Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінгі бүкпесіз жаңалықтар

01.04.2021, 11:30 701

БҮГІН  ҚР Президенті Сырдарияны суға қарық қылып, Арал теңізін толтыру үшін көршілес мемлекет басшыларымен кездесті. Кездесу барысында олар мақта, бау-бақша өнімдерін екпейтінін айтып, ант-су ішісті. Енді Арал теңізі қайта қалпына келіп, кеме арқылы алыс-жақын мемлекеттермен сауда-саттық жанданатын болды. Осыған байланысты облыс орталығын Аралға көшіру жөнінде айтылған пікірді елағасы қос қолын көтеріп қолдады.

***

БҮГІН облыстық әкімшіліктің алдында әйелдердің көп шулап, айғай шығаруына байланысты жаңа басқарма құрылды. Гүлекең мен оның оң қолы Сәкеңнің ақылдасқан шешіміне сай енді «Төмен етектілерді тізгіндеу басқармасы» жасақталып, оған қаладан қашып кеткен бөлім бастығы, әйелдердің жанашыры, мамасы, иә, сол кісі тағайындалды.

Сол кісі жұлдыздық белгісі де, өзі  де  бикеш, шулайтын әйелдер тобының адми­ні, соцамбасадор. Бұған дейін көп жайды ойлап, басын идеяға толтырған жан, қар қызының ролін жақсы сомдағаны үшін марапатталғ­ан.

***

БҮГІН облыс әкімінің аймақ тұрғындарына жаны ашып, базарларда азық-түлік бағасын күрт төмендету туралы шешімі жарқ етіп шықты. Енді жылқы етін 1000 теңгеге, сиыр етін 800 теңгеге, күрішті – 100, картопты – 80, сәбізді 90 теңгеге алатын боласыз. Бұл шешімге саудагерлер бөріктерін аспанға атып қуанып, жүрегі нәзіктері тегін беруге де даяр екендіктерін білдірді. Әрине, әкімнің көзінше.

***

БҮГІН жұмсақ креслода ұза-а-ақ отырып қалуына байланысты анау әкім орнын босатып, қысқаруға ұшырап кеткендер мен қысылып жүргендер үшін енді ашылып, бюджеті бекітіліп, қаңқасы енді құрастырылатын комитетке төраға болып тағайындалды.

Анау әкім ұлу жылы дүниеге келіп, бірталай орындықта қалқайып жүрген көкесінің арқасында шалқайып отырған. Туған жерін, туған ауылын, туған бауырларын және блогерлерді жақсы көреді. Жол салудың хас шебері.

***

БҮГІН облыстың бас санитарының кезекті бұйрығы шықты. Бұйрыққа сәйкес біздің облыс аппақ аймаққа өтіп, барлық шектеулер алынып тасталынатын болды. Мейрамханалар, сауналар, мемлекеттік мекемелер таңға дейін жұмыс істеп, еркіндікке қол жеткізбек. Ура!

ЕСКЕРТУ: Бүгін – шынымен ерекше күн! Оқып болсаңыз, бүгін    1  сәуір  екенін  ұмытып  кетпеңіз!

Шимайлаған  К.МАСИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: