Бүгінде елімізде 39 мыңнан астам спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы бұйрығымен бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес елімізде әрбір 1000 адамға 80 шаршы метр спорт алаңы болуға тиіс. Бірақ қазіргі таңда әрбір 1000 адамға 47 шаршы метр спорт алаңынан келеді. Бұл мемлекеттік нормативте белгіленген деңгейден екі еседей төмен екендігі Мәжілісте бұқаралық спортты дамытуға арналған Үкімет сағатында айтылды.
Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамыту, спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімді болуы мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, кем дегенде 100 дене шынықтыру – сауықтыру кешенін салуды, сондай-ақ қолданыстағы спорт ғимараттарын тиімді пайдалануды тапсырды. Өткен жылы Елбасының жоғарыда аталған Жолдауы шеңберінде Үкімет 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салды. Биылғы және келесі жылы тағы 87 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.
Мәжілісте мәлімдеме жасаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова республика бойынша спорттық нысандардың саны спортпен шұғылданғысы келетін азаматтар үшін елдің аса қажет елді мекендерінде 100 дене-шынықтыру-сауықтыру кешендерінің (ДШСК) құрылысы басталғанын айтты. Сондай-ақ, 2019 жылы жоспарланған 13 спорт кешенінің құрылысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен, демеушілік қаражат тарту арқылы толық аяқталып, пайдалануға берілгенін де атап өтті. 2020 жылы тізбеге сәйкес 32 ДШСК құрылысын салу жоспарлануда, оның ішінде 10 ДШСК құрылысы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады. 2021 жылдың соңына дейін 100 кешеннің құрылысын аяқтауды жоспарлануда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!