Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайнар білімнің құтханасы

14.12.2020, 9:20 675

HALYQLINE.KZ

Туған  жер  –  тұнған  шежіре

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді бұрынғылар. Жұмыр басты пенденің ілім-ғылымға деген көкірек көзін ашуда осынау киелі орынның зор септігі тигені шүбәсіз.

Әр төбесін түртіп қалсаң, тұмса тарихы қазыналы көмбедей болып жататын Қазалы ауданындағы алғашқы кітапхананың да шежіресі қатпарлы.

Өткенімізге зер салсақ, Қазақстан мен Орта Азияның табиғаты мен тарихын зерттеген орыс саяхатшылары қалдырған мәдениет ошақтары көптеп кездеседі.

Соның бір мысалы – 1901 жылы Қазалы қаласында салынған ең алғашқы кітапхана құрылысы деуге толық негіз бар. Оның іргетасын сол заманда тағдырдың тезімен қазақ даласына жер аударылып келген орыс зиялылары қалаған. Олар кітапхана қорына қолда бар әдебиеттерін беріп, қазақ жастарының ұйымдасып ойын-сауық қоюына, одан түскен қаржыға кітаптар сатып алуына мұрындық болды. Кітапхананың қазақ халқы үшін таптырмас білім көзі екенін түсінген қазақ зиялылары кітапхана қорын толықтыруға өзіндік үлестерін қоса бастады. Сөйтіп, алғашқы жылы 437 дана кітап қорымен Қазалы қаласында өз оқырмандарын қабылдады. Сол жылдары кітапхананың тұрақты 113 оқырманы болды.

Кейінгі жылдары Арал теңізін зерттеуге келген академик А.С.Берг осы кітапханаға арнайы соғып, бірнеше ғылыми әдебиет, Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шанский де Қазалы қаласында болып, кітапхана жұмысын жақсарту туралы кітапханашыларға ақыл-кеңес берген, кейін өзінің жеке кітапханасынан 200-ге тарта кітаптарды қолтаңбасымен сыйға тартқан. Бұл кітаптар әлі күнге қалалық кітапхананың жанынан ұйымдастырылған «Алтын қор» мұражайында сақтаулы.

Осылайша Сыр бойынан ең алғаш дүниеге келген оқырмандар ордасында кітап қоры жылдан-жылға көбейе түсті.

1905-1907 жылдардағы орыс революциясы кезінде кітапхана қызметкерлері белсенділік танытып, патша үкіметі тыйым салған әдебиеттер мен газет-журналдарды жинастырып, тығып ұстады. Сол тұстары кітапхана алдыңғы қатарлы жастар мен зиялы қауым өкілдерінің бас қосатын сүйікті мекеніне айналған. Сондай жастар қатарында Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев, большевиктер секретарларының бірі Вали Семенеев, халық ағарту ісінің үздігі Бердікен Мергенбаев, көп жылдар бойы Ташкент университетінің профессоры болған Фатых Бакиров және басқалар болды.

Міне, осылайша дүниеге келген кітапхананың ұлан-ғайыр игілікті істерінің басында кітапхананың ең алғашқы кітапханашысы, 1900-1917 жылдарда еңбек еткен Надежда Шалаева жүрді. Кітапхана алғашқы кездері орыс және татар бөлімінен тұрды.

Қазалы қаласындағы қайнар білім ордасының 1917-1956 жылдардағы меңгерушісі болған Уәли Адамовтың еңбегі ерекше. Кітапты жанындай сүйген ғажайып жанның арқасында кітапхана ісі дамыды. Осы жылдар ішінде оқырман мен кітапхана арасындағы байланыс жақсарды, кітап қоры мен оқырман саны көбейіп, кітапханада өткізілетін мәдени-көпшілік жұмыстардың түрлері бой көрсете бастады. Ол ерінбей-жалықпай іздене отырып, кітапхананы жаңа белеске көтере білді. Уәли Адамов Қазалы ауданындағы кітапханатану ісіндегі ең алдыңғы көшбасшысы десек жарасымды.

«Толқыннан толқын туады» демекші, мұнан кейінгі 1951-1980 жылдар аралығында кітапханада Сейілхан Төлегенов, Жәкеш Төлеповалар еңбек етсе, 1963-1970 жылдар аралығында Жәрмедет Хайруллаев халыққа кітапханалық қызметінің ең озық үлгілерін ұсынды.

Ал тәуелсіздік алған бүгінгі уақытта да ілім-ғылымның құтханасы халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Замана көшінен бір сәтке де қалыс қалған емес. Тарихы тәлімді, қызметі жүйелі қітапханада қазіргі таңда 56602 кітап қоры жасақталса, 3107 тұрақты оқырманы бар. Аталмыш нысанда 2010 жылдан бастап Гүлнар Пірімбетова бастаған бір топ кітапханашылар халыққа үздіксіз қызмет жасап келеді.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: