Қытайлық компанияға тиесілі «Бектас-Қоныс» кен орнында өрт шығып, 3 жұмысшы қаза тапты. Өрт «Қызылорда-Құмкөл» тасжолының 108 шақырымындағы жұмысшыларға арналған контейнер типті жатақханадан шыққан. Жатақхананың жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құраса, оның 1200 шаршы метрі жалын астында қалған. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталуда. Болжам бойынша электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болған. Жоғарыда айтқан контейнерлерге жылу электр пештері арқылы берілген екен. Өрттің шығу себебі де сол болуы мүмкін.
– Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында сағат 1:34-те «112» құтқару қызметіне «Қызылорда-Құмкөл» тасжолының бойындағы «Бектас-Құмкөл» кен орнында өрт шықты деген хабарлама түсті. Хабарлама бойынша 01 сағат 42 минутта мекемеде қызмет көрсететін «ПожМонтажҚұрылыс» ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 9 жұмысшысы мен 2 техникасы жұмылдырылған. Олардың өрт сөндіруге күштері жетпегеннен кейін көмекке Қызылорда облыстық Төтенше жағдай департаментінің өрт сөндіру қызметіне хабарласқан. Нәтижесінде, сағат 3-тер шамасында департаменттен 3 техника мен 19 қызметкер кен орнына жолға шықты. Оқиға орнына жеткен уақытта анықталғандай, 100 контейнерден тұратын қалашықтан 48 контейнер толығымен өртенген,- деді облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Руслан Сламбекұлы.
Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда. Оқиға орнында болған 30 жұмысшының 27-сі эвакуацияланып, үш қызметкер сол жерде жан тапсырған. Олар – 1967, 1985 және 1970 жылғы екі ер адам мен бір әйел адам. Барлығы да Қызылорда облысының тұрғындары.
Айта кететін жайт, мекеменің өрт қауіпсіздігі арнайы тексерістен өтпеген. Департамент бастығының мәлімдеуінше, карантин әсерінен өрт шыққан мекемеге тексеріс жұмыстарын жүргізуге мүмкіншілік болмаған екен.
Өрт толығымен 06 сағат 40 минутта сөндірілген. Қылмыстық іс қозғалып, тексеріс амалдары басталып кеткен. Тексеріс нәтижесі екі ай көлемінде белгілі болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!