Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі Сыр өнерпаздарына құрмет көрсетті

10.12.2020, 13:00 592

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 3 мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпенді қабылдап, қос өнерпазды жетістіктерімен құттықтады. Аймақ басшысы айтыс пен жыраулық өнердің Сыр өңірі үшін алар орны ерекше екендігін айтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген талантты жастардың алда да талай жеңістерге жететініне сенім білдірді.

– Сыр бойы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай «Сыр – Алаштың анасы» деп дәріптеліп келеді. Алты алашта «Сыр елі – жыр елі» деген сөз ежелден келе жатқан ұғым бар. Ескіден жеткен есті сөз қазіргі уақытта халықтың бағасына айналды. Киелі өлкеде өнердің саф алтындай өскіні өркендеп, ақындық пен жыршылықтың алтын тамыры ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Осының дәлелі, кеше ғана Елордада өткен «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысында жерлесіміз ақын Мұхтар Мәуленұлы Ниязов «Бас жүлдені» иеленіп, үшінші мәрте «Алтын Домбыра» иегері атанды. Сіздерді барша жерлестеріңіздің атынан жеңістеріңіз, марапаттарыңызбеншын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Шарада сөз алған Мұхтар Ниязов бүгінгі жеңісі барша Сыр бойылықтардың жеңісі екендігін айтып, қолдау көрсеткен жерлестеріне алғысын жеткізді.

– Бүгінгі менің жеңісім барлық жанашыр жандарға ортақ. Өйткені алғаш «Алтын домбыра» сайысына қатысқаннан бастап, Сыр елі маған әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан мен алтын домбыраны алуым керек деп мақсат тұттым. Расымен де біздің өңір жыршылықтың, айтыстың отаны десек болады. Сіздердің өнерге деген қолдауларыңыздың арқасында көптеген өнерпаз жастарымыз жеңістерге жете береді деп ойлаймын, – деді Мұхтар Ниязов.

Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болған Күнсұлу Түрікпен де ұлттық өнерге әрдайым қолдау білдірген Сыр жұртшылығы мен аймақ басшысына ризашылығын білдірді.

Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ақын Мұхтар Ниязовқа қаржылай сый ұсынып, жырау Күнсұлу Түрікпенге домбыра сыйға тартты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: