Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

20 жауды жайпаған 20 жастағы қыз

10.09.2021, 9:00 677

HALYQLINE.KZ

Тарихи  таным

Шайқас болған жерді көруге келген вермахт командирлері өздерінің 1 офицері мен 19 солдатының денесін көріп, «шабуыл тұтқиылдан әрі жаудың күші басым болған» деп қорытынды жасады. Себебі, бұлардың бәрі Европадағы талай елдерді бағындырған «СС» әскерінің нағыз баскесер басқыншылары еді. Егер сол кезде 20 адамды 20 жастағы қыздың бір өзі жайратып тастады десе де, олар сенбес еді.

Мария Байда 1922 жылы 1 ақпанда Қырымдағы Жанқай қаласында, қырым татарының отбасында дүниеге келді. 1941 жылы соғыс басталғанда медбикелер даярлайтын курсты бітіргесін майданға сұрана бастады. Жазған рапорттарында: «немістерді көптеп өлтіргім келеді» деп жазды. Соғыстан кейін өз естелігінде Мария: «Жазықсыз балалар, әйелдер, қарттарды аяусыз қырғанын көргенде, жүрегім қарайып әрі қатайып кетті» деді.

Ақыры, Мария Байданы барлаушылар ротасына қабылдайды. Бірде жау тылынан «тіл» әкеле жатқанда, ол айғай шығарып, атыс басталып, бір адамынан айырылады. Кінәлі кіші сержант М.Байда болып шықты, немістің аузына шүберек тығынды дұрыстап тықпапты. Командир Марияны 3 күнге гауптвахтаға қамайды, бірақ екі сағат отырған соң қайтадан штабқа шақырылды. Еңгезердей обер-ефрейтор өзін алма-кезек көтеріп келгендердің бірі қыз екеніне сенбей, «көрсетіңдер, әйтпесе атып тастаңдар» депті. Қаршадай қызды көрген ол түңіліп кетіп, керекті мәліметтерді беріпті, құнды «тіл» әкелгені үшін Марияға алғыс жариялады.

1942 жылдың 7 маусымында Севастопольге қарсы шабуыл басталды, Мария және басқа да жауынгерлер өздеріне бекітілген шепте ауыр шайқасқа түседі, патрондар таусылғасын окоптан шығып жаудың өлген солдаттарының автоматтары мен патрондарын жинап еңбектеп келе жатқанда, граната жарылып, есінен танып қалады. Түнде есін жинағанда топырақпен көміліп қалғанын әрі жарақат пен контузия алғанын білді. Жан-жағына қарай бастағанда, анадай жерде қолға түскен өз жауынгерлерін ойпат жерге иіріп қойып, олардың құжаттарын қол фонарь жарығымен оқып тұрған бір топ немісті көрді. Мария көп ойланбастан немістің «Шмайцер» автоматымен бір жерге шоғырланып тұрғанын пайдаланып, оларға оқ жаудырды. Автомат оғы таусылғанда лақтырып тастап, өзінің дискілі «ППШ» автоматының дүмбісімен немістерді оңды-солды ұрып сұлата бастады, тұтқынға түскелі тұрған қаруластары да қолма-қол айқасқа кірісіп кетеді. Бәрі біткесін өз адамдары Марияның бір өзі немістің 1 офицері мен 15 солдатын атып өлтіргенін, ал төртеуін басынан ұрып өлтіргенін санап шықты. Осылайша Қызыл Армияның 1 офицері мен 8 солдатын бір өзі құтқарып, өз ротасына қосылды.

Алған жарақаты мен контузиясынан емделіп госпитальда жатқанда, 1942 жылдың 14 маусымдағы КСРО Жоғары Кеңесі Президумының Жарлығымен өзіне Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін газеттен  оқып білді.

Жау қайтадан Севастопольге ұмтылған 1942 жылдың 20 маусымында Мария госпитальдан қашып шығып өз ротасына қосылды, бірақ көп соғысқан жоқ, 24 маусымда қоршауда қалып жау қолына түсті. Бастапқыда Батыс Украинадағы Ровно қаласындағы концлагерьде болады, қашу үшін астыртын ұйым құрады, алайда сатқындықтан әшкере болып, ұйым басшысы Ксения Каранец атылып, Марияны Австриядағы Зальцбург түбіндегі концлагерьге этаппен жібереді.

Бұл жақта да астыртын ұйым құрады, гестапо біліп қалып неше түрлі азаптау түрлерін қолданса да, ұйым мүшелерін айтпай бар жауапкершілікті өз мойнына алады. 1945 жылы 8 мамырда одақтастар армиясы азат еткенде, төрт ай бойы гестапоның мұздай карцерінде жатқандықтан Мария туберкулезге шалдыққан-ды, емделіп болғасын еліне қайтарылды.

1946 жылдан бастап өзінің туған қаласы Жанқайда асханада даяшы болып істейді. Күйеуге шығып, екі балалы болады. Бірақ, Мария өзінің 1942 жылы Кеңес Одағының батыры атағын алғанын ешкімге айтпады.

Кейін, әсерлеп айтқанда «марапат өз батырын тапқанда», өзі қорғаған Севастополь қаласына шақырылып, АХАТ бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. 1961 жылдан бастап 25 жыл бойы 1986 жылға дейін осы қызметте болғанда, 60 мың адамға «неке туралы куәлігін», 70 мың сәбиге «туу туралы  куәлік» табыс еткенін әрдайым мақтанышпен айтатын. Ал соғыстағы ерлігі туралы ешкімге айтпастан 2002 жылы 30 тамызда 80 жасында қайтыс болды. Мария Байда қайтыс болған соң жерлеу комиссиясы газетке некролог жазар кезде соғыс кезіндегі ерлігін 1942 жылы батыр атағына ұсынылған парағынан оқып білген.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: