар мен су айдындарын тексерудің жалған актілеріне қол қойған.

Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары 3 қылмыстық іс қозғады, оларды арнайы прокурорлар басқармасы тергеуде. Қазіргі уақытта 2 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталып, сотқа жолданды (1-і бойынша үкім шықты). Бюджетке 7,8 млн. теңге өтелді.

Ал, автомобиль жолдарын тексеру нәтижесімен 1 факт СДТБТ-де, 5 АЕК-те тіркелді, 22 ұсыну енгізілді, 15 тұлға тәртіптік және 23 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 7 млн теңге мөлшерінде айыппұл төленді, сондай-ақ 44 көше бойынша құрылыс талаптарын бұзушылықтар жойылды. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары мен уәкілетті органдар басшыларының қатысуымен облыстық прокуратура алқасында қаралды.

Тергеу бойынша да көптеген жұмыстар атқарылып, нәтижелі шаралар жүзеге асырылуда. Әрбір қадағалаудың тиімділігіне мән берілуде, жан-жақты талапқа сай атқарылуда. Жазықсыз тұлға зардап шекпеуі керек, ал кінәлі тарап тап басып анықталып, заң құрығынан құтылмайды. Бұл тәуелсіздіктің 30 жылынан бері шыңдалған, айбарланған егемен елдің ерен Заңының, пәрменді қадағалау органының қуаты деп айта аламыз. Енді осы тергеу саласындағы аймақтың көрсеткішіне көз жүгіртсек.

Жыл басынан бергі 10 айда облыс көлеміндегі қылмыстылық ахуал, әлеуметтік-экономикалық проблемалар терең зерделеніп, оны жедел түрде тиімді шешу уәкілетті органдардың жұмыстарын үйлестіру жолымен жүргізілуде. Жыл басталғалы Қызылорда облыстық прокуратурасымен Үйлестіру кеңесінің 3 отырысы өткізілді. Отырыста қылмыстық процестің үш буынды моделі бойынша атқарылған жұмыстар, қылмыстардың ашылуы мен тергеу сапасы және кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған қылмыстардың жай-күйі, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдар қызметінің тиімділік жағдайы талқыланды.

Облыстық прокуратурамен өңірдегі қылмыстық ахуалға үнемі талдау жасалып, жекелеген қылмыс түрлері бойынша да тиісті шаралар қолданылуда. Нәтижесінде қылмыстылық 10%-ға төмендеді. Бұл тәуелсіз елдің қадағалау тәртібін жүзеге асырып келе жатқан айбарлы органының қызметінің кішкене ғана бөлігі. Бұдан өзге қаншама жұмыстар атқарылып, ел дамуына тұтқа болып, халық құқығы қорғалып келеді.

Иә, тәуелсіз елдің ақ таңын жарқыратып, әділдік пен адалдықты ту еткен, заңдылықты үстем еткен қадағалаушылар отыз жылдан бері мәңгілік ұлы елдің іргетасын мығымдап келеді. Өйткені бұл ұлы халықтың даңғыл жолының бастауы. Алда Мәңгілік елдің мәңгі жоспары орындала бермек.

Сая Темірбекқызы,

Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: