Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шағырай батыр әрі би

02.01.2021, 11:00 1900

HALYQLINE.KZ

Рухани  жаңғыру

Шағырай батыр Мырзакелдіұлы ХVІІІ ғасырдың басында, 1710 жылдар шамасында Арал теңізінің батысындағы, қазіргі Ақтөбе облысының Жем өзенінің бойында «Шағырайүстірті» маңында дүниеге келіп, есімін Шағырай қойған болуы керек. «1710-1722 жылдар аралығында Ақтөбе жерінен Кіші жүз халқы (рулары) Сыр бойының екі жағалауына өрлей шежіредегі ретімен қоныстанған. («Қазалы» газеті, «Жайықтан ауған көш». Сыр бойы халқының тарихын зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Әбдіразақов)».

Шағырай батыр 1710-1790 жылдар шамасында Қазалы өңірінде өмір сүрген, құба қалмақтардан елін-жерін қорғаған, қол бастаған, кезінде есімі Әлім тайпасының ұранына айналған батыры әрі әділ биі болған.               

Мырзакелді батырдың бәйбішесінен Ақжігіт, Молжігіт, Байжігіт, Жанжігіт, тоқалынан Шағырай, Жарқынбай, Қаракөз, Арық, үшінші қалмақ әйелінен Мыңбай, төртінші әйелінен Шоңқара 10 бала туған. Шағырайдың әкесі Мырзакелді батыр туралы: «1748 жылы 15 қазанда Батыр сұлтанды хан етіп сайлау кезінде бірқатар Қаракесек тайпалық бірлестігінің тұлғаларының аты аталып, түсі түстеліп, тарих сахнасынан орын алды. (20 адамның тізімі, оның ішінде): Қарасақал тайпасынан Мырзакелді батыр қатысқан» деп жазылған (Қазақ ру-тайпаларының тарихы. ХІІІ том, 2 кітап, 2010ж. 113-114 бет.).

Шағырай батырдың Бурабай, Түйебай, Жеке, Жауғашар, Дәуіт, Сыйқым атты 6 баласы болған, бұл күнде олардың барлығынан Қарақалпақстанда және Арал, Қазалы, Төретам, Байқоңыр қалаларында, Қызылорда, Жамбыл, Шымкент, Алматы облыстарында тұратын ұрпақтары бар. Ұрпақтарының ішінде халыққа еңбегі сіңген, елге танымал болған азаматтары баршылық. Шағырайдың кіші баласы Сыйқымнан басқа бес баласы да батыр болған. Немересі Жауғашар батыр ұлы Ойса батыр көбінесе Дабыл батырдың қасында жүрген, яғни Жанқожа батырдың жүз батырының бірі ретінде тарихи деректерде жазылған. 1650-1800 жылдар аралығындағы құба қалмақтарымен соғысқан қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрған кезде, Әлімнің Қарасақал тайпасынан көптеген атақты батырлар шыққан. Содан Әлім-Шөменде: «билік төртқарада, батырлық қарасақалда, мырзалық шөмекейде» деген сөз қалған.

Шежіреші Қызылбай Қарабалаев (1896-1985) ақсақал Қарасақал руы малдың жайымен жазда Қарақұмда Ырғыз, Торғайға дейін көшсе, күзде-қыста Қызылқұм Жаңадария бойы, Бируни, Үшқұдық, Тамды, Дәуқара, Самархан, Бұқараға дейін көшкен, осы рудың бір бөлігінің отырықшы болып отырған жерлері «Қалыңбас» деген үлкен болыстықпен Қарақалпақтың Дәуқара өңірі аралығы. Сол 1710-1880 жылдар шамасында 1200-дей түтіні кішігірім мемлекет сияқты өздерінің әскері, биі болған дейтін.

Жазушы, зерттеуші, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназовтың Алматы қаласынан 2014 жылы шыққан «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты архив мәліметтерінен жазылған кітабынан үзінділер алатын болсақ, 139 бетінде: «Казахи рода Карасакал имели черезвычайно большой район кочевания. Их летовки находились на Тоболе и Тургае, а к зиме они спускались на Сыр-Дарью. Таким образом, за год стада рода Карасакал проделывали путь до 2 тысяч километров» деп жазылған.

«ХVІІ ғасырдың басында қалмақ ұлыстары Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына 1630 жылдан 1762 жылға дейін 70 000 мың қалмақ түтіні қоныстанып, кейін орысқа өз еркімен бодан болып алған соң, орыс билеушілеріне арқа сүйеген қалмақтар шығысындағы қазақ жерін иемденуге көшеді. Кіші жүз халқымен құба қалмақтар арасындағы осы соғыс 1630 жылдары басталып, 1771 жылдарға дейін созылды. Нәтижесінде Кіші жүз батырлары қазақ елінің батысына екі ғасырға жуық қорған болып, елін, жерін сақтап қалды. 1771 жылы Ресей өкіметінің қалмақ ханы мен оған бағынышты лауазымдық атақтарын жою туралы жарлығы шықты. Ақыры, Еділ мен Жайық арасынан бір жарым ғасырға жуық «жылы қабақ» таппаған қалмақ жұрты, 1771 жылы өздерінің тарихи отаны Жоңғарияға оралуға бел буды. Бұл көш тарихта «Шаңды жорық» оқиғасы деген атаумен қалды. Осылай «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегендей, Қазақстанның екі бүйірінен қысып, екі бірдей мемлекет құруға ұмтылған Еділ бойындағы қалмақ хандығы мен Шығыстағы Жоңғария мемлекеті бір кезеңде жойылып, тарих қойнауының терең тұңғиығына сіңе берді». (Қазақ ру-тайпаларының тарихы. ХІІІ том, 2 кітап, 68-74 бет, 2010ж).

«Қазақтың қалмақтан бөлек түрікмендермен де, Бұхар, Қоқан мен Хиуа хандығы басқыншыларымен де, кейін орыстармен де аз соғыспағаны тарихтан белгілі. Осындай жаугершілік жағдайдағы заманда атақты батыр тұлғалардың рөлі маңызды болды. Сондықтан халқымыз кешегі күнге дейін батыр аталарымыздың ерлік істерін аңыз қылып, ұрпақтан-ұрпаққа айтып келді. Әлімнің сарбаздары кезінде жауға «Шағырайлап шапқан», сол ұранға айналған Шағырай батыр біздің Кіші жүз түгіл, Орта жүз бен Ұлы жүзге де даңқы жайылған, құба қалмақтардан қазақтың елін, жерін қорғаған қол бастаған атақты аруақ қонған батыры ғой»-деп отыратын шежіреші Кәнісбек Төртқара Шоратайұлы Әліпбай ақсақал.

Қазақ батыр-билерінің қай-қайсысының болмасын барлығының өмір деректері туралы жазылған мәліметтер жоқтың қасы, тек орыс басқыншыларының жекелеген көтеріліс басшылары туралы, жоғарғы орындарға берген үзік-үзік мәлімдемелері ғана мұрағаттардан табылып отыр. Әзірге барлық би-батырларымыздың ұрпақтары: «атамыз батыр болды, би болды» дегеннен артық білетініміз аз. Газет-журналдардағы мақалаларды оқыған бір тарихшы айтыпты деген әңгімеде: «Қалдан Церен қонтайшыдан да ұят болды, барлық батырларымыз қонтайшы өліп қалса да, сол кісімен соғысып жүріпті-мыс» – деген екен. Шағырай батыр Мырзакелдіұлына байланысты Жанқожа батыр туралы шыққан көптеген жазушылардың кітаптарында 1710 жыл шамасында дүниеге келген Мырзакелдіұлы Шағырай батыр әрі би, 1774 жылы дүниеге келген Жанқожа батырдың қарамағындағы жүз батырының бірі ретінде, 1841 жылы өткен Созақ соғысына қатыстырылып, Жанқожа қайтыс болғанша қасында болды, – деп, баспасөз беттерінде осы уақытқа дейін қате мәліметтер беріліп келе жатыр.

Марат Назархановтың 2018 жылы шыққан «Құрманай Төремұрат жырау» атты кітабының 165-бетінде: «Жанқожа батыр сол кеткеннен Сырдария бойына қайтып келген жоқ. (Автор 1857-1860 жылдар аралығын айтып отыр – Т.Т.) Жалғыз өзі Боқан тауын жайлап, қыстап үш жыл өткізді. Қолында он екі жасар Жолшы баласы, Шағырай деген күйеу баласы, қызы және әйелі, бөтен жан адам болған жоқ» – делінген.

Міне, осы Жанқожа батырдың жанында аттас Шағырай болды деген сөзді, зерттеушілер аударма кезінде, Дабыл батырмен бірге жүрген, атақты Мырзакелдіұлы Шағырай батыр болуы керек деп есептеп, шыққан тегін нақтылай түсу мақсатында «Қарасақал» руы жазылғаннан жаңылыс зерттеулер басталған.

Молдахмет Қаназовтың Алматы қаласынан 2014 жылы шыққан «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» кітабының 279-бетінде: «1857 жылы қарақалпақтың 200 үйі, Асан Пұсырманов Аймұхаммедтің 200 шаңырақпен, 35 шаңырақты қарасақал Дабыл би, 30 үйлі Раба би де Қызылқұмда батырдың жанында. 1860 жылы өзінің ет жақын туыстарынан Жанқожаның маңында алты-ақ үй қалған. Қарасақал Шағырай өле-өлгенше батырмен бірге, оның атқосшысы, кейін шырақшысы болды. Көтеріліске қатысқандардың бәрі бірдей батырдың ізіне ерген жоқ, бекініске қайта келіп, орыс өкіметінің аяқтарына жығылып, кешірім сұрап, оларға адал қызмет етіп, шен алып, шекпен кигендері бар» – делінген.

Қарасақал Шағырай батыр әрі би туралы жоғарыдағы жаңылыс мәліметтерге сүйенген кейінгі зерттеушілер, Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясының 9-том, (Алматы, 2007 жыл) 412-413-бетте: «Шағырай Мырзагелдіұлы (шамамен 1780 жылы, қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы өңірінде 1848-1850 жылдары, Қуаңдария өзенінің маңы) – батыр, би. Кіші жүз, Әлім тайпасының қарасақал руынан шыққан, қол бастаған батырлығымен қатар, елдің бірлігін сақтаған әділетті би болған. Шағырайдың ерліктері мен билігі ауызша, жазбаша деректерде, Жанқожа батыр туралы архив құжаттарында, Төремұрат жыраудың жырында, ақын Бегежан Наурызбайұлының «Тоғанас батыр» (1992), Ә.Оспановтың «Жанқожа батыр» (1993), Н.Мұсабаев пен А.Мұсабаеваның «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» (1998) кітаптарында көрініс тапқан» – деп Тынышбек Дайрабай жазған.

«Шағырайдың қол бастаған батырлығымен қатар, елдің бірлігін сақтаған әділетті би болғаны, Қуаңдария бойында жерленгені туралы бұрынғы шежіре айтушылардың әңгімелеріне сәйкес келеді.

Ал, «Қарасақал Мырзакелдіұлы Шағырай батыр шамамен 1780 жылы туып, 1848-1850 жылдары өмірден өткен», «Қарасақал Шағырай өле-өлгенше Жанқожа батырмен бірге, оның атқосшысы, кейін шырақшысы болды», «Қазалы ауданының қызылқұм беткейіндегі Жанқожа батырдың қасында Қарасақал Шағырай батыр жерленген» деген – жаңылыс зерттеулер.

Қазақта атақты адамдардың есімін жаңа туған сәбилерге қою ежелгі дәстүрімізде бар екені белгілі. Міне, осы аттас болуынан жаңылыс зерттеулерге байланысты Жанқожа батырдың замандасы саналып, туған, қайтыс болған жылдары жобамен жазылғанына байланысты, Мырзакелдіұлы Шағырай батырдың тарихи деректері ашылмай жүр деуге болады. Қазіргі уақытта Шағырай батырдың есімін, ерліктерін білетін адам қалмады деуге болады. Осыдан 15-20 жылдай бұрын, Тілеуберген Төребеков ақсақалмен Бозкөл ауылында кездескенімде, «Қарасақал Шағырай батыр туралы не білесіз?» – деп сұрағанымда: «Шағырайдың руы Жақайым ғой»-деді. Бұл кісі Шағырай батыр туралы білмейтін болды ғой деп ойлап, ол кісімен басқа сөзге келмедім. Кейін Жанқожаның күйеу баласы Шағырай атқосшысы болғанын, қайтыс болғаннан кейін қызы Байсал мен күйеу баласы Шағырай шырақшысы болған деген әңгімені есіттім және «Төремұрат жырау» кітабынан оқып, Тілеуберген ағаның Жанқожа батырдың қасында жүрген және қасына жерленген, күйеу баласы Жақайым Шағырайдың руын айтқанын түсіндім.

Үлкендердің Мырзакелдіұлы Шағырай батырдың қартайған шағы екен деп бастайтын әңгімелеріне қарағанда ұзақ өмір жасаған болуы керек. Шағырай батыр заманында жүйрік ат ұстап, талай бас бәйге алғаны, саят құрған, садақпен құралайды көзге атқан мерген болғаны айтылса, ұрпақтарының да жүйрік ат оздырып, бас бәйге алған жерлері көп.

Мырзакелдіұлы Шағырай батыр (1710-1790) Жанқожа (1774-1860) батырдан 64-65 жасқа үлкен. Дәлел үшін Әлімнің үлкені Жаманақтан (Шекті) тарайтын 1774-1860 жылдары өмір сүргені тарихи құжаттар мен дәлелденген Жанқожа батыр мен Әлімнің үшінші баласы Айнықтан (Қарасақал) тарайтын Шағырай батырдың шежіре ата санағын салыстырып көрейік:

Әлімнің үлкен баласы Жаманақтан (Шекті): 1. Өріс. 2. Есенәлі. 3. Кішкене. 4. Құттық. 5. Майдан. 6. Құлжаман. 7. Киікбай. 8. Нұрымбет. 9. Жанқожадан (1774-1860). 10. Итжемес, Жолшы туады.

Ал, Әлімнің үшінші баласы Айнықтан (Қарасақал):1. Сарыбас. 2. Бақтыберлі. 3. Медет. 4. Маңғытай. 5. Құдайсүгір. 6. Мырзагелді. 7. Шағырай батыр (1710-1790). 8. Жауғашар. 9. Ойса батырдан (1785-1850). 10. Сейіл, Көздібай туады.

Шежіреде орташа әрбір аталықты 30-35 жылдан қойып жүр. Осы есепке келгенде Айнықтың жетінші ұрпағы Шағырай батыр Жаманақтың тоғызыншы ұрпағы Жанқожа батырдан екі ата 64-65 жасқа үлкен. Яғни Шағырай батыр Жанқожа батырдың атасы Киікбай батырмен жастары қарайлас, замандас 1705-1720 жылдар шамасында дүниеге келген адамдар болып шығады. Ал Айнықтың сегізінші ұрпағы Жауғашар батыр Жанқожа батырдың әкесі Нұрымбетпен жастары қарайлас, замандас, яғни 1740-1755 жылдар шамасында дүниеге келіп, 1800-1820 жылдар шамасына дейін өмір сүрген деуге болады. Ақмырза, Жанқожа (1774-1860), Дабыл (1771-1860), Ойса (1785-1850) батырлардың жастарында 10-15 жас айырмашылық болғанымен қатар, замандас. Шағырай батырдың немересі Жауғашарұлы Ойса батыр Дабыл батырдың қарамағында болғаны, яғни Жанқожа батырдың жүз батырының бірінен саналғаны тарихи құжаттарда жазылған. Бұрын Қазалы уезіне қазіргі Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының жері мен халқы 14 Әлімнің, 4 Шөмекейдің барлығы 18 болыс қараған екен. Ол заманда ру-ру болып қоныс тепкен елміз. Кеңес заманындағы үлкендерге сын жоқ. Оған кедергі болып, бас қайттатқан заман кінәлі. Тәуелсіздігімізді алған соң, енді ес жиып, кеш болса да жаппай ата-бабаның ізін зерттеуге көшкеніміз.

Қазалы уезіндегі Әлімнің Қарасақал руының бір болыстығы «Қалыңбас» болысының орталығы, колхоздастыру кезінде Қалыңбас колхозы, кейін Түпбөгет колхозы болып аталған, 1964 жылы Майлыөзек кеңшары, қазір Алдашбай ахун атымен аталатын ауылдың солтүстік іргесімен өтетін тасжолдың қарсы бетінде 300 метрдей жерде алғашқы «Қалыңбас» колхозының орны болыпты.

Алдашбай ауылынан кейін батысқа қарай 30 шақырым үстінде Қуаңдария ауылы, Қуаңдария ауылынан батысқа қарай 22 шақырым жерде Жаңақала ауылы орналасқан.

 Ертеде қазіргі Қармақшы ауданының осы үш Алдашбай ахун, Қуаңдария, Жаңақала ауылдарының, Сулы қасқа, Нысан қазған, Ноғай, Шағай, Дәуқара деген жерлерде жайлаған Қарасақал руының «Қалыңбас» болысының халқы отырғаны анық. Арғы жағын білмегенмен 1850-1928 жылдар аралығында «Қалыңбас» болысының болыстары болып, ұзақ жыл Жайық батырұлы Жанарыстан би, Көлдейбекұлы Ерімбет, Жанарыстанұлы Рамберлі 18 жыл, ең соңғы 1920-1928 жылдар шамасында Калменұлы Телағыс деген кісілердің болыстық қызмет атқарғаны белгілі болды.

Қазіргі бұл жердегі тұрғылықты халық Шөмекей, Кете, Жетіру ағайындар 1856 жылғы Жанқожа батыр бастаған орыс отаршылдарына қарсы Сыр бойы қазақтарының соңғы соғысында жеңілгеннен кейін, Әлімнің басқа да руларымен қатар Қарасақал тайпасының негізгі бөлігі бұрыннан тек қыс айларында баратын Қарақалпақ жеріне үдере көшіп, қоныс аударса, оның ішінен аз бөлігі 2-3 жылдан кейін қудалау бәсеңсіген уақытта қайта көшіп келіп, 10-20 жылдай жайлағандары болған. Міне, осы кезеңде және 1928-1930 жылдарғы колхоздастыру кезінде бос қалған жерлерге келіп орналасқан.

2012 жылы Қазалыдан ақсақал ағаларымызды ертіп, Қармақшы ауданының Жаңақала ауылының тұрғыны, осы аймақтың жер, суын, халқын жақсы білетін, 81 жастағы Шөмекей Көнек Сұлтанұлы Әлиакбар ақсақалдың отының басына түсіп, екі күн бірге жүріп, осы маңның тарихымен танысқан болатынбыз. Сол жолы Шағырай батырдың үй тамының құлаған орнын және Шағырайдың екінші баласы Түйебай батырдың үй тамын, Еременұлы Итемген батырдың құлаған үй тамының орнын, Бейбіт бидің бейітінің орнын, Самырзаұлы Наймантай бидің үй тамын көрсеткен болатын. Шағырай батырдың әкесі Мырзакелдінің бейіті, «Мырзакелді сайы» аталған жер де сол маңда екен.

Суреттерде: Түйебай үй тамы мен 2015 жылы қойылған құлпытас.

Жаңақала ауылының солтүстік шығысында 18 шақырым, Қуаңдария ауылының шығыс бетіндегі 15 шақырым жерде биік төбе басындағы Шағырайұлы Түйебайдың үй тамының ұзындығы мен ені бірдей жеті метр, биіктігі алты метр шамасында болса, қабырғасының қалыңдығы бір метрден астам болған күмбезделген үй тамның жауынмен күмбезінің жоғарғы бөлігі ішіне құлаған, ішінде екі үлкен адамның және бір кішкене баланың сыпасы бар. Айналасына жерленген он бес шақты бейіттен бөлек және бір кішілеу үй там орналасқан. Түйебай үй тамынан төбелерді айналып жүргенде бес шақырым жердегі алыстан көрініп жеке тұрған биік төбе басындағы Шағырай батырдың құлаған үй тамының орны ағарып көрінді

Суретте: Шағырай батырдың құлаған үй тамының орны.

Шағырай батырды, оның бейітін соңғы 100-140 жылдай бұрын осы жерге келіп орныққан халықтың өкілдері, бұл күндері бақилық болған үлкендерден естіген зейнет жасындағы азаматтар «Шағырай батыр, би, әулие адам болған» деп біліп жатыр. Білмеген жастар «сол жердегі ақ төмпек басына атпен, мотоциклмен шығып, мал қарасақ жоғымыз тез табылады»-дейді екен. Естіген халықтың ішінен жастары «Біздікі ұят болған екен, атақты батыр әрі әулиенің басына «ақ төмпек» деп мотоциклмен үстіне шығып тұрғанымызды білмедік қой»-деп жатқанын есіттік. Ал ертең он-жиырма жылдан кейін бұл бейіттердің кімдікі екені ұмытылар. Сондықтан басына, үлкен мәрмәрдан белгі қойып, құлаған үй тамның сыртынан төртқұлақ салуға бір ауыздан шешім қабылдадық.

Шағырай ұзақ өмір сүріп, балалары аты шықпай қалады деп биік төбе басына оңаша жерлеген болуы, маңында басқадай бейіттердің орны көрінбеді. Күмбездері іштеріне құлап, кісі бойы ақ төбе болып қалған. Сондықтан ішінде қанша адам жерленгені беймәлім күйінде қалды. (Дәстүр бойынша үйтам тірі кезінде салынып, қасына әйелдері мен жастай шетінеген немерелері жерленген болуы мүмкін).

Бұдан кейін де 2014-2015-2019 жылдары Қазалы ауданынан және Алматы, Жамбыл облыстарынан келген ағайындарды бірнеше мәрте ертіп алып барып, Жаңақала, Қуаңдария ауылдарының ақсақалдарымен бірнеше рет кездесулер өткіздік. Кейін Шағырай мен Түйебай және Наймантай ұрпақтары аталарының бейіттерінің басына құлпытастар орнатты. 2015 жылғы маусым айының 2-6-сы күндері аралығында Мырзакелдіұлы Шағырай батырдың ұрпақтары құлаған үйтам орнының сыртынан целикат кірпіштен ұзыны мен ені бірдей 8 метрлік төртқұлақ кесенесін салды.

Суретте: 2015 жылы Шағырай батырға ұрпақтары жаңартылып салған төртқұлақ кесене.

Кесене салынып біткен маусым айының 6-сы күні Қуаңдария ауылының тұрғыны Масақбайұлы Ғабит құданың отының басына кешкілік Жаңақала және Қуаңдария ауылының ардагерлер ұйымының төрағасы Дүйсебайұлы Ешмағамбет бастаған ақсақалдары шақырылды. Мал сойылып, садақа беріліп, құран бағышталды. Батыр әрі би Шағырай батыр, оның әкесі Мырзакелді батыр, Итемген батыр, Түйебай батыр, Наймантай би, Бейбіт би, Байтерек (Бақан) батыр, Ерімбет шайыр туралы естеліктер айтылды.

Шағырайұлы Түйебай мен Самырзаұлы Наймантайдың үй тамдары қабырғалары қалыңдау салынды ма, әлде 30-40 жылдай кейін салынғандықтан болуы, әзірге күмбездерінің жоғарғы бөлігінің құлағандары болмаса бүтін тұр деуге болады.

Шағырай кесенесінен шығысқа қарай Шөмекей Тоғанас батырдың сексеуілден үйілген белгісінің оңтүстігінен жанай өтетін жол үстімен жүргенде, Самырзаұлы Наймантай би үй тамына дейін он бір шақырым, ал Қуаңдария ауылынан Алдашбай ахун ауылы арасындағы үлкен тасжол бойындағы Кете Ешнияз салға салынған кесенеден Самырзаұлы Наймантай би үй тамының аралығы солтүстікке қарай алты шақырым жерде орналасқан. Тоғанас батырға Шағырай алты баласының бірінің қызын бергені туралы әңгіме айтылатын.

Суретте: Самырзаұлы Наймантай би үй тамы мен 2019 жылы қойылған құлпытас.

Қуаңдария ауылының орталығы кешегі күнге дейін, «Шал қасқа ат» кейін «Шал қасқа» аталған ферма орталығы, 1964 жылы «Ақжар» кеңшарынан бөлініп, «Қуаңдария» кеңшары болып құрылған. «Ертеде Қуаңның суы өткел бермес толық кезінде тұтқиылдан қалың қол жау шауып, қазақтың көші Қуаңға тірелген екен. Жаудан бас сауғалап қашқан елдің алды өткел бермес өзен, арты қаптаған жау болып тығырыққа тірелгенде, Шағырай батыр атынан түсіп дұға оқып, жаугершілікте жанына балап мінген тұлпары шал қасқа атын құрбандыққа шалып, қанын Қуаңның суына ағызған екен. Құдайдың құдіретімен өткел бермес Қуаңның суы, көш өтіп болғанша екіге бөлініп, ел өтіп болғанда қайта толқынданып ағыпты. Жау өзенге тіреліп, халық бала-шағасымен аман қалыпты»- деген әңгімені естуші едік. Осы аңызға ұқсас әңгімені Әлиакбар ақсақалдың аузынан қайталап естідік. «Шал қасқа атты құрбандыққа шалған» жері ауыл іргесіндегі дарияның көне орны жанындағы биік осы екі төбенің бірі болуы керек – деп екі төбені  көрсетті. Жақын жерде «Мырзакелдінің сайы» деген жер, жанында бейіті де бар» – деді. (Мырзакелді батыр – Шағырай батырдың әкесі. – Т.Т.). Бейітпен сайға айналасын су айналып кеткендіктен бара алмадық. Жаңақала мен Қуаңдария ауылдарының аралығында Аманжолұлы Бейбіт бидің бейітінің орнын көрдік. Қарасақал Бейбіт би және оның бейітінің орналасқан жері туралы Серғали Толыбековтің «Қазақ шежіресі-1992 ж.» кітабының 93-бетінде жазылған. Қуаңдария ауылының солтүстік жанынан өтетін жол бойындағы қорымда Үсенұлы Байтерек (Бақан) батырдың бейіті бар екен. (Байтерек жауға шапқанда жуан бақанды алдына өңгеріп, оң мен солын жайпайтындықтан «Бақан» аталып кеткен екен. Байтеректен Жанай, Жанайдан Кәдір-Сәдір батырлар туады. – Т.Т.). Бұл жергілікті халықтың үлкендерінің айтып, кейінгі ұрпақтарының есте сақтап қалғандары ғана. Есте сақталмай ұмыт болған атаулары мен есімдері белгісіз бейіт, қорым, ескерткіштер де бар екен.

Итемген батыр бейіті туралы Әлиакбар ақсақал: «Біз Шөмекейдің Байкөнегі, аттас Итемген шығар деп жорамалдап жүр едік, ұрпағы Білісбайұлы Таңатар деген» – деді. Қасымызда бірге жүрген 1938 жылы өмірге келген, Төребайұлы Зұлпыхар ағамыз Қарасақал Еременұлы Итемген батырдың бесінші, бұл кісінің немересі жетінші ұрпағы дедік.

Суретте: Еременұлы Итемген батырдың бейіті.

Еременұлы Итемген батырдың Шағырайдан ерте өмірден озғандығына байланысты бейітінің қасы қорым болған. Бұл қорымда әйелдері мен балалары және ағайындары жерленген болуы керек.

Еременұлы Итемген батыр «Аңырақай шайқасында (1729-1730 ж.)» Әбілхайыр ханның жасағында болған Қарасақалдың Сарыбас аталығынан шыққан ондық-жүздік басқарған он үш батырының басшысы болған деген әңгімені қазалылық шежіреші Өмірзақ Ахметовтің аузынан естіген едім. Сол он үш батырдың ішінде қол бастаған әкелі-балалы Құдайсүгірұлы Мырзакелді, Мырзакелдіұлы Шағырай және Құдайсүгірұлы Еремен (Ремен), Еременұлы Итемген батырлар болды деген әңгімелер айтылады. Мүмкін архивтерден іздесе есімдері табылып қалар. 

 «Итемген үй тамы» Қарасақал Еременұлы Итемген батырдың бейіті деп есептеп жүрміз. Оған дәлел: 1) Кіші жүз рулары Ақтөбе жерінен, оның ішінде Қарасақал рулары Жем өзені бойынан қоныс аударып, Сыр бойына келген 1710-1722 жылдардан бастап, қазіргі Жаңақала, Қуаңдария, Алдашбай ахун ауылдарының жерінде Қарасақал руының негізінен Сарыбас, Пұсырман аталықтары жайлаған. 1856 жылғы Жанқожа батыр бастаған орыс отаршылдарына қарсы Сыр бойы қазақтарының соңғы соғысында жеңілгеннен кейін, көтеріліске қатысқан ру есебінде қудалануға ұшырап, Қарақалпақтың Дәуқара жеріне үдере көшіп, қоныс аударған, 2-3 жылдан кейін қудалау басылған шамада қайта көшіп келіп, 1880 жылдарға дейін көшіп-қонып жүргендері болған. Кейін патшалық Ресей болыстық басқару енгізілгенде, Қазалы уезінің Қарасақал руының бір болыстығы «Қалыңбас» болыстығының орталығы болғаны тарихи шындық.   

«Қазақ ру-тайпаларының тарихы – Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей)-2010ж. ХІІІ-томының» 3-кітабының 197-бетінде: «Орыс авторларының еңбектеріндегі Шөмекейлердің ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы (1880-1920 жылдар жобасы айтылып отыр. – Т.Т.) нақтылы қоныстары мен шаруашылық ерекшеліктері, түтін саны мен адам саны жөніндегі дұрыс мәліметтер статистикалық комиссия еңбектерінен алуға болады». 213-бетінде: «Шұбар, Жолай аталықтары І әкімшілік ауылында қоныстанып, 207 түтіннен 1298 адам тараған. Оның ішінде Шұбар аталығы (88 түтін) Сүйірбай Базарқұл ақсақал, Жолай аталығы (119 түтін) Ақмырза Алдамқұл ақсақалдар басқарған. Байтерек, Ақ арал, Шалқасқа ат, Бейбіт, Төрекбай (Терекбай), Бодық, Жиделі, Таңатар, Қара шұңқыр, Низам тас қыстауларын Шұбар аталығы қыстаған. Олардың жартысынан астамы (49 түтін) көшпелі, жартысына жуығы (39 түтін) жартылай отырықшы өмір сүрген. Олардың ішінде егіншілікпен 18-ақ түтін айналысқан. Жолай Қожа қауымдары Қарамырза, Жалқыбай, Бадақ, Мантубай, Жыланды арық, Таскөже там, Әулие сексеуіл, Шағырай қыстауларында қоныстанған»-делінген. (Руы Жолай Таңатар Қарасақал Бейбіт бидің тәрбиесінде өскен туған жиені, кейін «елші Таңатар» аталған. (Қазақ шежіресі-1992ж. 93-бет, С.Толыбеков). Бұл жерде Шөмекей руларының 1856 жылдан немесе 1880 жылдан кейін келіп, бұрынғы көшіп кеткен Қарасақал руларының қыстауларына қоныстанғанын көреміз. – Т.Т.).

2) Еременұлы Итемген мен Мырзакелдіұлы Шағырай батыр немере туыс адамдар, жас айырмашылықтары 4-5 жас шамасында, бұл екі кісі де заманының атақты батырлары, абыройлы, күйлі адамдар болғаны шежірелерімізде жазылған, көрші отырулары заңды.

3) Шағырай батырдың әкесі Мырзакелді сайы мен бейіті, Итемген бейітінің батыс бетінде, Шағырай үйтамы шығыс бетінде 7 шақырым, Бейбіт бидің бейіті Итемген үй тамының оңтүстік батысында 7-8 шақырым, Байтерек (Бақан) батыр Итемген бейітінің оңтүстік бетіндегі, қазіргі Қуаңдария ауылының іргесіндегі тасжолдың жиегінде 25 шақырым, Наймантай үй тамы шығысында 13 шақырым жерде орналасқан. Яғни аталған қарасақал кісілердің бейіттерінің ортасында Итемген қорымы орналасқан.

4) Шағырай, Итемген, Бейбіт би бейіттерінің бұдан 180-200 жылдың үстінде салынғаны, бейіттерінің құлағандарына 60-70 жылдың үстінде болғаны көрініп тұр.

Енді Шөмекейдің Байкөнек аталығынан тарайтын Итемген аттас аталарына теліп жүрген Білісбайұлы Таңатар мен оның ұрпақтарымен кездесіп, түсінісіп алу қалып тұр. Содан кейін ұрпақтары бабаларының бейітінің басына белгі қойып, зиярат жасауды өздеріне парыз санап жүр. Байкөнек Итемген ұрпақтары бізге хабарласса дұрыс болар еді.

Шағырай мұнарасы туралы: Ерте заманда үлкен күмбезделген үйтам, биік мұнараны кезінде аты шыққан тұлғаларға батыр, би, байларға салынған емес пе? Ол заманда биік төбе басына сексеуілден, дүзгіннен биік қылып үйген, байлығы мүмкіндігі барлары мұнара тұрғызып, кезінде атақты адамның жайлаған, қыстаған, төлдемде, күздеуде отырған жерлеріне ескерткіш есебінде ұрпақтары әкесінің, атасының атын шығару мақсатында салды емес пе? Қазалы жерінде Қуаңдария бойындағы «Ақ ишан» қорымының оңтүстік жағындағы үш шақырым жерде Шағырайдың немере інісі Итемгенұлы Ақша батырға салынған биіктігі 11 метр, төменгі жуандығы төрт метр, ұшар басындағы жуандығы бір жарым метр шамасында болатын мұнара бар. Алдашбай ахун ауылы халқының айтуы бойынша, біз барып көре алмаған, ауылдан он-он бес шақырым жердегі тұрған «Шағырай мұнарасының» естуімізше, Қазалының Бозкөл ауылы жеріндегі Ақша батыр мұнарасына ұқсастығы көп. Осы екі ұқсас мұнараны да бір әулеттің адамдары салған емес пе екен дедік. Тәуелсіздік алғанға дейін аталарды іздемеген өзімізден де қателік бар, оны мойындаймыз, әрине. Еременұлы Итемген ұрпақтары өскен-өнген әулет, бұл күнде 400-дің үстінде шаңырағы бар. Олар басқаның бейітін, ескерткішін пайдалану мақсатынан аулақ. Қолдан келсе әділеттік орнаса деген пиғылда.

Итемген бейіті мен Шағырай мұнарасын иесіз болған соң аттас аталарына теліп жүрген шығар, әділеттілік үшін зерттеп, аталарының туған, сол жерге қоныстанған, дүниеден өткен жылдарын салыстырып анығына жетсеңіздер, – деп Әлиакбар ақсақалға өтініш айттық. Ол кісі «Шөмекейдің Байкөнегі Итемген ұрпақтарының, үлкендері бақилық болған, жастары бұл елде тұрмайтынын айтып, туыстарына хабарласып, хабарын беретінін айтты». (Иманы жолдасы болғай Әлиакбар ақсақал жақын жылдары бақилық болғанын есіттік).

2012 жылы Сұлтанұлы Әлиакбар ақсақал Жаңақала ауылына Нысан қазған елді мекенінен жақын жылдары көшіп келген, Шөмекей Аспанның Малбикесі 71 жастағы Сайымбек Дәменұлымен кездестірді. Бұл кісі өте зерек әңгімешіл, есіткенін ұмытпайтын адам екен, мол мағлұмат алдық. Біз жолыққан осы елдің басқа да адамдары елдің тарихын осы екі кісіден артық білетін адам қалған жоқ деп мойындайтынын білдік. Сайымбек ақсақал: «Сыр мен Қарақалпақтың арасындағы жердің көбісінде қарасақал ағайынның бейіттері жатыр. Жаңақаладан 182 шақырым жерде «Қарасақалдың қасқасы», кейін «Сулы қасқа» аталған тау төбенің басы толған көп қарасақалдардың бейіті және сол маңда Дәуқараға дейінгі жерде Шобан қазғанның қасында Пұсырман аталығынан: бұл күнде ру басы болған Ноғай, Шағайдың бейіттері және Шағай аталығының Ауғанбайдың құдығы, бұлағы, Жәнібектің құдығы, бұлағы, Құтымның қағы, бұлағы, Көбек жантақтың қағы, Нысан қазған құдығы, Жауыншының бұлағы, Лаубайдың үй тамы, Қоспан құмдағы үлкен қорымда көптеген қарасақалдар жерленген. Қылыш бидің қаласы, бейіті, баласы Сайын бидің қыстауы соқпадан салынған Мүлік ауылының шығыс бетінде 16 километр жерде әлі күнге дейін тұр екен.

Сарыбас аталығынан: Шағырайдың құдығы, бұлағы, Көшердің бұлағы, Ойса батырдың төбесі, Ақша батырдың бейіті, мұнарасы, Достанбектің төртқұлақ бейіті, Тықыбай жарған қағы, Бәлекей жарған (Тықыбайдың тоқалы) қағы, Әукебайдың ақ құдығы, Тоқалдың (Әукебайдың тоқалы) ақ құдығы, Бұланның (Бұланбай) құдығы, Жанай қазған Марқай құдық, Қаракөздің бұлағы, Сапақтың төбесі және Сарыбас төбенің бұлағы, Сиқымның бейіті, бұлағы, Кәрібайдың бұлағы, Шарықтының құдығы, Жаманбайдың құдығы, бұлағы, Қадаудың бейіті, Иіптің сайы, Майлыаяқтың құдығы, бұлағы, Тұрым қазған құдығы, Сулы қасқаның құдығы, Ала қой сойғанның құдығы, Бақайдың құдығы, Байшуақ құдығы, Мерек батырдың құдығы, Кәдір-Сәдір батырлардың үй тамы, Алғазының үй тамы, Тоқабайдың белгісі, құдығы, Мекебай-Мешітбайдың құдығы, Орымбет қазған «Томар астау» бұл күнде «Қос труба» аталған бұлақ Қожа батырдың қысқы қыстауының орны, Атантайдың белгісі, Досбергеннің құдығы, Құлбергеннің құдығы, Сейтімнің қағы, бұлағы, Ажар жақта Сәмен әуіт, Тауасар әуіт деген тағы басқадай 100-ге тарта көптеген қарасақал ағайынның есімдерімен аталатын жерлер бар. Қуаңдария сағасын Сырдариядан, Жаңадария Қуаңдариядан алса, Жаңадариядан «Қамысты» өзені шығып, Дәуқараның үстімен өтіп, Арал теңізіне құйған. Қарасақал тайпасы сол «Қамысты» өзені бойына және Дәуқара көлінің айналасына егін егіп, өмір сүрген. Дабыл батыр ағайынға Дабыл арығы, Дабыл жармасы деген атау алған 50-60 гектардай егін еккізген жерлерде, әлі күнге дейін атыз, арықтарының ізі жатыр», -деді.

Әзірге Шағырай батыр әрі би туралы баспасөз беттерінде жазылған 19.12.2003 жылғы «Тұран-Қазалы» газетінде «Шағырай батырдың дауды шешіп қайтуы» атты қармақшылық Қанибек Молдахметовтің, қазалылық Құдайберген Ысмағұловтың «Тұран-Қазалы» газетінің 14.02.2007 жылғы «Қарасақал Шағырай батыр» мақалалары, Т.Тілеуқабылұлының 2015 жылы шыққан «Шағырай батыр» атты 32 беттік кітапшасы, «Халық» газетінің 07.03.2019 күнгі №9 (964) санында «Шағырай батыр кім болған?» және «Ардагерлер айнасы» газетінің №7, 01.04.2019 күнгі санында «Шағырай батыр» атты мақалалары шыққан.

Шағырай батыр туралы облысымыздан шыққан тарихшы жазушылар тарапынан осы күнге дейін ғылыми түрде зерттеліп, өз бағасын алған жоқ. Келешек жазушыларымыз бен тарихшыларымыз алдағы уақытта жоғарыда аталып өткен кемшіліктерді қайталамай, қалпына келтіруге жұмыс жасаса деймін. Қызылорда қалалық және Қазалы аудандық маслихаты мен ономастикалық комиссиясы  Мырзакелдіұлы Шағырай батыр әрі биге Қызылорда қаласынан және Қазалы ауданынан лайықты бір мекемеге немесе бір көшеге есімі берілуіне ықпал жасаса, деген халықтың сұрауы көп жылдардан бері айтылып келеді.

Төлепберген Тілеуқабылұлы,

Еңбек ардагері,

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы.

Байланыс телефоны: 87029375720.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: