Мәңгілік мотивация
(болған оқиға ізімен)
Күндердің күнінде атышулы «Майкрософт» компаниясына бір адам аула сыпырушы болып жұмысқа кірмек болыпты. Компанияның жұмысқа қабылдау бөлімінде біраз отырып, біршама сұрақтарға жауап берген соң.
– Сіз жұмысқа қабылдандыңыз. Тек келісімшарттың көшірмесін жіберу үшін бізге электронды мекенжайыңызды қалдыра салыңыз, – дейді ондағылар. Мына əңгімеден сəл-пəл абыржыған жігіт:
– Бірақ… Менде… Менде электрондық мекенжай түгілі, компьютер де жоқ…
– Олай болса, біз сізді жұмысқа ала алмаймыз. Біз – үлкен компьютер компаниясымыз, ал виртуалды өмірде жоқ, тіпті компьютерді мүлдем білмейтін адамды қалайша жұмысқа аламыз? Айып етпеңіз… – деп шығарып жіберіпті.
Салы суға кеткен жігіт «Майкрософтың» алдында ұзақ отырады. Жұмысы жоқ, қатын-бала болса – анау. «Енді не істеймін, ақшаны қайдан табамын?» деген оймен басы қатқан жігітке кенеттен бір ой келеді. Оның қалтасында 10 доллар бар-тын. 10-ақ доллар. Міне, ол сол 10 долларға жүгіріп барып, бір фермерден 10 келі қызанақ алады. Ала салысымен көшедегі үйлердің есігін қағып, тауарын ұсына бастайды. Қызанағы балғын болған соң, көп адамдар мұның бетін қайтармай тауарын сатып ала берген. Қызанағы өтімді болғаны соншалық ол манағы фермерге 5-6 рет келіп кетеді. Сонымен не керек, бұл жігітің небәрі алты сағаттың ішінде манағы 10 доллардан 160 доллар тапқан екен…
Содан бұл жігіт мына ісінің арқасында ешқандай жұмыстың керек еместігін, ақшаны басқаша да табудың жолы бар екенін түсінеді. Сол кезден бастап күні-түні жұмыс істеген ол аз уақытта көлік, артынан жүк көлігін сатып алады. Табысы көбейіп, тіпті кішігірім дүкендер ашады. Ақыры бес жылдың ішінде ондаған супермаркеті бар мықты бизнесменге айналып шыға келген екен.
Бір күні бұл жігіт өз өмірін сақтандыру мақсатында сол салада жұмыс істейтін бір компанияға қоңырау шалып өкіл шақыртады. Қалаған шаруасы біткен соң, кенет манағы компанияның адамы бұл жігіттен «болашақта ұтымды ұсыныстармен хабардар етіп отырайын» деп электронды мекенжайын сұрайды. Бұл сұраққа бизнесмен жігіт дəл баяғыдай:
– Менде электронды мекенжай жоқ. Тіпті, компьютер де… – деп жауап беріпті. Басқасы басқа, дəл мұндайды күтпеген өкіл сəл сеніңкіремей:
– Сіз компьютеріңіз жоқ болса да, осындай жетістікке жетіп, қыруар қаржы тауып жатырсыз. Ойлап қараңызшы, егер бар болса, мүлдем байып кетер ме едіңіз? – дегенде, бизнесмен сəл ойланып:
– Жоқ… Онда мен жай ғана «Майкрософтың» аула сыпырушысы болар едім, – деп жауап берген екен…
Аударған Бурахан ДАҚАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!