Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Иттің күшіктері

11.11.2020, 9:30 1729

HALYQLINE.KZ

Жақында жиырма жеті жыл көрмеген құрдасымды кездестірдім. Əбіржіп кетіпті. «Бизнеспен айналысып, құс фабрикасын ашыпты» деп естіген едім. Сүйтсем айтады:

– Ит бағатын зауыт аштым, – дейді.

– Құрдас, онсызда көшеде бұралқы иттер көп, оны қайтесің? – деп таңдандым.

– Мен иттің күшігін көбейтіп сатамын.

– Ол кімге керек? Малшылар болмаса…

– Барлық мекемелер тапсырыспен алдырып жатыр ғой, – деп құрдасым мұртын жыбырлатты.

– Иə, қазір ұры-қара көп қой. Ит – сенімді күзетші. Дұрыс…

– Ондай иттер емес, балаққа жабысып, кім көрінгенге шəуілдейтін иттің күшіктерін өсіріп сатамын. Ерекшелігі қожайыны кімге айтақтаса, сол адамды барып қабады.Талап тастайды. Бұл күшіктер ешқашан төбет болмайды. Бүгінде бір кабинетке бір иттің баласы, жо-жоқ, иттің төлі, олай емес, иттің күшігі керек, – деді ол.

– Қасқыр ше?

– Қасқыр – текті аң. Қолға үйретілмейді.

– Ее, мұндайда бизнес болады екен-ау, – дедім.

Əлде, құрдасым қалжыңдады ма? Түк түсінбедім…

Ал, өзім былтыр жылқы зауытын ашып едім. Табыс аз. Енді оны есек өсіретін фабрикаға айналдыратын шығармын. Күшік ұстап отырған жерлерге бір-бір есек те керек қой. Ертең бизнес жоспарымды қайта құрамын…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН.

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: