Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баяғы бауырмал көңіл, қазақы қайырымдылық жоқ

02.10.2021, 10:00 484

HALYQLINE.KZ «Өтірік ғұмыр кешуді өмір сүрудің негізгі тірегіне айналдырып алған бүгінгі қитұрқы адамдардың айнымас құбылысын көріп жүрегің айниды. Құлағын сатқандардан Құдай атқандардың сүлдесін көріп сасқанымнан күңіренем де күрсінем» деп еді Софы аға бір сөзінде. Керекке жарамайтындарды керемет тұтқан бүгінгі қомағай-қоғам көмейі бүлкілдегеннің бәрін шешен, көптің үстінен зіркілдегеннің бәрін көсем етіп қойды. Көлгірсіп сөйлеп көптің көңілін аулайтын жылтырлар көбейді. Азаматтық позицияның жоқтығы мен тапшылығы мұңайтады. Ұлтының жанын ұқпай ұлы болғысы келетіндерін қайтесіз!

Ұлт бар жерде ұлттық проблеманың болмай қалуы мүмкін емес. Еліміздің жақсылығына қуанамыз, жаманына неге көз салмаймыз, неге жанымыз ашымайды?! Көп нәрсені саясатпен байланыстыра салғымыз келеді, ол саясат емес, азаматтық борышымыз емес пе? Бір ойшылдың: «Адамзат баласы заңның емес, салт-дәстүрдің «құлы» болған кезде бақытты өмір басталады» дегенін оқып едім. Расында да солай! Біз үлкенін ардақтаған, салт-жорасын салмақтаған, дәстүрім -дәулетім, ғұрпым – ғұмырым, салтым – санам деп өскен текті ұлттың ұрпағы едік қой. Бүгінде салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу, сырт көзден ғана қаймығу басым.

Дәстүрлі өмір салтымыздан жаңылып, ата-бабамыз қалыптастырған ұлтымыздың ең тамаша қасиеттерінің бірі болып табылатын адамдар арасындағы өзара кісілік, үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақынның, еркек пен әйелдің қатынас қалыптарының шырқын бұзып алдық. Қазақтың кез келген ұлттық әдет-ғұрпында кісілік, адамгершілік, мейірім бар еді. «Тыйым көрмеген баладан тексіз шығады. Тектеу адамды әдептілікке үйретеді». Міне, қазақтың төл тәрбиесінің озық үлгісі. «Ұят болады» мен «обал боладыны» баласының санасына тәй-тәй басқаннан, алғаш былдырлай бастағаннан сіңіріп келген қазақ бүгінде тыйым мен тектеуді ұмытты. Қазіргі бала жалтақ қоғамның жағымпаз адамдарынан қандай тәрбие көріп отыр? Көрсетер өнегеміз қайсы?

Осының бәрі, айналып келгенде, ұлттық мінез-болмысымызды жоғалтып алғанымыздың кесірі. Дәстүрлі наным мен сенімге мойынсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң көргенсіздікке бой алдырып, татулықты қатулықпен ірітіп жүрміз. Баяғы бауырмал көңіл, қазақы қайырымдылық жоқ. Қулық пен сұмдықтың құдығына сүйреген қуаяқ, сұмауыз болып барамыз. Өзекті өртеген осы ойлар көңілге – тыным, жүрекке маза бермейді.

Бекжан Тұрыс

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: