Облыс прокуроры Н.Бижановтың қатысуымен өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысы өтті. Бұл туралы Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған кеңес отырысы республикада бірінші рет облыс прокурорының қатысуымен ұйымдастырылды.
Жиында облыс прокуроры аймақтағы бизнесті қорғау басым бағыт екенін айтып, бұл салада атқарылған елеулі жұмыстарға тоқталды.
Облыстық прокуратурамен үстіміздегі жылдың 8 айында 600-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалып, 23 лауазымды тұлға түрлі жауаптылыққа тартылған.
Мысалы, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беру кезінде кәсіпкерлерге заңсыз талаптар қойылғаны анықталып, жүйелі заңбұзушылық жойылған.
Республикамыздың басқа өңірлерінде осы тектес заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында аталмыш оңды тәжірибе барлық облыстарға таратылды.
Кеңес отырысында мониторингтік топтардың қызметіне, коммерциялық мақсаттағы жер учаскелеріне құрылыс салу барысында туындаған кедергілерге қатысты кәсіпкерлердің мәселелері қаралып, оларды шешу үшін жауапты органдарға мерзім белгіленді. Белгіленген мерзімде шешімін таппаған жағдайда, прокуратура заңдылығына баға беретін болады.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында Президентіміз өткен жылғы жолдауында прокуратураға бизнестің арыз-шағымдарын қарауды тапсырды. Президенттің бұл тапсырмасы депутаттардың қолдауымен жүзеге асып, «Прокуратура туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Жаңа Заңға сәйкес ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінен бастап прокуратура жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласу туралы арыздарды қарау және бақылаумен құзырлы органдарға жолдауға өкілетті. Сол сияқты жаппай заңбұзушылықтар орын алған жағдайда тексеру тағайындай алатыны айқындалды.
Қорыта келгенде кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік қысым және өзге де заңсыз араласу жағдайында прокуратураға және кәсіпкерлер палатасына жүгіне алатыны және міндетті түрде тиісті шаралар қабылданатыны түсіндірілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!