Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Махинұр

13.02.2021, 14:00 820

HALYQLINE.KZ Есілде аудан әкімшілігінде қызмет етіп жүрген кезім болатын. Бірде кезекті  жұмыс бабымен облыс орталығы Көкшетауға жолым түсті. Облыс әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде аз ғана  отырып, өзіммен бірге алып келген құжаттарымды тапсырғаннан кейін әкімшілік алдындағы алаңға шықтым. Абылай хан бабамыздың тақта отырған ескерткішінің алдына келіп, біраз тұрып қараған соң, суретке түсіретіндер жоқ па екен деп айналама қарап едім, ешкім көрінбеді. Ойыма келгені ескерткіштің алдында тұрып суретке түсу еді. Аздап көңілімді өкініш биледі. Уақыт әлі ертерек болған соң, өзім тұратын  Есіл бағытына жүретін кешкі пойыз келгенше қаланы аралап келейін деп, облыс әкімдігінің жанынан өтетін орталық көшенің аялдамасына келдім. Аялдамада тұрған бір топ адамның қасына келіп, автобус күтіп тұрғаным сол еді, «Бейсеке, сен қайдан жүрсің?» – деді жіңішкелеу келген әйел даусы. Абыржып қалған мен артыма жалт қарадым.

– Ой, масқара! Махинұр, сенсің бе? – дедім аң-таң қалып. Ол жымия күліп қарап тұр. Өзіме қарай тартып, бетінен сүйдім.

– Көкшетауда тұрасың ба? – дедім таңданып. Ол: «Иә, Досымханды осы жаққа жолдамамен жіберген соң, осында келдік. Қазір қаладағы транспорт прокуратурасында жұмыс істейміз», – деді. Екеуміз аялдамадан сәл алысырақ шығып, сөйлесіп тұрмыз.

– Бір ұлымыз бар. Жұмыс істейтін орнымыз өткен жылы екі бөлмелі пәтер берген.

– Құтты болсын! – дедім оған.

– Бейсеке, үйіміз көп алыс емес, кіріп шықсаңшы, әлі пойызға ерте ғой. Уыздай жас келіншек қолтығымнан алып, келіп қалған автобусқа отырдық. Бірнеше аялдамадан кейін  түсіп қалдық.

– Мына үйде тұрамыз. Ол күре жолға жақын орналасқан, жаңадан салынған алты қабатты үйді көрсетті.

– Біздің пәтер екінші қабатында.

– Пәтерлерің мықты екен, дәлізінің өзі қандай кең әрі ұзын, – дедім мақтап. Залға қарай өтіп, креслоға келіп отырдым. Терезеден Шоқан Уәлихановтың ескерткіші бар саябақ көрініп тұр. Облыс орталығына келіп жүргенімде аралағаным бар. Бағанадан ыдыс-аяқтың дыбысы шығып жатқан асүйден:

– Бейсеке, шайға кел, – деді Махинұр біраздан соң.

– Досымхан жұмыстан қашан келеді? – дедім сөз арасында.

– Ол бүрсігүні келеді, іссапармен Астанаға (ол кезде солай аталатын) кеткен.  Бала садикте, біраздан соң алып келем.

  Екеуміз студент кезіміздегі оқиғаларды  еске алып, күліп біраз отырдық.  Аздан соң орнымнан тұрып жинала бастадым.

– Пойыздан кешігіп қалармын. Шығар есіктің алдына келіп, аяқкиімімді киіп, дипломатымды қолға алдым. Маған қарап ойланып тұрған ол бетімнен сүйіп: «Ертең де кетуіңе болар еді ғой, – деді ақырын ғана.

– Студенттік уақытымызды, махаббатымызды еске түсірер едік». Көңілім алабұртып, сәл ойланып қалдым. «Жұмыстағы Мерей Ізбасарұлына (аудан әкімінің орынбасары) бірдеңе деп ақталармын»  деген ой келді.

– Мен дүкендерді аралап келейін, сен баланы алып келем дедің ғой балабақшадан.

– Жарайды онда,  бірге шығайық. Келіншек плащын киіп, үйден шықтық. Ойым – балаға ойыншықтар мен тәттілер сатып алу. Дегенмен ойымды өзгертіп, ойыншық емес, тәттілерді ғана сатып алдым. Баланың қолынан ойыншықты көрсе Досымхан күдіктенер деп ойладым. Дүкеннен шығып, біраз жүріп қыдырдым. Көшенің арғы бетінде тұрған «Жеке батыр» қонақүйіне кіріп, бос орынның бар-жоғын сұрадым. Күйеуі іссапарда жүрген әйелдің үйіне түнеу ыңғайсыз болар деп ойладым. Біраз жүрген соң  үйге келдім.

– Кешіктің ғой, – деді есікті ашқан келіншек асүйде бірдеңелерді шыжғырып жүріп. Аяғын апыл-тапыл басып жүрген сәби қасында жүр. Әкелгенімді үстелдің үстіне қойып, бір-екеуін баланың қолына ұстаттым да, қолыма көтеріп алдым. Бет-әлпеті Досымханнан аумайды. Кезінде осы Махинұрға таласып, бұл нәрестенің әкесімен талай төбелескен едім-ау деген ой келді бір уақ. Қолым қатты тиіп, Досымханның мұрнын да қисайтып едім. Артынан ота жасатып, танау қуысын көтерткенін жігіттерден естігем.

– Залға барып теледидар қарасаңшы, ана ұлды да ала кет.

Келіншек тамақ дайындап жүріп тағы бірдеңелерді айтқандай болды. Баланы жетектеп, тәй-тәй басқызып, залға келіп теледидарды қостым. Кино көріп отырып қалғып кетіппін. Тамаққа шақырған Махинұрдың даусын естіп, теледидарды жаптым. Қасымда ойнап отырған бала асүйге шешесіне кетіп қалған екен. Тағамның дәмді иісі мұрын жарады. Маған және өзіне ыдысқа толтырып лағман салып қойыпты. «Мұны қай кезде созып дайындағансың, қандай дәмді!» – дедім қайран қалғанымды жасырмай.

– Мен енді ұйғырдың қызымын ғой, – деді ол күліп. Қарным ашқан мен ыдыстағы тамақты әп-сәтте жеп қойдым. Ол қайтадан толтырып салып берді.      

– Сен осы Панфилов ауданының қызы емессің бе, еліңнен алыста жүргеніңе өкінбейсің бе? – дедім сөз болсын деп.

– Жоғ-а-а, – деді келіншек, – қайта бұл жақ маған кереметтей ұнайды. Менің өкінгенім – ол енді бұрындар, – келіншек сәл кібіртіктеп, – маған ешбір ұйғырдың жігіті ұнатып, сөз салып, қыдыртпады ғой. Мектеп қабырғасында да, университетте де. Мен үшін таласып, жанжалдасып жүрген қазақтар ғана.

– Сен әдемі әрі өте сымбаттысың, – дедім оған. Ол күлді.

– Махинұр, қасыңдағы бөлмелес қыз Әлима да көрікті еді ғой. Мен алғаш сонымен танысқам. Соған барып жүріп сенімен кездестім. Сен ұяң, өте  ілтипатты қыз болатынсың. Ал Әлима ашық, мінезі өткір еді.

– Сол Әлима ғой, сені қызғанып, маған анда-санда келіп жүрген жуас Досымханға итермелеген. Кейін сен Досымханды ұрып мұрнын бұзған соң, ол тіпті дегбірімді алды. «Бұған жақындама, ана Досымханға тұрмысқа шық, әйтпесе өзіңнің ұйғырыңның жігітін тауып, соған кет» деп болмады ғой. Бейсенғазы – ол жүрген драчун, оған тұрмысқа шықсаң күнде таяқ жейсің деп айта беретін. Әлима екеуміз бір ауданнанбыз, мектепті бірге аяқтадық. Мен оның ойын кейін түсіндім, сені өзіне қарата алмай, менен соншалықты қызғанғанын. Сен артынан маған ренжіп,  бізге жоламай қойдың.

Шынымды айтайын, сені мен ұнататынмын, Әлима да. Кейін біз жаққа аттап баспай қойғаныңда көңілімде бірдеңе жетпей тұрғандай соншалықты алаңдадым. Әлима «бәріне сен кінәлісің» дегендей, менімен біраз уақыт сөйлеспей қойды. Ол сенімен қалайда тіл табысуды ойлап жүрді. Жатақханаларыңа барғыштап, сондағы өзіңмен оқитын қыздармен сөйлесіп жүргенін білемін.  Мен ондайға бара алмадым. Тек қолымнан келгені – оңашада саған хат жаздым. Ең соңғы сөйлемі ғана есімде қалыпты. «Сені күтіп жүрмін» деп жазғанмын. Хатты жатақханаңа апарып, саған беруін өтініп, сондағы вахтер апайға беріп кеткенмін.

– Мен оны алған жоқпын, алсам келер едім ғой.

Шынында  да, алған жоқ едім. Ана кемпірдің аздап ішетіні бар еді, түсіріп алмаса. Көңілімді өкініш билеп, Махинұрдың бетіне қарадым. Қалың қасты, қыр мұрынды, көздері дөңгелектеу келген әдемі келіншек маған мұңая қарап отыр екен. Орнымнан тұрып келіп, еңкейіп маңдайынан сүйдім. Ол үндемеді.

– Әйелің кім? – деді ақырын ғана.

– Есілдің қызы, – дедім.

– Балаларың үлкен бе?

– Олар әлі кішкентай, мектеп жасына толған жоқ. 

Біраз отырып қалыппыз. Ол тұрып, үстел үстін жинастыра бастады. Мен баланы көтеріп, залға келдім. Аздан соң Махинұр да келді.

– Сен қазақтың қызынан кем емессің-ау, – дедім оның мінезінің сыпайылығына риза болып. Келіншек күлді. 

– Мен кішкентай кезімнен көшеде қазақ балаларымен ойнап өстім, мектепті қазақша бітірдім. Университетте де қазақ жастарымен бірге оқыдым. Күйеуім де  қазақ. Өмірдегі жалғыз махаббатым – сен де қазақсың. Сонда мені кім дейсің, мен де қазақпын. Тегім ұйғыр болғанымен, ойым, жүрегім – қазақ.

Қасыма келген келіншекті өзіме тартып, құшақтап біраз отырдым.  Қолымды кері итермеді. Ол сәлден кейін: «Бұл жақтың қазақтары орыстілді ғой. Қазақша сөйлегендерін сирек көремін. Біздің үйге жақын арада әмбебап үлкен азық-түлік дүкені бар. Осы пәтерге алғаш көшіп келгенде керегімізді содан алып жүрдік. Сол дүкеннің маңдайшасында «Продуктовый магазин» деп жазылып тұратын. Мен бірде сондағы сатушы болып істейтін  қазақ әйелден «мынаның қазақшасы қайда?» деп сұрадым. Ол  болса «оның саған керегі қанша» деп шаптыға сөйледі. Жанындағы өзге сатушылар да маған жаратпай қарады. Мен «бұл – Қазақстан, қазақ тілі мемлекеттік тіл ғой»  дедім оларға қарсы жауап беріп. Олар «қазақ тілі саған ғана керек, бізге емес» дегені. Ыза болғаным сонша – «мен прокуратура қызметкерімін, егер басшыларыңа айтып мынаны түзетпесеңдер, заң бойынша жауап бересіңдер» дедім оларға қарап. Ешқайсысы үндей алмады. Біраз күн  өткен соң, әмбебап дүкенге  «Зеренді» деп атау беріліп, қазақшасы мен  орысшасы қатар жазылды.  Көрдің бе, осы жаққа келіп, мүлде қазақ болып кеткендеймін». Ол жымиып күліп алды. Сөзден сөз шығып, ұзақ отырып қалыппыз.

Терезеден әлдеқашан түскен қою қараңғылықты байқадым. Орнымнан тұрып,  «мен қонақүйден орынға тапсырыс беріп едім, сен ренжімесең, мен кетейін» дедім. Ол үндемей біраз отырды. Сонан соң «сен осы отырған диваныңа жата сал, қонақүйді қайтесің, мен үйден қуғандай болмайын» деді. Үндемедім. Ол тұрды да, көрпеше мен жастық әкеп берді. Еденге төселген кілемге домалап ұйықтап қалған баланы көтеріп алып, өз бөлмесіне кетті. Баланы жатқызып, біраздан соң маған қайта келді де: «Сен енді жақсылап демал, әр нәрсені дәметіп өзге ойда болма, сүйіп қосылмасам да, мен күйеуіме адал адаммын», – деді ақырын ғана. Сөйтті де, ары бұрылып кетті. Ештеңе демедім.

Ұйықтап кеткен екенмін, түн ортасында оянып кеттім. Жатқан орнымнан тұрып, біраз отырдым. Сонан соң көтеріліп, ақырын басып келіншек жатқан бөлменің есігіне келдім. Бір қырындай ашық тұрған есіктен келіншектің жеңіл демалып, баласын құшақтай, ары қарап ұйықтап жатқанын көрдім. «Күйеуіме адал адаммын» деді ғой, «осы тұрғаным жараспас» деген ой келді санама. Орныма қайтып келіп, жатып қалдым.

Ұйқыдан оянғанымда күн әлдеқашан көтеріліп, түске жақындап қалған екен. Теледидардың үстінде бір жапырақ қағазға «Саған тамақ дайындап қойдым, өзің іше бер, кешке жұмыстан ертерек шығып, вокзалға келермін, сол жақтан күтерсің» деп жазып кетіпті. Асықпай тамағымды, шәйімді ішіп, есікті жауып, көшеге шықтым. Қаланы аралап біраз жүріп, вокзалға келдім. Кассаға тұрып, Есіл қаласына билет алдым. Уақыт кешке жақындап, пойыздың келетін кезі болды. Махинұр болса әлі жоқ. Бір уақытта жолаушылар пойызы келді. Перронда кіріп-шығып жатқан адамдардың қарасы көбейді. Артыма жалтақтай қарап, билетте жазылған вагонға кіріп, қол сөмкемді орналастырып қайта шықтым. Бір кезде анадайдан жүгіре басып келе жатқан Махинұрды көрдім. Қол-аяғы балғадай, орта бойлы  сымбатты келіншек «сонау әскерде қалған Наташаға ұқсайды екен-ау» деп ойладым бір сәт. Оның да дене бітімі осындай ықшам, тартымды еді.

– Бейсеке, аздап кешігіп қалдым, сен ренжіме. Сөйтті де, бетімнен сүйді. – Әзірше сау бол! Қалаға жолың түскенде келіп-кетіп тұрарсың.

Мен келіншектің маңдайынан сүйіп, вагонға кірдім. Дегенмен Досымхан сезіктеніп жүрмесін деп, көңілім қанша тартып тұрғанымен, екінші қайтып ол үйге жоламадым. Арада бірнеше жыл өткен соң, Махинұрдың сол өзі қызмет ететін мекемеде бастығының орынбасары болғанын, артынан облыстық әкімшілікке ауысып,  заң бөлімінің меңгерушісі  қызметін атқарғанын білемін. Ара-тұра кейде  екеуміздің арамыздағы  жастық махаббатымыз еске түсіп, «қазір не істеп жүр екенсің» деп  ойлап қоямын.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: