Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теледидар немесе пысықты қалай танимыз?

09.01.2021, 10:00 1590

HALYQLINE.KZ

Жақын ағамның үйіндегі жеңгей екеуміз «Технодомды» аралап жүрміз. Өзінің ауылдан келген мақсаты сол. Көлемі үлкен шетелдік теледидар алмақ. Алмас еді, бірақ оған себеп болған ағамның құрдасының қатыны. Өткен аптада қаладан түрлі-түсті, қымбат теледидар алыпты ол. Бағасы 200 мың теңге көрінеді. Оны көрген біздің жеңгейдің шабына ши жүгірген. Қатын қатыннан қалса… Жә, оны қойшы.

Бізге одан үлкендеуі керек енді. Экраны көлемді болса дейміз. Солай. Ал «Технодомда» керегің самсап тұр. Пұлың болса, пайдалы дүние көп. Жеңгейдің көзі жайнап, жан-жағына аңқия қарайды.

– Жеңеше, іздегеніміз мында.

Қатарласа жиналған сковородкаларға жұтына қараған жеңгемді жетектеп, теледидар жаққа әкелдім.

– Кідәй-ай, әлгілердің әдемісін. Оған пісірген бермешелің де тәтті болатын шығар, әә, Ежөк?!

– Тамақтың астын күйдірмейді дейді ғой.

Мен де қара жаяу еместігімді осылай білдіріп қоямын.

– Оны айтасың, жаңа мен 50 мыңның өтегін көрдім.

– Аа, иә, ондай бар.

– Ол немене, өзі өтіктей ме киімді?

– Функциясы мықты көрінеді.

– Ой, қараң қалсын, кіттәй темірге сонша ақша сұрап. Үйдегі сәбетский темір өтегімнен артығы жоқ.

– Мұндай үтікке сулы шүберек керегі жоқ. Марляңды төсеп әуре болмайсың. Өзі суын бүркіп, буын шашып, қажеттінің бәрін істейді, жеңеше.

– Қой, құрысын, пәлен сомға енді өтек ала алмаспын, – деді жеңгей қолын сілтеп. -Әлгі телебезіріңді көрейік.

– Міне, мында. Сенің бір сиырыңның басын жұтайын деп тұрған дүниең осылар.

– Алда, қара қасқа-ай! Добалдай дүниеге шынымен қызыл қасқа сиырды саттық-ау.

Жеңгей шынымен де өкінетіндей. Көзіне талай жыл сауған сиыры елестеді ме, сәл мұңайып қалды.

– Аламыз ба?

– Тәуекел. Күйген дүние күйіп кетсін. Сол үшін келдік қой.

– Қыздар, мына теледидарды көрсек деп едік. Мен сатушы әрі кеңесші қызметін ұсынатын бойжеткендерге дауыстағаным сол еді, жеңгей бүйірден түртті.

– Ойпырмай, сызылып, тым тәуір сөйлесесің ғой. Танысып алып, ары қарай әмпәй-жәмпәй… Құрғыр, жасың отыздан әлдеқашан асты. Әне, екеуі келе жатыр. Осылай сыбырлаған жеңгем сатқан сиырын ұмытып, әдемі формадағы бикештерге мейірлене қарап қапты.

– Сізге қай модель керек?? – деді көзі мөлдіреген сары шаштысы.

Жанындағысы әзір сөйлей қоймады.

– Бізге мына Самсунг ыңғайлы сияқты, – дедім мен де әлдебір мақаммен сөйлеп. – Ауылға жіберу керек. Осыны тексеріп, анау-мынаусын түгелдеп берсеңіз. Сосын жол ұзақ, жақсылап орарсыздар сыртын.

– Мынау ғой, – деді сары шашты қыз қосулы тұрған экранды нұсқап.

– Иә, осы, – дедім мен де 239 990 теңге деп бағасы көрсетілген теледидарға басымды изеп.

– Қара тігілгірге бірден 240 мың теңге сұрамай ма?!

Жеңгей бұрқылдай сөйлеп қояды.

– Кассаға бара берсеңіздер болады. Дәл қазір қоймадан затты алып, жігіттер тексеріп береді.

Кеңесші қыздар осылай деген соң сыпайы қоштасып, дүкен ішін асықпай аралай бастадық.

Қош, таксиге бір сиырдың пұлына пара-пар теледидарды тиеп, қайтып келеміз. Жеңгей көргенін ақтармай қоймайтын жан. Дүкендегі үйге қажеттінің бәрін көрді ғой. Соны жыр етеді. Тоңазытқыш, кір жуғыш машина, шаңсорғыш, телефон бәрін ұнатыпты. Ұнамағаны тек сушилка. Жеңгейдің айтуынша, Құдайдың ен даласында, жуған киімді керілген жіпке жайып алғаннан артығы жоқ.

– Ее, айтпақшы, ана сары шашты қызың пысық екен.

– Қай сары шаш?

– Әлгі телебезірді таңдауға көмектескен қызды айтам да.

– Қай жері пысық? Сөйлегені ме?

– Ии, жоға. Бағана дүкен ішін аралап жүрсем, сол қыз біздің мына телебезердің сыртын сүртіп жүр. Складта шаң басқан ғо енді.

– Енді дұрыс қой. Жұмысы өзінің.

– Айналайын, сондай бір жақсы қыз. Ішім жылып қалды. Сондайларды сендер неге көрмейсіңдер осы?!

– Қыздардың бәрі жақсы ғой.

– Қайдам. Ана қасындағысы ұнамады.

– Неге, тым жақсы, бойшаң қыз ғой.

– Қой, қайдағы. Ана сары шашты телебезірді сүртсе, ол қасқа…

– Не қылды?

– Шаң телебезірдің бетіне жүректің суретін сызып ойнап тұр. Оо, қияли десейші…

Күлкі иектеп ала жөнелді мені. Жеңгем шымшып алмағанда, таксиді басыма көтеретіндей екенмін.

Ержан  ҚОЖАС.

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: