Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақта көрісу ғұрпы болған, көрісу күні болмаған

11.03.2021, 11:30 888

Бұл тақырыпты бұрын талай қаузадық. Мақаланы былай қойғанда, видеодәріс те жазып іліп қойдық. Алайда  оған ден қоймағаны былай тұрсын, «көрісу күнімен» ауырған ағайын­дар мере­ке мен оның ғұрпын, ритуалын, жоралғысын ажырата алмай, көзін ақшитып, тісін ақситып, «ата-әжем былай деді, біздің ауыл өйтті-бүйтті», «біздің өңірде ғана сақталған дәстүр…» деп берісі бүкіл түркі жұртына тиесілі құндылықты ауылдық, өңірлік аяда қарап, «жекешелендіргісі» келгені «шаптан түртті».

Жанға батқаны – 30 жылдың ожақ-бұжағында туып-өскен бала-шағаның, қыз-қырқынның пікір жазғансып, ар-абыройыңа тиісетіні емес, олардың құндылық уызына жарымағанына өзіміз кінәліміз; жанға бататыны – алпысты алқымдап, соңына 40-50 адамға лайк бастыратын «блогер-ағалардың»  бір тақырыптың соңына түсіп бір мүшел уақыт жұмсап, талай сұраққа жауап іздеушіге «кейбіреу» деп кекете салатыны да емес; жанға бататыны – ұлттың құндылығын түгендеген болып, халықты тәрбиелегенсіп, ақырып-жекіріп ақыл айтқансып, мәдениет сала­сындағы басылымды басқар­ғансып жүретін «кәрипей» бауырларымыздың ақты ақ, қараны қара деуге шамасының жетпейт­іні, талғам мен татымның жоғалғаны, деңгейдің  түскендігі.  «Ет бұзылса – тұз себеді, тұз  бұзылса – не себе­ді?..».

Әлемді тітірентіп қана емес, ат мініп, жер бетін жөнге салған, ғаламға көз тігіп, жұл­дыз­дардың қозғалысын жіті бақылап, оны қадірлі құндылық пен тағылымды тәлімге айнал­дырған ұлақан ата-бабаның бүгінгі ұрпа­ғы шынында да  құрт-құмырсқаға  айналғаны  жанға батып қана емес, жанды шырқыратады. Бұған қыруар миллиардттар бөлінген бұқаралық насихат  құралдарының текке ішіп-жеп жатқанын қосыңыз. Әйтпесе, көрінген адам тақырыпты талғажау етіп, тайраңдай алмас еді. Сол себептен де компьютердің теруішін тергі­леуге амалсыз  тағы  отырдық.

Жә, тақырыпқа  оралайық.  Сонымен  «Көрісу  күні»  бар  ма,  жоқ  па?  ЖОҚ!!!

Өйткені ол – мереке емес. Ол – мерекенің ғұрпы. Сыңсу күні, бесікке салу күні, тұсау кесу күні, бет ашу күні деген күндер жоқ болса, көрісу күні де жоқ. Бұлардың бәрі де этнографиялық құндылықтарды дәріптейтін ғұрыптар, жоралғылар. Бұлармен күнге атау берілмейді, бұлар күнге, мерекеге байланады. Яғни көрісу, жолығу, қауышу ғұрпы Наурыз мейрамына тән, мүшелдік жыл басын дәріптейтін ғұрып, өз алдына енші алған күн емес.

Біріншіден, ешбір ата-әже 14 наурызды «көрісу күні» деп атаған емес. Олардың айтқаны шамамен «Жыл келді. Көрісу – осы күннің жоралғысы. Балам, жүр көрісейік» – деді, және солай істелді.

Екіншіден, Көрісу ғұрпы тек қана 14 наурызбен  шектелмейді, ол бір айға созылуы мүмкін. Өйткені, наурыздама айға созылған. Демек, бұл ғұрыпқа бір күнді байлап, этноқұндылықтың  қадірін  кетіруге әсте  болмайды.  Керісінше,  бұның  әлемдік деңгейдегі  қадірі  мен  құнының     жоғарылығы – қазақта мүшелдік жаңа жылдың болғаны және оның 14 наурызда (Юлиан күнтізбесі бойынша 1 наурыз)  екендігі! Адамның туған күнін кіндік кескен күн атамайтыны секілді, Көрісу ғұрпы – екінші пландағы құндылық! Біз әлемге Дала өркениетін көп ғұрыптың бірімен емес, Уақыт пен Кеңістіктің межесін белгілеген және оның ғарыштық шынайы, ғылыми негізі болғандығымен паш ете аламыз және адамзат дәстүрінде де солай.

Үшіншіден, Қазақ халқы көрісу ғұрпын тек қана Наурыз мейрамына, болмаса соның қарсаңына ғана теліген емес. Бұған айдай айғақ, 1736 жылдың маусым-шілде аралығында Арал теңізі, Жайық өзені төңірегін зерттеп, Әбілқайыр ханның ордасында болып, бірнеше сурет жыйдасын салып, тарихымызға елеулі үлес қалдырған Дж. Кестелдің екі ер адамның көрісу ғұрпын бейнелейтін суреті. Бұл сурет салынған уақыт – наурыз айы емес, маусым-шілде айлары. Менің шамалауымша, бұл маусым айының ең ұзақ күні 21-22-ші күндері болар. Бұл күн бүгінде қазақта ұмытылған, жалпытүркілік «Сабатой» аталған жазғы мереке қарсаңы болар. (Бұны татар ағайын шатасып, «сабантой» атап жүр, сабантой – күзде болған). Соның жоралғысына суретші сәйкес келген болуы ықтимал. Бұл да айтулы мереке, оны бүгінде саха-якуттар өздерінің жаңа жылы ретінде атап өтеді. Бұл мереке сілемімен совет өкіметі тұсында да қойшылар слеті атап өтілді, бірақ ол шаруашылық мейрам түрінде «шопантой» аталды. Демек, Көрісу атауымен мереке де, күн де аталған емес.

 Төртіншіден, Көрісу ғұрпы наурыз айындағы жұлдыздардың шеруіне, қозғалысына қатысты 5000 жыл шамасында шыққандығын тасқа таңба болып түскен керемет әлемдік ескерткіш (бұны бірақ қазақ әлі бағалап үлгерген жоқ) Таңбалыдағы Тәңір-Іңір петроглифі. Бұл турасында сүйінші сұрап жария етілді. Бір «блогер-ғалым» біздің бұл басты тұлғаларды Тәңір-Іңір атағанымызға тиісіп, «олардың атын қайдан таптың» дегендей күншілдік ауылына ат басын тірейді. Шындығында мен үшін бұлардың қалай аталатыны маңызды емес. Олардың тасқа қашалғаны маңызды, ал атау екінші қатардағы нәрсе. Бірақ бұлардың «қарсылас полюстердің» өкілдері екендігі айқын, біреуі күнбасты, енді біреуі түнбасты. Ал қазақ күн батар шақтан былайғы уақытты «іңір» дейді, бұған ешкімнің дауы болмас. Ендеше оған антипод – тек қана тәңір! Егер де бұдан да қисынды интерпретация болса – мархабат! Ғылымда күншілдік пен жазықсыз жазғыру жүрмейді, тек қана «терістеуді терістеу» әдісі ғана қате қағиданы жазалайды, түзейді. Қалғаны – қарабайыр пендешілік қана.

 Қысқасы, осы Тәңір мен Іңір көрісіп тұр. Ендеше 5000 жыл бұрын бүгінгі ұрпақ түгілі, қазақ та, түркі де, ғұн мен сақ та жоқ дәуірдегі көрісу ғұрпы/ритуалы болғандығы. Ал ондай айтулы құндылық ешбір ауылға да, өңірге де, тайпа мен руға да тиесілі емес, ондай тар ауқымға сыймайды! Тіпті дәуірге де тарлық етеді. Оған шала бүлініп, ауыл жақтың намысын жыртып керек емес, жалпы қазақы құндылықтың, ұлы ареалымыз – Даланың жыртысын жыртуға жарысқанымыз абзал.

Бесіншіден, Көрісу тек қана батыс өңіріне тән деген біржақты ұғымға келсек, мынадай мәселе бар. Бүгінгі қазақ – сарттанған, отырықтанған санамен күнелтіп жатқан халық. Шындыққа тура қарайық. Бұл «сарттанған сананың» негізін халықтың 60 пайызға жуығын ашаршылықпен қыру арқылы совет өкіметі қалады. Егер де халықтың сонша бөлігі жойылса, онда рухани құндылықтың қанша пайызы аман қалды деген сауалды қоятын уақыт жетті!

Яғни бүгінгі ұрпақтың мәңгіргендігіне қандай күмән бар? Сол себептен де рухани құндылық өз қалпында қабылдана алмай жатыр. Тіпті, біздің әңгіме етіп отырған Наурыз мейрамының бірнеше мыңжылдыққа тартатын тарих екенін ескерсек, Ислам идеологиясының өзі қаншама дүниені «жаңғыртты» екен деген сауалға да бет бұратын уақыт болды ғой. Осындай сан қатпарлы идеологиялық рухани үдеріс әрине бүгінгі түсінігі тарылған, ұғымы қарабайырланған және көп нәрсені ұмытқан халықты қалыптастырды. Ол үшін бұл халықты жазғыру – әбестік әрине.

Айтқымыз келгені – көрісу ғұрпының елдің батыс өңіріне ғана тән еместігі. Оның бүкіл қазаққа тән болғандығы. Оны шығыста туған ұлы Абайдың «Жазғытұры» өлеңіндегі мына жолдар айғақтайды:

… Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, КӨРІСІП, құшақтасып…

Демек, Абай заманында шығыс өлкеде де көктемде, наурызда көріскен. Ол ғұрып кешегі ақтар мен қызылдардың кезектесіп қуғындаған, бәлкім басқа да факторлар жеткілікті кезде «бала түгілі бас қайғы» болғандықтан ұмытылған.

Енді бір білгіштер біздің ауылда тек қана туысқан қаза тапқанда көрісіп жылаймыз дейді. Рас, көрісудің екі түрі бар, біреу туысы қаза тапқанда «ойбауырымдап» көрісіп жылайды. Екіншісі уақыт пен жыл жаңарғанда, (тіпті Күн мен Түннің арбасуында, күннің жазғы ұзарысында да) қуанысып көріседі. Бұның екеуі де бір өңірге емес, барлық қазаққа тән.

Тіпті көрісу қалмақтарға да тән ғұрып, олар оны жолох, жолых деп атайды, жолығу дегендері. Жалпы, көрісу ұғымы кездесу, жолығу әрекетін білдіреді. Бұл ғұрыптың бар екеніне ешкімнің дауы да жоқ. Біздің «көрісу күні жоқ» дегенімізді «көрісу жоқ» деп айттың деп жазғырып, сонау Маңғыстаудан сәлем жолдаған блогер-қойшыға да айтарымыз осы. Бірақ ол кісі өзінің қойға қатысты «отар» ұғымын «атар» атап отырғанымен ісі жоқ. Ойды қойшы баққан заман болғасын таңғалу да болмасын.

Алтыншыдан, әріні айтпай-ақ, осы 30 жылдағы жоғалтқанымызды айтып көрелік. «Амал күні», «көрісу күні» деген трендтер қайдан шықты? Әрісін емес берісін ескергеннің өзінде, жалпы түркілердің өз ерекшелігін, бірегейлігін бұзу үшін, әрі олардың рухани тұтастығы мен болмысын жою үшін совет билігі қабылдаған 1926 жылы қабылдаған шешімі Наурыз мейрамын ресми түрде мерекелеуді де тыйды. Бірақ халық оған тыйылған жоқ, әсіресе батыс өлкеде бұл мереке жыл сайын атап өтілді. Алайда оның атауы аталмастан «Қамал/Амал» делініп келді. «Қамал/Амал келді – жыл келді» деген тіркеспен жаңа жыл екені аталды. Мұндағы Қамал (дұрысы осы, Амал емес) – 90 күн қыс шығып көктем келердегі Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы жұлдыз. Парсылар оны «гамал», «хамал», араптар «хамале» атаған. Ал бұл сөздің арғы жағында сығалап прототүркілік «Қа мал» тіркесі тұр…

Ал енді қазақтың жаңа жылы батыстың кейбір өңірінде қашан «көрісу күні» аталып кетті? Ол Колбиннің 1988 жылы ресми түрде 21-22 наурызды Наурыз мейрамы еткеннен кейін болды. Өйткені, халықтың дәстүрлі жаңа жылы 14 наурызда қалып қойды да, тек қана күн мен түннің теңелуі ресмиленді. Ол кезде бізге сол да ұлы жеңіс еді… Осыдан келіп, батыс өңірі амалсыз «Амал күні», «Көрісу күні» деп атауға мәжбүр болды. Сөйтті де оны өз аймағының идентификациялық нышаны етіп алды… Арнайы дәстүрін жасауды жалғастырып, атау беруге мәжбүр болды. Кейін бұл аймақтық мақтанышқа айналды. Бұл – өңірдегі жұрттың өзімшілдігі емес, олар өз құндылығын көздің қарашығындай сақтап келді емес пе, кінә – мемлекеттік шешімнің бұрыстығы мен мәселенің зерделенбеуінен еді.

Жетіншіден, түптің түбінде бірнеше мыңжылдық тарихы бар бұл ғұрып аспан қозғалыстарынан алынған болып тұр. Көрісу ғұрпы ежелгі астрономиялық құбылыстың, бәлкім бізге дейінгі адамзат өркениетінің қалдығы болуы да мүмкін. Көптеген ғылыми ашылымдар ежелгі гректерге әділетсіз телініп кеткен.

Сонымен 14 наурызға қарай «Самарқанның көк тасы ериді». Неге? Өйткені 90 күн қыс шығады. Бұған итермелейтін аспандағы қозғалыс: осы кезде Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Қамал жарық жұлдызына қарай тақаған Күн Жерден қарағанда екеуі беттесіп кеткендей болып көрінетін болған. Бұны былай қарағанда, аспандағы екеудің жолығуы немесе көрісуі деуге әбден болады. Міне, осы аспан «жоралғысын» біздің ата-бабамыз өздерінің ғұрпы етіп, қайталаған. Яғни аспаннан ғана жаратушы іздеген арғы бабамыз ғұрыпты да жұғысты еткен деуге негіз бар. Осыдан келіп, Аңырақай жотасындағы Таңбалыда қашалған петроглиф Наурыз мейрамының төлқұжаты түрінде 5000 жыл бұрын тас хатқа түскен.

Бұл тас куәлік – біздің өркениетіміздің техникалық төлқұжаты! Оны өзгеге тану үшін әуелі өзіміз танып, мойындай білуіміз керек. Ал ол үшін қойшымыз қойын, ойшымыз ойын бағатындай, ал халқымыз өз құндылығын тұшынатындай жағдай керек.

Бүгінде қазақ қоғамы өз мемлекетінің қатесін түзей алмай шытырман сөзуарлыққа малтығуда. Ал ғылыми нәтиже мен жаңалықтарды қабылдауға қажетті сананың сансырауы мен тиісті органдардың өз міндетін атқара алмауынан туындаған былық мәселені одан әрі қоздатуда. Қысқасы, ұлттық құндылықты блогерлік аядан ғылыми ауқым мен деңгейге көтеру керек.

Серік  ЕРҒАЛИ,

мәдениеттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: