«Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын». Өз заманындағы қазақтың өмір салты мен көзқарасы, діні мен ділін шебер суреттеп, халқымыздың ұғымы мен түсінігін өркениет дәрежесіне жеткізуді мақсат еткен Хакім Абайдың мұрасы өскелең ұрпаққа қашанда асыл болып қала бермек. Уақытында Алаш қайраткерлері Абайды тиісінше ұлықтамағанымызға қапаланып, оның философиясын түсініп, дәріптегенде ғана дамыған ел боламыз деп жарыса жазған еді. Расында, алға жылжу үшін артта қалған құндылықтарымызды жинап алуымыз қажет. Ал ол құндылықтармен Абай шығармаларының арқасында танысуға болады. Бүгінде халқымызда ақынның шығармашылығы таңсық ұл мен қыз сирек. Және мұнымен ақын өлеңдерін дәріптеу де тоқтаған емес. Осы тұрғыда, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен компания қызметкерлері мен олардың балалары арасында өткен «Ұлы Абай» онлайн-сайысының марапаттау кеші болды. Еліміздің экономикасына ғана емес, халқымыздың руханиятына да үлес қосып жүрген іргелі компанияның іс-шарасы жоғарғы деңгейде өтті. Сайыстың ережесі бойынша қатысушылар Абай Құнанбаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып берген. Тиісінше, көптен дараланып, көзге түскен бірнеше қатысушыға марапат табысталып, сыйлықтар тарту етілді.
– Халқымыздың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына арналған шараға қатысқаныма қуаныштымын. Мен бұл сайыста Абай атамыздың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін айтып бердім. Абай атамыздың өлеңдерін бұрыннан жатқа білетінмін. Барлық өлеңі қатты ұнайды. Алайда дәл осы өлең жаныма жақын болды. Сол үшін онлайн-сайысқа осы өлеңді таңдадым. Әкем мұнайшы болып жұмыс істейді. Ол осы сайыс туралы айтқанда қуанып кеттім. Бірден жарысқа дайындалдым. Нәтижесінде, бірінші орынды иелендім, – деді жас жеңімпаз Балым Омар.
Өздерінің сүйікті өлеңдерін айтып берген балғындар марапат пен сыйлықтарға дән риза. Ақынның өлеңдерін бұрыннан жатқа білетінін айтады олар. Шынында, қазақ философиясының шамшырағымен мектеп оқушылары жақсы таныс. Сайысқа жіберген бейнероликтерді көру барысында жастарына қарамастан Абай шығарған өлеңнің терең мағынасын сезініп, нық айтып, дәл жеткізе алды. Оқушылар бірінен-бірі асып, өздерінің білімімен және талантымен қонақтарды таңғалдырды. Сайысқа қатысқан қызметкерлер де Абай өлеңінің құдіреттілігіне тәнті.
– «Құлақтан кіріп, бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» демекші, Хакім Абай өзінің өлеңдерін адамның жан дүниесімен байланыстырып, қазақтың болмысын толықтай аша білген. Мен осы сайыста «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін оқыдым. Абай атамыздың кез келген өлеңін оқып бастасаң, сол заманға түскендей күй кешесің. Суреттеу мен сипаттаудағы ақынның шеберлігіне басымды иемін. Қай өлеңін оқысаң да, айызың қанады. Мен орысша оқып едім, қазақ тілін толықтай білмейтінмін. Абай Құнанбаевтың өлеңдерімен танысу барысында қазақша жеңіл сөйлеуді үйрендім десем де болады. Бұл өлеңдерден қазақ тілінің байлығын көруге болады. Тағы бір таңғалғаным, бір ғана «сүйем» деген сөзді неше түрлі етіп жеткізуге болады екен. Абайдың осындай шеберліктері мен теңеулері өлеңдерін одан сайын құнды етеді. Бір қызығы, Абай өлеңдерінің философиясын бір сәттен-ақ түсіну мүмкін емес. Бала кезімізде оқығанда басқаша ой қалыптастырса, есейген кезде оқып, мүлдем басқаша бағытта түсініп отырмын. Осы сайысқа қатысқаныма қуаныштымын. Ұйымдастырып жатқан компаниямызға алғысымды білдіремін, – деді өндірістік қызметтер жөніндегі директордың орынбасары Бақыткүл Есіркепова.
Абайдың өнеріне бастапқы кезде көпшілік мұрнын шүйіре қарап, менсінбей өтті. Ақынның алғашқы кітабы өзі өлгеннен соң 5 жылдан кейін ғана басылған. Басылғаннан соң да елге көп тарай алмаған екен. Дегенмен, уақыт өтіп, кезі келгенде Абайдың кітабы әр қазақтың үйіндегі сөресінде тұрғаны қуантады. Әдебиеті жоқ халық өзге елмен үзеңгі қағыстырып, тең жүре алмайтыны түсінікті. Осы тұрғыда, әдебиетіміздің бас ақынын дәріптеу мақсатында ұйымдастырған іс-шараға ат салысқан компанияның кәсіподақ ұйымын атап өткен жөн.
– Ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы Абай» онлайн-сайысы өте жоғары деңгейде өтті. Күнде көріп, көз үйренген мұнайшыларымыз Абайдың өлеңін мүдірмей айтып тұрғанын көріп таңғалдым. Әрине, барлығының бойында таланты, айтарға сөзі бар екенін білемін. Дегенмен, мұнша шеберлікпен өлең оқи алатындарын білмеппін. Одан бөлек, бүлдіршіндердің де мүдірмей, өлеңді сезініп, керемет орындағанын көріп жүрегім елжіреп кетті. Жеңістеріңіз құтты болсын,– деді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақытжан Қасымова.
Пандемия уақытына қарамастан, сақтық шараларын толықтай сақтап Абайды дәріптеуге ат салысқан компанияның еңбегі ерен. Алаш арысы Міржақып Дулатұлы өзінің бір жазбасында: «Қараңғы дүниеде шырақ жаққан басшымыздың есімі, құрметі, терең мағыналы асыл сөзі атадан – балаға, немереден – шөбереге үзілмей сақталуын тілейміз. Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен сонша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халық жиі зиярат етер. Халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз. Бірақ рухымыз сезер, қуанар…» деп жазып кетіпті. Абайды дәріптеудің, оның шығармасын ұрпаққа жеткізудің маңызын жеткізгісі келсе керек. Олай болса, Алаш қайраткерлерінің бүгінде арманы орындалды. Абайды танымайтын қазақ жоқ десек те болады. Бас ақынымыздың есімі елде ғана емес бүкіл жұртшылыққа аян. Және мұнымен ешкім тоқтамақ емес. Абай аты елмен бірге мәңгілік жасайды деп сенеміз…
Бекзат АМАНОВ.
Андрей Тайгунов (сурет)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!