Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жер кезегі неге жылжымайды?

29.07.2021, 12:00 349

Даламыз – дарқан, керегеміз – кең, жеріміз, Құдайға шүкір, көп. Біз осылай дандайсимыз, мақтанамыз. Бірақ, осынау кең қазақтың өлкесінен алақандай жерге қолы жетпей жүргендер көп. Мемлекеттен тегін жер телімін алуға құқылы қызылордалықтар біраз уақыттан бері жерге қол жеткізе алмай жүр. Жылдар жылжыды, бірақ жер кезегі емес. Қызылорда қаласы бойынша бас-аяғы 61000 адам жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұр. Екі көзі төрт болып, биліктегілерден белгі күткен адамға бұл – бір адамның ғұмыры. Ал күттіргендерге ше? Олардың бұған айтатын уәжі қандай?

Тірі адамның тіршілігі бітпейді. Отбасылы адам алдымен басына баспана салуды көздейді. Бала-шағасымен тентірегеннен гөрі, бір орында тұрақтап, жеке үйлі болудың жолын іздейді. Мұндайда тағы жер мәселесі көлденең тұра қалады. Мемлекет «жер бермейміз» демейді. Бірақ «кезегіңді қанша жыл болса да күтесің» дейді. Жиырма жылға жуық ғұмырыңды кезек күтуге амалсыз арнайсың. «Жерімді қашан береді?» дегендердің қарап отырсаң, қалада қарасы көп.

Абай Әлімбайұлы,

қала тұрғыны:

– Кезекке тұрғанымызға  16 жыл болды. 2005 жылдың тамыз айында кезекке тізілген едік. Одан бері қанша уақыт өтті. Хабар жоқ. Жылжитын кезек пе, жылжымайтын кезек пе, білмедік. Күткенге аз уақыт  емес.

Нұрлан Жақыпбек,

қала тұрғыны:

– 18 жасқа толғанымда жер кезегіне тұрдым. Қазір 16 жыл өтті.  Әйтеуір  үміт  үзбейміз.

Мың сауалдың жауабын біз де «Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен білмекке бардық. Алған жауабымыз мынау.

– Жер учаскесі жылдарға бөлініп беріледі. Мысалы, 2005 жылы – 11087, 2006 жылы  11515 адам кезекте тұр. Дәл сол сияқты ары қарай да кезектілікте тұрғандар бар. Жер учаскесін беру үшін бөлім тарапынан тиісті инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуі керек. Ол жерде су, жарық, жол болмаса, жер берілмейді. Инженерлік инфрақұрылымды мемлекеттік, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе, тиісті мекеме жүргізеді. Оны біз жүргізбейміз. Оны Қызылорда  қалалық  сәулет  және қала  құрылысы  бөлімі  жүргізеді, – деді Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғанибек Омаров.

Оның айтуынша, 2016-2021 жылдар аралығында  2005 жылы кезекте тұрғандарға жер 3 жылға берілді. Қазір 11087 адамның 3000-ы әлі жер телімін алмаған. Өйткені, жер телімдері тек инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген аумақтардан ғана берілуде. «Бәйтерек» мөлтек ауданында 980 гектар аумақты құрайтын жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленген. Осылайша «Бәйтеректен» 5112 жер телімі табысталыпты. Одан бөлек, қалған тұрғындар «Саяхат», «Әл-Фараби», «Қорқыт» секілді мөлтек аудандардан бұрын табысталмаған, инженерлік инфрақұрылым жүргізілген аумақтардан жер алды. Енді 2005 жылы өтініш жазғандардан әлі 3000-ға жуық тұрғын жер теліміне қол жеткізе алмай отыр.

– Қайсыбір жылдары жер телімін алып, оны басқа адамға сатып, бизнеске айналдырып алғандар көбейіп кетті. Біз осындайларға тыйым салу мақсатында жер телімін 3 жыл мерзімге жалға беруді қолға алдық. Яғни жер алған азамат осы мерзім ішінде тұрғын үй құрылысын бастамаса, мемлекетке қайтарып аламыз. Енді адам болған соң әртүрлі жағдай да болады. Кейбіреу үйді көтереді, бірақ  төбесі жабылмай қалады. Кейбіреу іргетасын қалайды, бірақ ары қарай көтеруге шамасы жетпей қалады. Осы секілді түрлі жағдайлармен хабарласқан тұрғындарға жеңілдік жасап, бір жылға созып береміз. Ал егер 3 жыл бойы инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан үй салуды бастамағандардың жер телімін қайтарып алып отырмыз, – деді Ғанибек Омаров.

Қазірдің өзінде игерілмеген 1000-ға жуық жер телімі тұр. Енді соларды қайтарып, кезекті алға жылжытуы мүмкін. Биыл бұйыртса, 2005 жылы жер кезегіне тіркелгендердің өтініштері толықтай қанағаттандырылмақ.

ТҮЙІН. «Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяғыңда етігің тар болса». Дарқан далалы қазаққа алақандай аумақ тауып, берекелі баспанасын көтерудің өзі – мұң. Тірі адам болған соң, тыпырлап тіршілігін жалғастырады. Пәлен жылғы кезекті күтіп, азғантай ғұмырдың жартысын жоғалтуға тағы болмайды. Амалсыз, табан ақы, маңдай терімен жердің өзін ақыға сатып алуға мәжбүр. Инфрақұрылым жұмыстары аяқталмайынша жер телімі берілмейді. Әншейінде экономикалық ахуалымыз алға шықты, салық түсімі пәлен пайыз көрсеткішпен рекордта тұр деп сатырлаған статистика бергенде алдымызға жан салмаймыз. Алайда бос жатқан жердің жарығы мен суын жүргізіп, азғантай қазаққа тегін жер беруге келгенде барлығын бюджетке тіреп қояды. Ата-анасы ақжағалыларға ашынып, билікке өкпе артып отырғанда, елім мен жерім дейтін баланы болашақтан күту бекершілік пе деймін.

Ә.НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: