HALYQLINE.KZ Бүгінгі қоғамда еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа да білекті сыбана кірісетін, сонысына қарамастан бала-шағаның да бабын келтіріп, отбасының ұйытқысы бола білген әйел азаматшалар аз емес. Заты әйел, жаны нәзік болғанымен, мойнына ауыр жүк артылған азаматшалардың бірі – Ләйлә Бектұрғанқызы.
Полиция майоры, өмірінің 16 жылын осы салаға арнады. Тұрмысы мен қызмет жауапкершілігін қатар алып жүрген ару 5 бала тәрбиелеп отыр. Бүгінгі күні қай салада болсын, ер-азаматқа тән қызмет түрлерін нәзікжандылар да атқарып жүр. Бірақ біз сұхбаттасқан кейіпкерлер мамандығын сүйіп, адал еңбек етсе, кез келген адам үшін алынбас қамал жоқ дейді. Солардың бірі – Ләйлә Бектұрғанқызы.
Ол құқық қорғау саласындағы еңбек жолын кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, олардың арасындағы қылмыспен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқаратын қызметінен бастаған.
– Мен бала кезімнен құқық қорғау саласында қызмет етуді армандадым. Әсіресе, форма киген әйелдерді көргенде қызығушылығым арта түсетін. Біздің отбасымызда 3 бала тәрбиеленген, мен ортаншысымын. Біздің әулетімізде менен басқа ешкім бұл саланы таңдамаған. Мамандық таңдауда қателеспедім деп сеніммен айта аламын. Полиция формасы оның 16 жылдан бері айнымас серігіне айналды. Еңбек жолын Жалағаш ауданынан бастаған. Қызметінің 11 жылы кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыспен құқықбұзушылықты болдырмау, олардың алдын алу, ескерту мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүргізді.
Ләйлә Бектұрғанқызы – Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының жұмысын ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы.
– Мен өзімді басқа салада елестете алмаймын. Ішкі істер органында жүріп-ақ, тұрмысқа шығып, отбасын құруға болады. Әйел 40 шырақты. Ендеше, оның отанасы болып, қос міндетті алып жүруі өзіне ғана байланысты, – дейді ол.
Иә, Ләйлә – антына адал офицер ғана емес, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесік тербеткен әйелдің бірі. Мықтылығын ісімен дәлелдеп жүрген ол – бес баланың анасы. Бір қарағанда погон таққан әйелдердің қызметіне кез келген отағасының түсіністік танытуы да екіталай. Алайда Ләйла Бектұрғанқызы – жолы болған жан. Ол өмірлік серігін Ішкі істер органында қызметте жүріп кездестірді. Қазір олар – бірлігі мен берекесі жарасқан үлкен отбасы. Бүгінде Қызылорда облысы Полиция департаментінде 80 әйел еңбек етеді. Олар бұл мамандықтың қиындығы мен қауіп-қатеріне қарамастан өз ісін адал атқарып жүр.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!