Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

МӘН мен АДАМ

28.01.2021, 10:00 787

Кеше картридждің сиясы таусылып, оны толтыруға барғанмын. Шебер жарты сағатта толтырып берді де, «егер бірдеңе болса, хабарласарсыз» деді. Үйге келдім де принтерді қосып едім, істемей қойды. Бірден шеберге хабарластым. Ол «бүгін түнгі онға дейін жұмыс істейміз, картриджіңізді әкелсеңіз, қарап беремін» деді. 15 минутта сонда болдым.

– Бауырым, мынаны бүгіннен қалдырмай жөндеп бермесең болмайды. Менде сабақ. Қағазға шығарып, оқитын қаншама кейс бар. Аптаның соңына дейін үлгеру керек, – деп өтіндім.

– Болды, түсіндім, – деп ол іске кірісіп кетті. – Сабақ оқисыз ба?

– Ия, биыл төртінші курс.

– Қайда оқисыз?

– Біздікі психология ғой.

– Ааа, психология ма? Қазір екінің бірі психолог боп кетті ме, қалай өзі?- деп күлді.

– Ия, сол психологтердің біріміз, – деп, мен де жымидым.

Мен кіріп келгенде, кеңседе қырықтар шамасында бір апай отырған болатын. Ол да әңгімеге араласып:

– Психологсіз бе? – деп ішінде айтары бар секілді көрінді. Мен де оны әңгімеге тартып:

– Ия. Адамдардың тағдырын сынап, түйткілдерін шешеміз, – дедім, әзіл-шыны аралас. Ол:

– Бір кездері маған да психолог керек болған. Күйеуім қайтыс болып, үш баламен қалдым. Өмір тоқтап қалғандай болды. Отырдым да қалдым. Құдды бір мән жоғалып кеткендей болды, – деп өткенін еске алды.

– Сонда, қалай шықтыңыз сондай ауыр қайғыдан, кім көмектесті? – деп сұрадым.

– Ешкім көмектеспеді. Бәрінің айтатыны бір нәрсе ғой, «тағдыр», «Құдайға да жақсы адам керек» деген секілді жұбату сөздер. Бірақ, бәрібір ішіңде «неге мен, неге менімен солай болды, ненің кесірі екен, бұлай болмаса болмас па еді, енді қайтем» деген сұрақ өксітіп тұрды. Осы өксік, жауапсыз сұрақтар бір жыл теңселтіп, ештеңе істетпей қойды. Кейін, жауапсыз қалған сұрақтарды ысырып қойдым да, өзімді қолға алдым. Әйтпесе, балаларымды құртып алатынымды сездім. Ал, қазір шүкір дейін, бәрі жақсы. Балаларымды оқытып-тоқытып жатырмын. Бірақ, соңғы кездері сол бір жауапсыз қалған сұрақтар ойыма қайта орала береді. Басында жұмысқа салынып, ұмытып кеткен болатынмын. Кәсіп ашып, жағдай тұрақталғасын ба, әйтеуір сол кездерді ойлап кете беремін. Өмірден мән жоғалып кететін сияқты, қорқады екенсің, – деп әзілдегендей болды.

Мен апайдың қай жерде тіреліп тұрғанын сездім де, байыппен:

– Сіздің жағдайда екі мәселені айтуға болады. Біріншіден, мән ешқашан жоғалмайды. Керісінше адам жоғалады. Өмірдің оқыс келген соққыларымен алысып-арпалысып жүргенде өзін жоғалтып алады. Сөйтеді де мәннен алыстап кетеді. Ал, мән болса мені тауып, іске асырсын деп, өз егесін күтіп тұрады. Мысалға, сіз күйеуіңіз қайтыс болғанда бір жыл бойы теңселіп жүрдіңіз. Кейін балаларыңызды ойлап, өзіңізді қолға алып, қиын жағдайдан шығып кеттіңіз. Міне, көрдіңіз бе, сіз сыртта тұрған мәнді істі көрдіңіз де оны іске асырдыңыз. Яғни, мән бір жыл бойы жоғалып кеткен жоқ, бар болғаны сіз бір жыл бойы теңселіп, қайғылы күйден шыға алмай жоғалып кеттіңіз. Қалай есіңізді жиып, өзіңізді қолыңызға алып едіңіз, айналаңыздағы мәндерді көре бастадыңыз. Және мән сіздің қандай күй кешіп жатқаныңызға қарамайды. Мейлі сіз жапа шексеңіз де, қуанышты күйде болсаңыз да оның сізден талап ететіні біреу ғана. Мәнді тауып, оны іске асыру. Және сіз қиын жағдайға түсіп, біреудің көмегіне мұқтаж болып тұрған кезде сіздің де көмегіңізге біреу мұқтаж болып тұратынын естен шығармау керек.

Енді, қазір жағдайыңыз тұрақталып, өткен шақтағы сұрақтар мазалап жатыр дедіңіз. Дәл осы мазасыз күй сізді тағы да мәннен алыстатып, ажыратады. Сол себепті сұрақтарыңызға жауап тауып, гештальдты аяқтау керек. Гештальд жабылмаса, мазасыз күйден құтыла алмайсыз.

Жоғарыда қойған «неге мен, неге менімен солай болды, ненің кесірі екен» деген сұрақтар сіздің жағдайда сәл қате қойылған. Оның жауабын білу үшін уақыт керек. Лев Толстойдың «Бог правду видит, да не скоро скажет» деген шығармасын оқысаңыз түсінесіз. Ол жерде Аксенов деген жігіт отыз жылға жазықсыз сотталып кетеді де, абақтыда «неге менімен бұлай болды?» деп басы қатады. Арада отыз жыл өтіп, қартайған шағында сұрақтың жауабын тауып, жазықсыз сотталғанына шүкір етеді. Сол себепті де сіздің қойып отырған сұрағыңыз жалпылама, «базовый» сұрақ. «Оның жауабын қайтсем де табамын» деп ұмтылған сайын, өзіңізді айналаңыздағы мәнді істерден алыстатып аласыз. Оның жауабын білу үшін біршама уақыт пен өмірлік тәжірибемен келетін даналық керек. Ал, жалпы айтатын болсақ, бұл жалпылама сұрақтың жауабы жоқ емес, бар. Оның жауабын Құдай біліп тұр. Бірақ оны қазір айтса да сіз түсінбей, келіспеуіңіз де мүмкін. Сол себепті де уақыт пен даналық керек.

Сосын уақытты талап етпейтін сұрақтар болады. Мысалға, мәселе деген не? Ал, бұл сұрақтың жауабын қазір-ақ беруге болады. Адамның басына түскен мәселелер адамнан бір ғана нәрсені талап етеді. Өзгеруін. Яғни, өзіңізді қазіргі кезіңіз бен күйеуіңіз тірі кездегі болмысыңызды салыстыра аласыз ба? Айырмашылық бар ма, әлде сол қалыптасыз ба?

– Қайдағы. Талай өзгердік қой. Мен ол кезде сәл бір нәрсе болса жылап қала беретінмін. Мықты бола білдік қой. Сабырсыз болғам. Сәл бір нәрсе болса, қол-аяғым дірілдеп, бәрін тастап, далаға шығып кететінмін. Сол кезіме қарасам күлкім келіп, өзімнен ұяламын. Қазір адамдармен сөйлесе алатын болдым. Несін айтасың, ақыр аяғы бизнес ашып кеттік қой, – деп мақтана сөйледі. Мен:

– Міне, көрдіңіз бе? Адамның болмысы статик емес. Яғни, тұрып қалған, қатып қалған зат емес. Ол – дамушы, өзгеруші жаратылыс. Адам дүниеге келген сәттен бастап өзгеріп, дамып отыруы тиіс. Сыртқы формасы емес, ішкі болмысы. Сыртқы формасы, бет-әлпеті, тұла бойы табиғи жолмен, адамның қатысуынсыз-ақ өзгереді. Керісінше, мінез-құлқын, адами қасиетін өзгертуі тиіс. Мінезін өзгертпей, табиғатым сондай, туғанымнан сондаймын, деп мінезін жақтайтын болса, онда оның тағдырын өзі емес, мінезі жасап беретін болады. Оның атауын логотерапияда «психологиялық тағдыр» дейді. Сол себепті, бұдан былай мәселе туындап жатса «неге именно менімен осылай болды» деп емес, бұл мәселе қай тұсымды өзгертуді талап етіп тұр, қай жерден қате бастым деп түсінетін боласыз. Себебі сіз мәселенің арқасында мықты қасиеттерге ие болдыңыз. Әлбетте, мәселеге алғыс айту орынсыз. Себебі, мәселе болмай тұрып, өзіңіз саналы түрде өзгеруіңіз керек болатынсыз. Қалай өзгермей қойып едіңіз, соныңыз мәселеге айналды да басыңызға келіп жабысты. Түбінде бәрібір өзгердіңіз, – деп тоқтадым.

– Мәссаған, сен менің басымдағы шатасқан жібімді тарқатып, жинап бергендей болдың ғой. Көңілім жай тапқандай болып отырмын, – деп ол айтқандарымнан бірдеңе ұққандай болды.

Расында да, апайдың көзіне қарасаң, екі көзі бір нүктеге ойлана қарап, терең ойға сүңгіп кеткендей кейіпте отыр. Тынысы баяулап, терең дем алып отырды. Оның арты шөл қысатыны сөзсіз еді. Соңында су сұрады.

Сәлден соң, шебер жігіт «картридждің чипін ауыстырып бердім, енді жұмыс істеуі керек» деп шығарып салды. Апай қайтарда «мені осы жерге Құдай айдап келді-ау, әйтпесе мұнда ертең келемін деп отыр едім» деп ризалығын білдірді.

Қысқаша айтқанда, мұны логотерапия дейді. Яғни, адамды мәнмен емдеу. Логотерапевт науқасты жұбатпайды, жетектемейді немесе мән тауып бермейді. Логотерапевт офтальмолог секілді. Яғни, көз дәрігері. Көз көретіндей етіп көзілдірік әйнегін туралап береді. Ал, мәнді адам өзі ешкімнің көмегінсіз-ақ тауып алады.

Амангелді  МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,

психолог,

Алматы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: