Halyqline.kz Мәдениет ошағы, өнер ұйытқысы, тәрбие тіні саналатын театр есігін ашуға кейде емес, көбіне уақыт арылта алмаймыз. Күйбің тіршіліктің қамы мойын бұрғызсын ба? Бірақ, бір сәт рухани кемелдік шыңына шығып, жан тыныштығын, жүрек түкпірін байытып қайтудың артықтығы жоқ. Өшкенің жанып, өткенің оралмаса да, рухың асқақтап, жігерің жалындап шығатын мәдени орынға кеше бас сұқтым. Қайда дейсіз ғой? Қаладағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі жанынан ашылған «Жастар театры» артистерінің «Отырардың жасыны» қойылымына бардым.
Найзағай… Иә, қойылымға сай безендірілген сахнада түнек аспанды тып-типыл ететіндей аспан оты жарқ еткенде тұла-бойымыз шымырлап қоя берді. Бұл жай ғана жарқыл емес, Отырар қаласының аспанындағы құбылыс. Сол құбылыс аясында елі мен жері үшін қаруын асынған қолбасшы мен сардарлар, болашақ ғылым жолын ізденген жас ғалымдар мен қос қолынан құмырасы түспейтін сүйріктей арулар Отырар төріндегі тарихи мезетті сомдап шықты. Ауық-ауық жарқылын күшейтіп, қаһарының қаттылығын, айбатының сұсты екенін еске түсіріп тұрған таспалы найзағай көрермендерді тарихи қалада отырғандай сезіндірді.
Әскерден оралған Әбуді қабағының қаттылығымен қарсы алған «Қоңыр атты қолбасшы» ізбасарының кітап кеміргеніне қуанышты емес. Әке ойы – елдің шеті мен шебін қорғайтын айбынды сардар ету. Бала арманы – күллі әлемді білімімен бағындырып, ғылыммен мойындату. Жас Әбудің біліміне шүбә келтірген ауыл молдасының да көзқарасы жақсы емес. Оны ойлаған әке мен ананың жүрегі тілім-тілім. Ал Әбу алған бетінен қайтпақ емес. Отырар кітапханасының жанынан ауыл балаларына тәлім беретін мектеп ашқанда да алабөтен ниетпен қарағандар табылды. Жас ұстаз ел қақпасынан алыстап бара жатқанда жас шәкіртінің «көкелеп», «ұстаздап» айғайлаған даусынан тұла-бойың шымырлап, жүрегің елжіреп, көзіңе еріксіз жас келеді. Құдды қала бас ұстазсыз қалғандай. Құм суырып, күн қақтап жатқан Отырардан ғалым шықпайды деген ойдағы сардарларға да білімсіз дүниенің қараңғылығын ұғындыруға тырысқан Әбудің сөзі құмға сіңгендей.
Шексіз ұмтылыс пен үздіксіз ізденіске ұмтылған Әбу әке аманатымен жолға шықты.
Қойылымға Сыр елінің жыраулары қатысып, жас таланттарға бата-тілектерін жеткізді.
Қазбай Құдайбергенов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры:
– Қойылымнан Әбу Насыр әл Фарабимен бірге ұйықтағандай әсер алдым. Шығыстың жұлдызын бізге жеткізген ұрпақ аман болсын, – деп жастарған батасын берді.
Алмас Алматов, жырау, фольклор зерттерушісі:
– Спектакль өте сәтті шықты. «Жастар театры» ұжымының кәсіби шеберлігі, орындаушылығы жоғары. Бір ғана қылыш пен топырақтың өзі тарихи кезеңді ашуға сеп болды. Сахна декорациясының дайындығы, суретшілігі, музыкамен әрлеушілігі қойылыммен гармониялық үйлесім тапқан. Жас актерлардың шеберлігіне тәнтімін. Әлемдік сахнаны игерулеріңе тілектеспін, – деп өз лебізін білдірді Алмас Алматов.
Оңталап Нұрмаханов, ақын, режиссер, сценарист:
– Жыраулық өнер біздің ата-тегімізден келе жатқан өнер, алғашқы театр. Бір жырау жүз адамды ұйытып отырады. Ал театр өнерінде жабылып жүріп көрерменді ұстап отырамыз. Бүгінгі қойылымға сол арғы тегіміздің тұлғалары келіп отыр. Бұрын этнотеатр деген болған. Онда жырау жырлайды, жартысын актерлер сомдайды. Сендер, жас актерлар – театр өнерінің жырауысыңдар. Әркім өз өнерінің жырауы болуы керек. Өйткені жыраулық пен театр өнерінің түпқазығы бір екендігін насихаттап отыру – біздің міндет.
Әл-Мұхамед Бақытбекұлы, «Жастар театрының» артисі, режиссері:
– Қойылым Сыр бойынан шыққан ғұлама Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығына арналды. Өткен жылы карантиндік шараларға байланысты 2021 жылы сахналануы бұйырды. Әрине, рөлді алып шығу біршама қиындық туғызды. Тарихи тұлғаны зерттеу, болмысын аша білу көптеген ізденісті қажет етті. Сол туралы фильмдер көріп, кітаптар оқыдым. Кейіпкердің болмысын текстті қайталап оқып жаттығу арқылы белгілі бір деңгейде алып шықтым деп ойлаймын.
Ерәли Жақсығұлов, жастар театрының актері:
– Мен театрға өз қалауыммен келдім. Әбу Насыр әл Фарабидің жас шәкіртінің рөлі маған бұйырғанына қуандым. Алғаш сахнаға шыққанда қатты қобалжыдым. Бірнеше қойылымнан кейін үйреніп кеттім. Театрдағы аға-әпкелеріп өз ақыл-кеңестерін айтып, шабыт сыйлайды. Болашақта танымал актер болғым келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!