Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асан қайғы: Аңыз бен ақиқат

11.03.2021, 10:00 2783

1984 жылы жарық көрген үш томдық «Бес ғасыр жырлайды» атты қазақ ақын-жырауларының шығармалары оқырмандардың қолына тиген болатын. Кітаптың аты айтып тұрғандай, «Бес ғасыр жырлайды», яғни XV ғасырдан бастап қазақпен бірге жасап келе жатқан жыраулар поэзиясының көшбасшысы Асан Қайғыдан бастайды. Осы кітаптың алғы сөзін («Бес ғасыр белестері») жазған жазушы Мұхтар Мағауин болатын.

Кейін соңғы табылған жыраулардың жырларын қосып, «Жеті ғасыр жырлайды» деп XII ғасырға дейін созды. Жыр, поэзия сүйер қауымның қолынан түспейтін кітабына айналды.

Ия, сол кітапта Асан Қайғының қысқа да болса өмірдерегін жазған, мен де өзгертпей кітапта қалай жазылса, солай беріп отыр­мын.

«Асан Қайғы атанып кеткен Хасан Сәбитұлы 1361-1370 жылдар аралығында Еділ бойында туса керек. Тарихи аңыздар Асанның әкесі саятшы екен дейді. Революциядан бұрын жасаған қазақ тарихшыларының еңбектеріне қарағанда, Асан Алтын Орда ханы Ұлығ-Мұхаммедтің* ықпалды билерінің бірі болды. XV ғасырдың 20-жылдарында Ұлығ-Мұхаммед Ордадан қуылғанда Асан өз әміршісімен бірге кетеді. Көп ұзамай Қазанда билік құрған Ұлығ-Мұхамм­едтің ақылгөйлері қатарында болған ақын, хан өлген соң Дәшті-Қыпшаққа қайтып оралады. 1450 жылдарда Әбілқайыр ұлысындағы тартыс кезінде Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. 1456 жылы Шу алқабында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады. Сірә, Асан қазақтардың бұрынғы Көк Орда (авт. – Ақ Орда) жеріндегі үкімі артып, қазіргі Қазақстанның орталық және солтүстік-батыс алқабын қайтадан иеленген уақыты – 1465 жылы әлі тірі болса керек. Аңыздың айтуын­ша, ақын Сарыарқада – Ұлытауда дүние салыпты», – деп Асан Қайғының өмірдерегін кітапты шығарушылар көрсетеді («Бес ғасыр жырлайды». Алматы, 1984, 24-б).

Санкт-Петербург зерттеушісі Р.Ю.Почекаев «Цари ординские» атты Алтын Орда хандарының өмірдерегінде осы Ұлығ-Мұхаммедтің шыққан тегін, өмірбаянын XVII ғ. басында өмір сүрген Қадыр­ғали Жалайырдың «Шежірелер жинағынан» деректер келтіреді. Ол: «…содержится степное преданние о том, что Идигу (авт. – Едіге), тяжело раненный в битве со сторонниками хана Кадыр-Берди б. Токтамыша, сумел скрыться от своих врагов, однако один оглан из потомков Джучи, находившихся при нем, предал его сторонникам хана, и они нашли и прикончили старого бекляртбека. Этим огланом был Ичкили-Хасана из крымской ветви потомков Туга-Тимура. …Сам Ичкили-Хасан-оглан больше в истории не упоминается: возможно, вскоре после его предательства сыновья Идигу сумели расправиться с ним, отомстив за смерт отца. Но вскоре ханом был провозглашен сын Ичкили-Хасана – Мухаммед-оглан, впоследствии известный как Улуг-Мухаммад-хан», – деп Ұлығ-Мұхаммедтің шыққан тегін жазады (Санкт-Петербург, 2012, стр. 228-230).

Р.В.Почекаев: «В течение 1433-1436 гг. в Золотой Орде, таким образом, сохранялся определенный паритет три хана – Улуг-Мухаммад, Кичи-Мухаммед и Сайид-Ахмад – не решались нападать один на другого, опасаясь, что третий в это время ударит с тыла. …что в 1434 г. Великий князь московский, не желая попадать впросак, решил выплатить ордынский «выход» всем трех ханам!», – деп Алтын Орданың құлау кезінде жеке үш ханның басқарғанын көрсетеді (Санкт-Петербург, 2012, стр. 235).

Әнес Сарай «Ноғайлы» атты зерттеуінде: «Асан Қайғының туған, өлген жылдары туралы нақты дерек жоқ. Тек жүзге жетеғабыл ұзақ жасағаны күмәнсіз. Тарихи оқиғалар аясында топшылағанда, яки Жәнібек хан 1470-1474 жылдары Еділ-Жайыққа ауғанда, оған кеңесші болуы, ұлы Абаттың Ноғайлыдағы тарихи уақиғаларға араласуы туралы басы ашық деректер негізінде Асан қайғы XV ғасырды (1400-1500) бастан-аяқ жасаған сөз зергері екенін анық аңдатады.

…Тарихи ізденістерде Асан Қайғының жамбасы жерге тиген жер деп Жиделібайсынды, Жемді, Қырғыздағы Жырғалаң өзенін, Қызылордадағы Оқша-Ата қорымын атайды. Алайда Ұлытаудағы Асан-Ата – Асан Қайғы осы болса керек. Өйткені, Ұлытау сол кездегі Ноғайлының шығыстағы иеліктерінің бірі еді», – деп топшылайды (Алматы, 2009, 110-б).

«Асан Қайғы – XV ғасырда өмір сүрген атақты қазақ ақыны, фило­соф. Ол алғашқыда Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында, кейін Қазан қаласындағы Ұлығ Мұхаммед ханның қасында беделді де ықпалды билерінің бірі болған. 1445 жылы Ұлығ Мұхаммед хан (Ормамбет хан) өліп, Алтын Орда ыдыраған кезде қазақ даласына қайта оралып, Қазақ хандығын құрған Жәнібек ханның (1456-1473) жырауы және ақылшысы болған. …Асан Қайғы жайын көп зерттеген Шоқан Уәлиханов оны «көшпелі ноғай, қазақ ұлысының философы» деп атайды. Асан Қайғы өз заманында көптеген нақыл сөздер, афористік философиялық толғаулар шығарған», – дейді (Қазақтың көне тарихы. Алматы, 1993, 345-б).

Кәсіби тарихшылардың жазуы бойынша, Асан Қайғының өмірдерегінде, тарихта белгілі Ұлы Орданың (Алтын Орданың) ханы, кейін Қазан ханы Ұлығ-Мұхаммед, Астрахан ханы Кіші-Мұхаммед, Өзбек-Қазақ  ұлысының  ханы Әбілқайыр, Қазақ  хандары  Керей мен Жәнібек сынды тарихи тұлғалардың кезінде өмір сүргенін байқаймыз.

Бір ескеретін жағдай: «Бес ғасыр жырлайды» атты кітапта Асан Қайғы 1361-1370 жылдар аралығында туған деп шамаласа, Әнес Сарай «Ноғайлы» зерттеуінде 1400-1500 жылдар аралығында өмір сүрген дейді. Екі зерттеуді салыстыра қарағанда, Асан Қайғының туған жылында 30-40 жыл айырмашылық бар, яғни, бір ұрпақтың өмір сүретін уақыты.

АҢЫЗ  НЕ  ДЕЙДІ?

Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар» атты еңбегінің «Ең ескі дәуірдегі  халықтың  аңыздары»  тарауында  Асан  Қайғы тура­лы  жазады. «Бергі кездегі бір ертегі-әңгіме бойынша осындай «мекіре*» қатынды Асан Қайғы да алып, бірақ одан «бала тумапты» деседі.

Мұндағы тарихи шындық: Асан Қайғының Ежен ханға барып жолығуы қазақ жұртының Әбілқайыр (Шайбани) ханның ордасынан бөлініп шыққан кезін баяндағанын көрсетеді. Әбілқайыр ханнан Керей мен Жәнібектің айырылып шығуы – қазақ тарихында белгілі уақиға. Сол уақиға кезінде Асан Қайғының Жәнібек пен Керейді ертіп Қытайға барып, Моғолстаннан жер алуы – тарихта белгілі фактінің бірі. Әңгімеде Асан Қайғы екі жігітті ертіп барды деуі, ол Асан Қайғының қасында болған Жәнібек пен Керей екенін көрсетеді. Жолшыбай «ит қырып» отыруы – осы Жетісу бойында 1460 жылдары болған ұрыстың ертегі әңгімеге айналған түрі сияқ­ты. Міне, осыдан Асан Қайғы Ежен ханға сен елдік көрсетпедің деп, оны түйрегені байқалады. Ал Ежен ханның сөзі сен бұрынғы қыпшақ дәуіріндегі әдетті ойлама, саған бұрынғыдай қыз бермейміз, елімнің тынышын кетірме дегені тәрізді.

Бірақ, Ежен бұлай айтса да, Үйсін-Қаңлы дәуіріндегі әдет бо­йынша қытай ханының бір қызын Асан да алғаны ақиқат. Бұл туралы аңыз-әңгімеде былай деді: «Бір күні сәуегей кемпір Асанға келіп мынадай аян береді: сенің талайыңа «Суса ханның қызы кез болады», Асан: «қалайша?» дегенде, «Еділ мен Жайыққа қармақ сал, ұзын аққан кәрі Ертіске қармақ сал, осы өзендердің бірінен болмаса бірінен кездеседі» дейді. Содан Асан желмаяға мініп желді­ріп, әлгі өзендердің бәрін аралап жүргенде, іздеген қызы Ертіс суының басынан кездесіпті-міс», – деп жазыпты (Алматы, 1985, 65, 66-бб).

«мекіре*» қатын – бағзы заманда үйсін, ғұн билеушілері мен бектері Қытай хандарының қыздарына үйленген, күйеуге тиген қытай қыздарын «мекіре қатын» деп атаған, әсіресе, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен қалған ертегі-жырларда көп кездеседі.

Ә.Қоңыратбаев: «Асан Қайғы жайындағы аңыздардың арғы-бергі кезеңдерді қамтып, кемінде жүз жылдың оқиғасы мен психологиясын жинақтайтынын ескерсек, бұл мәселені кесіп айту қиын. Бәлкім, бұл аңыздарды Асан Қайғының өзі емес, халық тудыр­са да ғажап емес.

Асан Қайғы аңыздарында сәуегейлік сарыны да бар. Ол өткен мен болашақты бірдей болжайды», – деп Асан Қайғы жайындағы аңыздарды халық тудырған деген басымдау ой айтады (Қазақ фольклор­ының тарихы. Алматы, 1991, 95-б).

«Асан Қайғының арман еткен «жерұйығы» – суы сүт, топырағы май, тасы алтын, ағаш басы толған жеміс-жидек, жұт жүрмейтін, қайғы-қасіреттен аулақ құтты қоныс, оған жеткен елді жау алмайды, онда ел аласы, ру таласы жоқ, үркіп-қорқып жаугершілік дегенді білмейді, «қой үстіне боз торғай жұмыртқалайды». «Жерұйықты» мекендеген жұрттың бай-кедейі жоқ, бәрі тең, барлығы шат-шадыман, бақытты өмір өткізеді.

…Әрине, бұл XV ғасырдағы көшпелі қазақ халқының қоғамдық болмысынан туған утопиялық идея. …ауыздан-ауызға көше келе, өзгерістерге түсіп, аңызға айналып, кеткен нұсқасы деп шамалау­ға да негіз бар», – деп көрсетеді (Қазақтың көне тарихы. Алматы, 1993, 346-б).

АҢЫЗДАН  –  АҚИҚАТҚА

Оқырмандарға азда болса түсінікті болу үшін «Қайғы» ұғымына тоқтала кетуді жөн көрдік. Тарихшылар, ғалымдар, зерттеушілер көптеген авторлар Асанның «қайғысын» философиялық көз­қараспен бағалайды. Олар «қайғыны» елдің, жұрттың, халықтың мүддесі, арман-тілегінің негізінен шыққан деген тұжырым­дарды айтады. Т.Кен­жалы: «Адамзатқа «қайғы» ортақ болғандықтан қайғы­ны жіберуші Жаратқан екені де даусыз. «Қайғы терең мәнге ие, сондықтан діни философияға бой ұрады. Тамыры терең. Философтардың  талдауында «қайғы» табиғаты жағынан әділеттіктен туады. «Әділетті ұққан жан Хақ жолына түссе, тез арада әрнеден көңілі қала бермек» деп жазады Ғ.Есім. Яғни, фольклорлық шығармалардағы халық атаған «қайғы» мәні де, мағынасы да Ғ.Есім тұжырымымен сәйкес келеді. Сонымен «қайғы» – көп мәнді философиялық категория», – деп тұжырымдайды (Асан Қайғы. Алматы, 2006, 151-153-бб).

Ә.Қоңыратбаев: «Асан – жеңіл деген сөз. Сонда бұл атау «Жеңіл қайғы» дегенді білдіретін болады», – деп жазады (Қазақ фольклорының  тарихы. Алматы, 1991, 95-б).

Т.Кенжалының «Асан Қайғы» атты зерттеуі қазақ тарихының қиын кезеңдеріндегі оқиғалардың куәгері болған кемеңгер ойшылдың тарихи-философиялық өміріне арналған. Асан Қайғы аңыз­дарында сәуегейлік сарыны да бар. Ол өткен мен болашақты бірдей болжайды.

Ә.Қоңыратбаев Асан Қайғы туралы: «Тарихта үш түрлі Жәнібектің болғаны рас. (авт. – тарихта сегіз түрлі Жәнібек хан болған, Жәнібек атты батырлар мен билерді айтпағанның өзінде. Автордың 2017 жылы баспадан шыққан «Еліне тұтқа болған хан Жәнібек» атты зерттеуінен оқуларына болады. Сонда Жәнібек аттас хандардың қай жылдары өмір сүргені және қандай хандықтарды басқарғаны талдап жазылған болатын).

Бірінші Жәнібек – Алтын Орда ханы Өзбек ханның баласы (1348-1357 жж.), Алтын Орданың ханы, Бату ханның ұрпағы.

Екінші Жәнібек – 1456 жылы өзбек-қазақ ханы Әбілхайырдан бөлініп, Моғол ханы Иса Бұханың Шу өзенінің бойындағы Қозы­бас жерінде бірінші қазақ хандығын құратын Жәнібек. Керей Жәнібектің інісі еді. Бұлар Орысханның Барақ дейтін баласынан туған.

Қазіргі уақытта тарихи айналымда жүрген Қазақ ханы Жәнібектің Әзітархан қаласын салыпты деген пікірге тоқтала кетеміз. Себебі, көпшілік кәсіби тарихшылар мен зерттеушілер Асанның: «Қорған  салдың  бейнет қып, Қызметшің  жатыр  ішіп-жеп…»  деген Жәнібек ханды сынағанын ауызға көп алады. Тарихты зерттеушілердің бірі Т.Кенжалы «Асан Қайғы» зерттеуінде осы жайды былай деп бастайды: «Тарихи жағдайларға байланысты Жәнібек хан бізге жеткен фольклорлық деректерде Орталық Қазақстан аумағы­нан  шамамен 1473-1475  жылдары  Сарай-Берке, Сарай-Бату төңірегіне көшкен. Бұл дерек тарихи зерттеулерде де қамтылған. Бірқатар  мәліметтерде  Асан  Қайғының  Жәнібек хан қасында болуы осы мекендерге байланысты айтылады. Оның ішінде, әсіресе, Астрахан төңірегіндегі әңгіме, дау-дамайлардың мән-маз­мұны біраз нәрсені аңғартса керек. Бұл туралы зерттеуші-ғылым, өз заманы­ның көрнекті саяси тұлғасы болған М.Тынышпаев екі түрлі мәліметтерді келтірген: «Астрахан қаласы Жәнібек хан бұл жерге келмес бұрын салынған». Ал Асан Қайғының осы Еділ бойындағы қалашықта болғаны туралы М.Тынышпаев пен бізге жеткен фольклорлық материалдардың бұл жөніндегі мәліметтері сәйкес келеді деуге болады. Жәнібек ханның Астраханда тұрғандығын М.Тынышпаев жүйелі дәлелдеген. Сонымен Асанның Еділ өзені бойындағы хандық құрған Жәнібекке, басқа билік басындағыларға арналған толғау-болжамдарына тоқталамыз», – деп М.Тыныш­паевтың пікіріне сүйеніп осындай қорытынды жасайды (Алматы, 2006. 210-б).

М.Тынышпаевтың «Қазақ халқына қатысты материал», С.Сейфул­линнің «Қазақ тарихына қысқаша мағұлмат», Қ.Бегалин­нің «Алтын Орда хандары», Л.Гумилевтің «арабески» Истории», А.Р.Андреевтің «История Крыма», Р.Ю.Почекаевтің «Цари ордынское» атты зерттеулерінде Қазақ ханы Жәнібектің Астраханда хан болғанын Н.Карамзиннің «История государства Российского» мен В.В.Вельяминов-Зерновтың «Исследование о касимовских царях и царевичах» атты зерттеулеріне сүйеніп болжамдарын жазады.

Сәкен Сейфуллин: «1477 жылы Жәнібек Қырымның ханы болып  тұрып, 1480 жыл шамасында III Иван (авт. – Иван Грозный­дың  әкесі) деген орыс князіне келіп, Ковно қаласында өлген. Кейбір тарихшылар (Гаммер) осыны қазақтың Жәнібек ханы дейді» (Қазақ тарихынан. Қазақ тарихына қысқаша мағлұмат. Алматы, 1997. 299, 300-бб).

Егер осы пікірлерді дұрыс деп қабылдасақ, онда Жәнібек хан Әзітарханнан  кейін Қырымда хан болады, кейін  орыс патшасы III Иваннан (авт. – Иван Грозныйдың әкесі) баспана сұрап, Ковно қаласында өледі. Бір қызық жері, қазақ тарихшылары Қазақ ханы Жәнібектің қай жерде, кім өлтіргенін жазбайды. Қазақ хандығының тарихымен айналысып жүрген Берекет Кәрібаев «Қазақ хандығының күшеюі» атты монографиясында Жәнібек ханның кімнің қолынан, қалай құрбан болғанын, қай жерде өлгенін ашып жаз­байды, тек «шамамен, осы жылдары, яғни XV ғасырдың 70-жылдардың ортасына таман Жәнібек қайтыс болды да хандық билікке Бұрындық хан отырды», – деп пікірін білдіреді (Алматы, 2015, 79-80-бб). Қ.Данияров: «Патшалық Ресей архивтерін, оның тарих ғылымын сараламай пайдаланудың, електен өткізбей, оған көзсіз уақыты өтті. Отан тарихына мұндай көзқарас шын мәнінде Ресей  историографиясын  жалғастыру  болып  табылады», – деп қадап тұрып айтады (Қазақстанның балама тарихы. Алматы, 1997, 28-б). Мысалы, Н.Карамзиннің француз тіліне аударылған «Орыс мемлекетінің тарихы» атты кітабын оқыған Маркиз Адольф де Кюс­тин: «Егер орыстар өздері соншалықты дәріптейтін тарих­шының еңбегін­де өтіріктің өріп жүргенін білсе, оны соншалықты жек көріп, Карамзиннен бастап, барлық тарихшының еңбегін оқуға қатаң тыйым салуды патшадан жалынып сұрар еді», – деп жазуы, Қ.Данияровтың  пікірімен  сабақтас.

Сонымен, Н.Карамзиннің пікірін ақиқатқа балап, тарих зерт­теушілері  бұл  пайымдаудың  ізімен  кетіп  адасқан  дейміз.

Бұл  пайымдау  дұрыс  емес  екенін  2017  жылы  баспадан шыққан «Еліне  тұтқа  болған  хан  Жәнібек»  зерттеуімде  көрсеткенмін  (20-23-бб).

Үшінші  Жәнібектің  есімі  Бұхара  хандарымен  байланысты, 1556 жылы Иван Грозный Астраханды алған соң, бұрын сол жерді билеп-төстеп келген Жәнібек тұқымдары Шейбаниді сағалап, Бұхара­ға барады. Әбілхайырдың Шабадақ, Қожым тентек дейтін ұлдары болған. Шабадақтың баласы Махмұт Шейбани (1468-1510 жж.) Ферғананы, Махмұт, оның баласы Ғабдолла Бұхараны билеген. Қожым тентектің қызынан туған бала ақылсыз Жәнібек атанған. 1556 жылға дейін Астраханды осы Жәнібек билеген.           1557 жылы Еділ бойында жұт болады. «Қарадан қатын алып, Құладынға қу ілдіріп, Астраханнан орда салдырып, үш рет той жасадың» деп Асан (авт. – Асан Қайғы) Жәнібекке өкпе айтады. «Орданы қыз-қырқынға толтырып, көз алдыңдағыдан басқаны көрмейсің» деп, оның тойына бармай қалады. Халық оны «Әз-Жәнібек» деп атаған.  «Әз»  сөзі  екі  адамға қолданылған. И.Ягелло сөздігіне қара­сақ, «әз» сөзінің мағынасы – қызқұмар, ақылсыз, деген сөзді білдіреді  екен (Ягелло И.Д. «Полный  персидско-арабско-русский  словарь»).

…Олай болса Асан Қайғыны үш Жәнібектің қайсысына тели­міз? …Асылы Асан Қайғы Қазақ-Астрахан оқиғалары тұсында құрғақ сарайға ие болып, Астраханда қалған Қожым тентек баласы Жәнібекті айтып отырса керек. Бұл тұста елдің көпшілігі Шейбан, Ормамбет, қазақ Жәнібектің жағына көшіп кеткен-ді. Орда баққан Жәнібекке ешкім тимеген.

Асан Қайғының аралаған жерлері – Моғолстан (Жетісу), Сыр (Сунақ), ноғайлы (Жайық), қыпшақ (Қаратау), Сарыарқа (Тор­ғауыт), Байсын (Әму).

…Асан Қайғы – ноғайлы заманындағы аласапыран бүліншіліктер кезінде өмір сүрген үлкен ақын, ойшыл.

Асан образында ескі мифологияның да ізі бар. Ол пері қызына­ үйленіп, баласын жарқабаққа тастап кетеді. Оның атын Жанәлі қояды. Асан ноғай болса, сол ұлыстағы тайпалардың қайсысынан шыққан дейтін сауал да туады. Әлім-Шөмен руларының ішінде үлкен Асан*, кіші Асан* бар. Сонымен қатар, Асан Қайғыны біз ноғайлы дәуірінің ойшылы, ақыны, сәуегейі дейміз. Ол – ел басындағы ауыртпал­ықты жырлап, заман жайлы сыншыл ой тудырған философ, замана сыншысы. …Асан қай хан тұсында өмір сүргені анық емес», – деп тұжырымдайды Ә.Қоңыратбаев (Қазақ фольклорының тарихы. Алматы, 1991, 91-95-бб).

Автордың ескертпесі: «Әлім-шөмен руларының ішінде үлкен Асан*, кіші Асан бар*»,- деп жазғанын, кейін ауызша шежіре бо­йынша талдап таратып жазамыз. Ия, Асан Қазақ хандығы өмірге келмей тұрғанда дүниеге келген, саналы өмірінің көп уақыты ноғайлы дәуірімен байланысты, Алтын Орданың ыдырау кезі оның көз алдында өткен, көпшілік зерттеушілер Асанды ноғайлыға телиті­ні де сондықтан. Ал Ноғайлы Ордасының негізгі жұрты – қазақ тайпалары. Ноғайлыда ұлыстық дәрежеге жеткен ірі рулық бірлестіктер, соның ішінде Алтыұл (кейінгі алты ата Әлім) мен  Жембойлық  және  Едисан  (Жетіру мен он екі ата байұлы) ұлысы белді қауым болғанын тарихшылар мен зерттеушілер ескермейді. Ал бұлар – алшын тайпалары. Осындағы Алтыұл ұлысы Ноғайлыға қатысты құжаттарда «Алтыұл Ордасы» деп хатталған. Ноғай Ордасының этникалық құрамы туралы деректердің көпшілігінде алшындар бірінші айтылады, соған қарағанда Ноғай Ордасында да Алтын Ордадағыдай алшындар Орда төңірегінде белді күшке айналған және негізгі халқын құрған. Ноғай Ордасында алшындар Орданың саяси өміріне аса белсенді рөл атқарған дейміз.

Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін  XV-XVI ғасырдағы Ноғай Ордасы туралы көлемді зерттеу жазып жүрген белгілі ғалым  В.В.Трепавлов  құрастырған  ноғай ру  тайпалары бірлес­тігіндегі қазақ  рулары  «Алшын, Байұлы, Найман, Жалайыр, Қаңлы, Қата­ған, Керейт, Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Меркіт,  Тама, Үйсін, Телеу», – деп  көрсетеді (XIII том. 1-кітап. 107-б). В.В.Трепавлов ноғай ру тайпалары бірлестігінде алшын тайпасын бірінші атайды.

Енді көңіл бөлетініміз, қазақтың ауыз әдебиетінің батырлық жырларының інжу-маржаны «Қырымның қырық батыр» жырында Асан Қайғы жайында жырланған жырдағы кейіпкерлер туралы, олардың қай ғасырда өмір сүрген уақытын, тарих бетіне түскен жылдарын  білу.

«Мәдени мұра» бағдарламасымен Мұрын Сеңгірбаев (Сеңгірбекұлы) жыраудан жазып алынған Ноғайлы жырлары «Қырымның қырық батыры» топтама жырлары үш саладан тұрады: 1) Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары; 2) Қарадөң батыр және оның ұрпақтары;  3) Жеке батырлар. Бұл жырлар Алтын Орданың ыдырау, Қырым хандығының, ноғайлы ұлысының, Қазақ хандығының құрылу дәуірі, ноғай-қаламақ соғысы кезіндегі оқиғаларды бейнелеп  жырлаған.

Бізді қызықтыратыны – «Жеке батырлар» жырындағы Асан Қайғы, Тоған, Абат туралы жыр (Алматы 2005, сонда, 295-307-бб). Асан баласы Абат, туысы Тоған, осы үшеуін Мұрын жырау бірге қосып  жырлаған.

Жырдың мазмұны: бірінші Асан Қайғының перінің қызына үйлен­уі. Екінші, Әзітархан (Астрахан) ханы Әділ (авт. – Әз) Жәнібектің Асан Қайғының баласы Абат батырды сынауы. Үшінші, Әділ Жәнібектің тапсырмасымен қалмақ ханы Есен қазақ Түлей жұртына жорығы кезінде Абат батыр мен ноғайлының қырық батырының  ерлігі  туралы.

Жырда: «Ерлер тегіс жиналған кезде Жәнібек айтты: «Менің елімді шапқан, ала алмай тұрған жауым бар, соны алып келсеңіз», – деді. Сонда еш жан «бас болып барамын» деп айтпады.

Сонан соң Абат тұра келіп сөйлейді,

Сөйлегенде бүй деді:

Әй, ханымыз, ханымыз,

Рұқсат болса сіздерден,

Алармыз қалмақ қаласын,

Көрерміз оның шамасын.

Қасыма менің беріңіз

Қырымның байтақ ерлерін». Сонда Әділ Жәнібек: «Айт, кімді аласың?» – дейді» (Сонда, 296-б). Осы жорыққа Абат батырдың ханнан сұраған батырлары жырдағы ноғайлы батырлары Тоған, Айсаның ұлы Ахмет, Алау батыр, Әмет батыр, Қарғабойлы Қазтуған, Шынтасұлы Төрехан, Ақжонас ұлы ер Кеңес, Тарғын. Мұрын жырлаған «Қырымның қырық батыры» жырының үшінші бөлімі «Жеке батырларда»: Тоған, Абат, Қарға бойлы Қазтуған*, Ақжонасұлы Ер Кеңес, Айсаның ұлы Ахмет, Алау батыр, Әмет батыр, Шынтас ұлы Төрехан батырлардың ерліктері арнайы жырланады.

Әлібек  САБЫРБАЕВ

(Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: