Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таусоғар братан…

02.02.2021, 8:50 1119

HALYQLINE.KZ

Әңгіме

Мен оны солай атаушы едім. Өзінің тұлғасы да шойыннан құйғандай ерекше еді. Жап-жалпақ жауырыны, кең кеудесі, жуан саусақтары қарулы күштің иесі екенін аңғартатын. Өзі бала кезінен күреспен шұғылданды. Грек-рим күресінен КСРО спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындады. Кеңес өкіметі тұсында мұндай жетістікке жетудің оңай еместігі көзі қарақтыларға жақсы мәлім. Бәлкім, одан да жоғары биіктерді бағындырар ма еді, кім білсін?! Анасы өмірден озып, спорттан ерте қол үзді. Жоғарыда айтқандай, қара күшке мығым әрі жүректі болатын. Ұстаса кетсе бір-екі адамға әлі толық жетуші еді. Оның үстіне көше төбелесіне де жетік. Әсіресе, баспен ұрғанда… ондай сәтіне тап келмеуіңізді тілеңіз… Қазандай басымен бір пергенде қандай алыбың да тырапай асады. Әрі соққысын қарсыласының көздеген жеріне қолмен ұрғандай дөп тигізуші еді. Таусоғар туралы өткен шақпен сөйлеуімнің себебі бар… Біршама жыл бұрын ауыр науқастан бақиға аттанды…

Оған менмін деген жігітің қарсы келе бермейтін. Әсіресе… спиртті ішімдік ішкен күні жолықпағаныңыз өзіңізге пайдалы. Алайда ішімдікті ол өте сирек тұтынады. Әрі бас-көз демей кез келгенге соқтыға бермейді. Оның жыны танауын көкке шүйіріп, кісімсігендерге түсетін. Қызметіне мастанып, ақшаның буына еліккен бір шелтеңбай ішіп тұрған Таусоғарға ақыл айтқанында жанында болған едім. Әлгі шөпкетышар ақыл айтуын айтты… Бірақ… соңында әке-көкелеп жалынып, машинасына міне қашып… зорға құтылды… Сонан кейін оның үйінің маңынан жүрген емес… Бір қайран қалатыным қаншама адуын болса да көрші-көлемге, отбасына ешқандай зияны тимейтін… Таусоғар мәрт мінезді, сертіне берік, достыққа адал жан болатын.

Екеуміздің таныстығымыз аяқ астынан басталды. Бір күні ымырт кезінде үйге тетелес інім келді. Жанында мығым денелі, сұсты жүзді жігіт бар. Шамасы менен бір-жар жасқа үлкен шығарсың деп топшыладым. Жаңылмаппын. Таныстық. Шай үстінде әлгі дәу келген шаруасын бүкпесіз жайып салды. Айтуынша, бауыры жазықсыз пәлеге шатылыпты. Түсінгенім, жала жабылған сынды. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтыладының» дәл өзі. Бауырға кім шыдасын?! Бұл да ойға-қырға жүгіреді. Болмайды. Іс насырға шауыпты… Дәудің бауыры менің ініммен институтта бірге оқыған екен. Қаражат керек болып, қарыз сұрап келіпті. Үй сатып аламыз деп жүрген ақшамыз болатын. Солайымен қолына ұстаттым… Дәудің қуанғанын көрсеңіз… Ризашылықтан жанары жасаурап, тамағын жұтына берді… Көп ұзамай інісі ақталып шықты. Қарызға берген ақшамызды да кідіртпей қайтарды.

Сол оқиғадан соң дәумен жақын араласып кеттік. Шаруашылық ауласында жұмыс істеп жүргенімде бөрене, шпал әкеліп, біздің пилорамға тақтай қылып тілдіреді. Қазіргідей қолы қимылдаса ақы сұрайтын кез емес, молшылық уақыт ғой. Ұсталарым «қажет емес» деп қашқалақтаса да, «маңдай тердің өтеуін беру керек» деп үнемі ақша тастап кетеді. Менің жақсы танысымнан ақы алғанға ұсталарым қаралай қысылады… Мен оған бауырындай еркелеп «Таусоғар братан» деймін. Таусоғар менің әзілімді шыбын шаққан құрлы көрмейді…

Тоқырау жылдарының кім-кімге де оңай соқпағаны белгілі ғой. Оңтайландыру тұсында хоздворды жекеге алдым. Табыс бұрынғыдай көл-көсір болмағанымен отбасыма қоса, қарамағымдағы бірнеше адамның жанұясын асырауға жетуші еді. Таусоғар сырттан зат тасып, кәсіп жасады. Бір күні қызық оқиғаға тап болдым. Оқу жылының қарсаңы тұғын. Келіншегімді ертіп, базарға балаларға оқу формасын алуға шықтым. Кенет… Қарсы алдымнан Таусоғар ағам жолықты. Өңі қашып кетіпті. Бірнеше күн бойы үздіксіз ішімдік ішкені байқалып тұр. Мені оңаша шақырды. Бардым.

Басын жерден көтермеген қалпы «Жөке бала, (мені осылай атайтын) тоқтай алмай жүрмін… Ұяттан басымды жазғаның артық болып тұр… Таусоғарыңа анау-мынау жұғын болмайтынын білесің ғой… Келін естімесінші…» деп қипақтады.

Алып ағамның, батыр ағамның маған төменшіктей сөйлегені жаныма инедей қадалды. Сөзге келместен қалтамдағы (үйде де бөтен ақша жоқ еді) барымды Таусоғарымның күректей алақанына қыстырдым. Сонан соң әйелімді ертіп, қайтадан үйге қарай беттедім.

Әйелдің аты әйел ғой… «Балалардың киімін айтсаңшы…» деп күмілжи берген… ала көзіммен бір қарағанмын… сөзіне шашалып, жым болды. Десе де, базардағы құрбысынан оқу формасын қарызға алып, балаларды да шат қылды.

Арада ай өтті. Бір күні жұмыстан оралсам әйел мәз-мейрам. «Палуан аға серіктерімен бірге үйге келіп, қыруар дүние тастап кетті. Өзі жол жүріп бара жатыр екен. Асығыспын деп кідірмеді… Саған дұғай-дұғай сәлем айтты. Сап-сау… мүлде татып алмаған » дейді алып-ұшып.

Сөйтсем… Таусоғар бірнеше қап ұн, қағаз қаптағы вермишель, фляг толы шемішкі май, бір қап қант, шәй-кәмпит, балаларға бастан-аяқ киім беріп кетіпті… Сол кездегі өлшеммен бұл баға жетпес байлық болатын… Көз алдыма Таусоғар братанның сұсты жүзі елестегенде елжірей жымиған едім…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: