Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірдің өзі – «театр»

15.10.2020, 10:40 688

Өмірдің  өзі  –  ТЕАТР,

Әртүрлі онда «әртіс» бар…

Күлкіні сәл-пәл тия тұр,

Сан алуан түрлі тартыс бар…

«Сахнада» сайрандап,

Алаяқ жүр ән салып…

Озбырлар жүр ойрандап,

Таңғалма еш тамсанып.

Қой терісін жамылған,

Қасқыр көрсең, абай бол!

Талайға бұрын танылған,

Тал түсте бірден талайды ол…

Кенеліп жүрген күлкіге,

Толып кетті түлкі де…

Айласына алданып,

«Түсіп» қалма түлкіге!

Өмірдің өзі – театр,

Сабаңа әзір сия тұр.

Тыйым болар бұған да,

Тағатыңды тия тұр.

«Алыстан»  оқуға  алаңдаушылық

Әдіс көп екен әр талай,

Батыста бұлар бар талай…

Дайындықсыз ал бізде,

Ақыры мұның әрқалай…

«Жаңалық» іске таң талай,

Сауалдар көп сан талай…

«Көксандықтан» берілген,

Бола ма білім, қалқам-ай?!

Белгілеп бір сағатты,

Сыныпта ұстаз сабақты,

Беруші еді шаршамай…

Отырып сабақ оқуға,

Білімді бойға тоқуға,

Бола ма диван партадай?!

Ағайындыларға  ашық  хат

Парабай-ау, Парабай!

Беруге жәрдем жарамай,

Өзі қасқа кедейдің,

Қалтасын «қақпа» қарамай!

Парабек-ау, Парабек!

Пиғылың алу пара тек…

Бейшара-ау, екі дүниеде,

Болмасайшы қарабет!

Парақұл-ау, Парақұл!

Болмақсың ба дара құл?!

«Алсам, алсам, алсам!» – деп,

Құлқынға болма қара құл!

Паратай-ау, Паратай!

Пайдаға да жарасай.

Жарлының да жаным-ау,

Жағдайына қарасай!

Сөйтсей!

***

Пәлен жыл бұрын әдепкі,

Қойсаңдаршы әдетті!

«Бер, бер, берсей!» дей бермей,

Болсаңдаршы әдепті!

Алқаштың  арманы

Ас алуға ақша жоқ,

Араққа бар, асқа жоқ.

Азған аяқкиім мен

Алдыруға шашқа жоқ.

Ағармай-ақ азайған,

Алдыратын шаш та жоқ.

Бір жыл емес,

Бір күнгі,

Болашағын болжайтын,

Бейшарада бас та жоқ.

Бар арманы – ішімдік…

Басында оның басқа жоқ.

Жүрісіне жабығар,

Жанарында жас та жоқ.

Сор маңдайы тиетін,

Сорлыға әзір тас та жоқ.

Иә, кейін…

Араққұмардың  ақыры

Бір күн ішсең,

«Базарсың…»

Айлап ішсең,

Азарсың…

Өн бойы өтсең өзгермей,

Өз көріңді қазарсың.

Жапандағы мүлгіген,

Жалғыз тұрған мазарсың.

Айта-айта…

Асырып айттың демелік,

Есірткі шегіп елеріп…

«Кереметіне» кенеліп…

Тозғандарға теңеліп…

Жүргендердің жағдайын,

Келешекте көрелік.

Айтқан тілді алмаса,

«Қызығына» қанбаса…

Осы жолдан танбаса…

Теріс жолды таңдаса…

Заң да емес,

Басқа емес.

Дос та емес,

Қас та емес.

Денсаулығы соларға –

Берері анық «төрелік!».

Көрелік!

Мысқалдай  мысалдар

Қошқарлар  мен  текелер

Алуан түрлі ҚОШҚАР бар,

Арасында достар бар.

Орасан зор оралма,

Мүйізді де жоспар бар…

Ол құпия!

Тіке мүйізді ТЕКЕ бар,

Шыңдалған онда шеке бар.

Алды-артын абайлап,

Жем беруге жеке бар!

Әйтпесе…

Иттердің   қылығы

Мүлде жұрдай санадан,

Өздерін өзге санаған…

Тойынып алған төбеттер,

Құдай-ау, болған қабаған…

Ұмытып олар иесін,

Тал түсте  оны  талаған…

Тұрмыстық  түйткілдер

Отбасында – сылдыр,

Салдыр-гүлдір…

Айғай-ұйқай,

Бүлдір-шүлдір…

Шаң-шұң…

Сыңғыр…

Шарт-шұрт…

Тарс-тұрс…

Қарша бораған қарғыс…

Белгілі арғы іс.

Айтты деме қайдағы істі,

Бәрі тұрмысқа байланысты.

Екі  ағзаның  ерекшелігі

Тыныстап біраз төсекте,

Түн – тынығу десек те,

Тынықпайтын күн-түні,

Тек жүрек пен қос өкпе…

Жемқордың  жөн  ұққаны!

Жемқорлық індет шыққалы,

Болды бұл да жұқпалы…

Қауіпті боп тұр қоғамға,

Қаржыға қол сұққаны…

Тінтігенмен солардың,

«Табылмай» қойды тыққаны.

Арасында баршылық,

Шетел асып ыққаны…

Мырғай болып әлі жоқ,

«Мүйізінің» шыққаны.

Жалпы жұртпен ойнамай,

Жеке басын ойламай,

Алтын тойын тойламай,

Халықтың да жағдайын,

Жемқордың жөн ұққаны!

Әй, бірақ…

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: