Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балуандар белдесуі

09.03.2021, 9:30 869

HALYQLINE.KZ Қызылорда қаласында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай қазақша күрестен республикалық турнир өтті. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі турнир биыл тоғызыншы мәрте жалауын желбіретті. 2001-2003 жылдары туған жас спортшылар қатысып отырған республикалық ашық турнирде еліміздің барлық облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары және қазақ күресінен ұлттық құрама командасының жас балуандары бақ сынады.

Турнирдің ашылуында қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі. Сайыстың төрешілеріне де сенім артатынын жеткізіп, турнир деңгейінің жоғары екенін атап өтті.

̶ Жыл сайын еліміздің барлық аймақтарынан жас балуандарымыз Алаштың Ақмешіті атанған Қызылорда қаласында бас қосып, Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы турнир аясында бозкілемге шығып, белдесіп, бақтарын сынайтын. Биыл да дәстүрден жаңылмай балуан атындағы республикалық ашық турнирді 9-шы мәрте өткізудеміз. Мұндағы басты мақсат – ұлтымыздың тамыры терең тарихын, ұлттық салт-санамызбен біте қайнасқан қазақ күресін өскелең ұрпаққа насихаттау, осы арқылы олардың бойында ұлттық патриотизмді қалыптастыру, – деді қала әкімінің орынбасары А.Есжанов.

Турнир 3 күнге созылды. Балуандар тоғыз салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салып, бар шеберліктерін паш етті. Сайыста карантиндік шаралар толықтай сақталғанын атап өткен жөн. Турнирге көрермендер кіргізілмеді. Көрермендер түгілі спортшылар да әріптестерінің ойынын татами жиегінен тамашалай алмады. Жас балуандардың денсаулығы үшін ұйымдастырушыларға осындай амалға барудан басқа амал жоқ.

̶  Атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы турнирге еліміздегі мықты деген спортшылардың барлығы жиналған. Жалпы 150-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Әр облыс өздерінің мықты балуандарын сайысқа қосқаны бұл турнирдің дәрежесінің жоғары екенін көрсетеді. Сол үшін соған сай мықты төрешілерді де шақырдық. 20-ға жуық әділ төрешілер сайысқа өз бағасын беретін болады. Жастар арасындағы турнирде балуандар төрт минуттан белдеседі. Осы орайда тек бір ғана бозкілемді пайдаланып, жастардың денсаулығы үшін барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстанудамыз, – деді турнирдің бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Самат Арғынбаев.

Турнирге барлығы 17 команда қатысқан. Турнирдің алғашқы күнінде бозкілемге шығып, 90 келі салмақта бабы мен бағын байқап көрген Нұрлан Қырғызбек жарыс жеңімпазы атанды. Нұрлан – ұлттық құрама сапында байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген балуанның бірі. Қазақ күресінен спорт шебері бүгінгі жарыстағы әсерімен бөлісіп, Сыр елінде өтіп жатқан додаға қатысқанына қуанышты екенін жеткізді.

 ̶ Қажымұқан атамыздың турниріне бірінші рет қатысып отырмын. Ұзақ уақыт карантиннен кейін жарыстарға қатыса алмадық. Біршама бабымызды жоғалтып алған едік. Осындай қиын кезеңнен кейін бірінші рет Сыр еліне келіп, алғашқы жарысымда сәтті өнер көрсеттім. Алдағы мақсат – әлем біріншіліктерінде топ жару. Карантин уақытында да спортшыларға қолдау білдіріп, сайысты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді қазақша күрестен үлттық құрама мүшесі, турнир жеңімпазы Нұрлан Қырғызбек.

Жарыстың бірінші күнінде мықтылық байқасып, тұғыр биігіне көтерілген балуандарды қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Рзақұл Нұртаев марапаттады. Айта кететін жайт, бұл турнир – Ұлттық құрамаға кандидаттарды анықтайтын бірден-бір жарыс. Ішкі біріншілікте іріктелген жастар Ұлттық құрама сапына ілігуге мол мүмкіндік алып, қазақ күресінен Әлем, Азия, Еуропа чемпионаттарына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Турнир жүлдегерлері сонымен бірге спорт шеберіне үміткер атағын иеленеді.

̶  Бұл турнир биыл тоғызыншы рет өтіп жатыр. Мен соның төртеуіне қатыстым. Екеуінде жеңімпаз атандым. Биыл тағы қатысып қола медальға қол жеткіздім. Бұл турнирге жылда кіл мықтылар келеді. Сондықтан да барлығын бірдей жеңу мүмкін емес екенін жақсы білемін. Сыр өңірінің намысын қорғап, дүбірлі додаларда жүлдегер атанып жүргеніме қуаныштымын. Алдағы уақытта әлемдік аренада бақ сынағым келеді, – деді сайыс жүлдегері Еңбек Сақтағанов.

Үш күнге созылған тартысты дода қорытындысымен жалпыкомандалық есепте турнирдің қола жүлдесі ұлттық құрамаға бұйырса, Жамбыл облысынан келген балуандар жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Сыр балуандары бірінші орынды жеңіп алып, тұғыр биігіне көтерілді. Сыр спортшыларының қоржынында үш алтын, үш қола медаль бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: