Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет-шілдіктің теориясын Мөде қаған жасаған!

06.05.2021, 11:30 2136

ЖЕР – МЕМЛЕКЕТТІҢ  НЕГІЗІ  немесе ҚУАТТЫ  ҒҰН  ИМПЕРИЯСЫ

Алдымен бір тарихты ескертіп өтейін!

Біздің ата-бабамыз Мөде қаған біздің дәуі­рімізге дейінгі 209 жылы жан-жағынан қысымға түсіп әлсіреген Ғұн мемлекетінің тағына отырды.

Бұл уақыт Ғұндардың аса қуатты болған кезі ескіріп, тек естелікке айналған еді. Мөденің таққа отырғанын естіген Шығыс Хулар (бүгінгі қытайлардың бабалары) саяси қысым жасай бастады. Ол туралы ежелгі Хан (қытай) тарихшысы Сыма Цянның «Ши Цзи» (Тарихи жазбалар) атты кітабында былай деп жазады:

«Мөде таққа отырған уақыт шығыстағы хулар аса қуатты ел ретінде таныла бастаған кезге дөп келді. Олар Мөде өз әкесін өлтіріп, билік басына келгенін ести сала, Мөдеге елші жіберіп, Түмен шаньюйден (Түмен шаньюй – Мөденің әкесі) қалған  күніне мың шақырымға талмай шабатын атақты тұлпарын беруді сұрайды. Мөде уәзірлерімен ақылдасқанда, олар:  «Мың шақырымға шабатын бұл тұлпар – Ғұн мемлекетінің аса қымбат байлығы, беруге болмайды», – дейді.

Мөде: «Бір ғана жылқыға сараңдық жасап, көршімен тату отыра алмайтын шығармыз?»,-деп шығыс Ху еліне күніне мың шақырымға шабатын жүйрік тұлпарын беріп жіберді.

Біраз уақыттан кейін Шығыстағы Хулар Мөде бізден қорқады екен деп ойлады. Сон­дық­тан олар елші жіберіп, Мөде шаньюйге өзінің ең сұлу бір яньчжиін (әйелін) беруді сұрайды. Мөде шаньюй тағы да уәзірлерімен ақылдасқан кезде, олар: «Шығыс Хулар әдептілікті білмейді екен, сондықтан олар яньчжиді алғысы келеді. Оларға соғыс ашуымыз керек», – деп ашуланыпты. Бірақ Мөде қаған: «Бір әйелге сараңдық жасап, көршімен тату отыра алмайтын шығармыз»,-деп өзінің ең сүйікті яньчжиін оларға беріп жіберіпті.

Шығыс Ху мырзалары одан сайын еліріп, батыстағы жерлерді жаулап ала бастайды. Олар­дың арасында адам мекендемейтін көп жерлер болды және олар оның екі жағында оуто (шекара қабырғасының атауы) ретінде өмір сүрді.

Шығыс Ху елшісі келіп: «Сендер мен біздің арамызда шекарамыз оутоның ар жағында иесіз жер бар. Сендер оған жете алмайсыңдар, сол жерлерді біз алайық» дегенде, Мөде өз уәзірлерінен не істеу керектігін сұрағанда, олар: «Ол – иесіз жерлер, беруге де болады, бермеуге де болады», – депті. Мөде қатты ашуланып: «Жер –  мемлекеттің негізі, оны қалай беруге болады?», – деп жерді бер деген уәзірдің басын шабуды бұйырып, шығысқа қарай аттанып, шығыс хуларға кенеттен шабуыл жасады.

Шығыстағы Хулар Мөдені алымсынбай, соғысқа ешбір дайындықсыз отырған еді. Мөденің әскері шабуылдап, қатты соққы берді, шығыстағы Ху әулетінің патшасын өлтіріп, олардың халқы мен мал-дүниесін олжалады.

АҚҚОРҒАННЫҢ  ОҢТҮСТІГІ – ШАПАН мен  ТЫМАҚТЫЛАРДІКІ,  СОЛТҮСТІГІ – САДАҚШЫЛАРДІКІ…

Мөде шығыста Хуларды жеңіп, бағындырған кезде, юечжилер Ғұндардың батысындағы Үйсіндерге басып кіргендіктен, ол елдің патша­сы Ғұн еліне қашып келеді. Юечжилер оларды қуып келіп, Ғұн елінің жерінде үйсіндермен соғыса  бастады.

Мұны естіген Мөде дереу батысқа қарай жорық бастап, юечжилерді талқандап, оларды Ғұн жерінен қуып шығарып, ары қарай шабуылдап, юечжилерге айырылып қалған Ғұн елінің Алтай тауларына дейінгі жерін қайтарып алып, оған қоса юечжилердің де кейбір жерлерін басып алды.

Мөде осылай күшейіп, бұрын Цинь пат­шалығына айырылып қалған Ғұнға қарасты Ордос  жерін  де  қайтарып  алды.

Мөде одан ары 40 мың атты әскермен барып біздің дәуірге дейінгі 200 жылы Ғұндарға басып кірген Хан әулетінің патшасы Гаодиді 320 мың әскерімен қоса  Бәйден бекінісінде бір апта бойы қоршауға алғанда Хан әулетінің патшасы жеңілгенін мойындап, Ғұн мемлекетімен өзара тыныштықта болуға шарт жасады.

Бұл келісімшарт бойынша Хан елі Ғұн мемлекетін өзімен тең деп танып, мемлекетінің шекарасын  Аққорғанмен  бекітті.

Бұл туралы жоғарыдағы Сыма Цянь «Мөдеден бастап ғұндар ең күшті, үлкен  болып өсті, солтүстіктегі барлық елді түгелдей басқарды, оңтүстігінде Хан елімен теңесті»,- деп жазды. Ол «Ши Цзи» (Тарихи жазбаларында)  былай  деп  жазды: «Лю Бан хуандидің бұйрығы бойынша аққорғанның солтүстігіндегі садақ­шылар елі шаньюй бұйрығына бағынады, ал аққорғанның оңтүстік жағындағы шапан, белбеу, тымақ киетін елдер маған бағынады… Хан мен Ғұндар иық тірескен, қуатты көршілер болады», – деп патша әулетінің ханшайымын Мөде шаньюйге патшайым етіп берді және  оған жыл  сайын жібек, жібек бұйымдар, шарап, астық  және азық-түлік беріп тұратынын мәлімдепті.

Бұл келісім тарихта «бейбітшілік келісімі» деп  аталды.

КИІЗ ТУЫРЛЫҚТЫ САДАҚШЫЛАРДЫ БІРІКТІРГЕН ҒҰН ИМПЕРИЯСЫ

Бұдан Ғұндар мен Ханьдар арасындағы шекараны аққорған арқылы құрғаны айқын көрінеді. Хань әулеті ғұндарға тәуелді болған­нан кейін Мөде батысқа назар аударды. Себебі юечжилер ғұндардан жеңіліс тапқаннан кейін кек алу үшін келесі соғысқа дайындалып жатқан еді.

Сондықтан Мөде юечжилермен болатын соғысқа дайындалып, жағдайды бақылау үшін тыңшылар жіберіп, юечжилердің ғұндармен одақтасу туралы  әрекеттеріне тосқауыл қойды.

Бұл кезде Хан династиясында Хань Син бастаған көтеріліс басталды. Мөде  Хань Синді қолдап, оның тәуелсіздігін мойындауды  Хан патшасына мәжбүр етті. Осы кезде юечжилер ғұндарға қарсы соғыс бастағандықтан,  Мөде батыстағы  юечжилерге қарсы соғысқа аттанады.

Хан династиясының ішкі көтерілісі күшейіп, өздері құрып кетудің аз-ақ алдында тұрғандықтан олар ғұндарға қарсы соғыса алмайтын еді. Біздің дәуірімізге дейінгі 178 жылы Лю Бан қайтыс болып, оның жесірі Лю  Хоу  таққа  отырды.

Патшайым Лю Хоу ғұндардың батысқа назар аударғанын пайдаланып, Хань Синді астанаға келіссөздер жүргізуге алдап шақырып алып, өлтіреді. Ғүндардың  батыс бөлігінің уаңы Сян дәл осы кезде Хан әулетінің жеріне басып кіріп, шекара провинциясын тонап қайтыпты.

Мұны естіген Мөде уаң Сянды батыстағы юечжилерге қарсы соғысқа жіберіп  жазалайды да бірден Хан әулетіне елші жіберіп, батыс Ғұнның уаңы Сянды соғысқа  жіберіп жазалағанын айтып, екі ел арасындағы достық келісімін қалпында қалдыруды өтінеді. Хан әулетінің патшайымы Лю Хоу ғұндарға қарсы соғысқа шығуды көздегенімен, қуатты Ғұн әскерлерінен қорқып, Мөденің өтінішін қабылдайды.

Ғұндардың юечжилерімен соғысы жеңіспен аяқталып, юечжилерді Тәңір тауынан асырып қуып, Канджу  және Ферғана маңындағы 96 қала мен елді мекенді басып алып, олардан салық жинап алып тұратын болды. Осы жорық туралы «Ши Джи» – да: «Ғұндар батыстағы Кангха (Канджу) және Ферғана (Давань) елдерінен салық алып, оңтүстіктегі цяньдармен байланыс жасады… Батыс елдері түгелімен әлсіреп, Ғұндардың қол астына қарады. Ғұндар аса көп елді жаулап алып, күшейе түсті» – деп жазады.

Біздің дәуірімізге дейінгі 174 жылы Мөде қаған Хан империясына жазған хатында: «Батыс уаңы Сян жазаланып, юечжилерге қарсы соғысқа жіберілді. Тәңірдің қалауымен сарбаздар мен сардарларымның дені сау, ат-көліктеріміз семіз болғандықтан маған юечжилердің барлық иеліктері бағындырылды. Мен Лоуфань, Үйсін, Хүзелерді және олардың 26 иелігін иеленіп алдым, барлығын Ғұн еліне  бағынатын еттім. Осылайша садақ тартушы барлық халықтар бір отбасы болды»,- деп жазды.

Кейінірек Ұлы Шыңғысхан осы киіз туырлықты садақшыларды бір отбасына тағы бір рет жинаған еді.

Бүгінде Мөде қағанның «жер – мемле­кеттің негізі» деген сөзі әлем мемлекеттерінің негізгі  теориясына  айналды.

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: