Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қамқорлықты жемқорлықпен көлеңкелейтіндер бар

01.10.2020, 11:00 360

Жақында әлеуметтік желіден бір кәсіпкердің жақсы жазбас­ын оқып қалдым. Онда өзіне таныс шенеуніктің бір адамын жұмысқа орналасуын өтініп, онысы орындалмаған соң, өзіне қырын қарай бастағанын жазыпты. Расында, бір адамды алу үшін екінші ма­манд­ы жұмыстан шығарып жіберу қаншалықты қисынға келеді? Жұмыс орны деген тарт­саң соза беретін, оған адам сыя беретін резеңке емес. Алайда біздің қоғамда не жоқ дейсің? Бізде сыйластықты сыбайластыққа, қамқорлықты жемқорлыққа жалғайтындар бар.

Жыл аяғына жетіп үлгермесе де, Қызылорда облысы бо­йынша бармақ басты, көз қыстылыққа жол берген 40 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 25-і – пара беру, 2-еуі – ШОБ қызметіне  заңсыз  араласу, 17-сі – мемлекеттік бағдар­ламаларды игеру бойынша сыбай­ластыққа барған деректер. Осылайша біз халықтың жыртығын жамайды деп иек артып жүрген лауазымды адамдарымыз  өз есебіне де түзу болып шықты. Қатар тізілген 40 қылмыс бойынша 37 адам қылмыстық жауап­кершілікке тартылған. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызыл­орда облысы бойынша департаментінің мәліметінше, оның 2-еуі – облыстық деңгейдегі бірінші басшылар, яғни «үл­кен»  кісілер  көрінеді.

Қазір ХХІ ғасыр. Хан, қара деп бөлетіндей заман жоқ. Демок­ратия. Оқыған адам, еңбектенген адам ойындағы арманын орындауға толық мүдделі. Санасы ашық адам үшін айқын көріністер. Жұрт­тың несібесінен жырып жемей-ақ, өзгенің қалтасында­ғыға қол сұқпай-ақ, көз тік­пей-ақ көздеген мақсатқа біліммен, еңбекпен жетуге де болады. Қазіргі заманғы баюдың заңды және заманауи үлгісі осы. Ал пара алып, қаді­ріңді өз алдыңда бір, өзгенің алдында тағы бір кетіріп, жаман­ атты көріну – ескіліктің жұрнағы, санасы өткен ға­сырдан оза алмаған адамның айласы.

Бүгінде департамент қылмыс болды деген ұранды азайтып, болады-ау деген болжалды жерлерде қылмыстың алдын алу бағытындағы қам-қарекетке кіріскен. Яғни, сыртқы талдау жүргізу арқылы, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мони­торинг жасайды. Жыл басталған 8 айдың ішінде 7 мекемеге сырттай бақылау жүргізген. Соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тө­мендету мақсатында 28 ұсыныс енгізілген. Бүгінде сол ұсыныстың 7-еуі орындалып, талдау субъектілерімен 5 нормативтік актіні бекіту қамтамасыз  етіліпті.

Тендер деген қайнаған қа­занға да назарды бір салып қоймаса болмайды. Асайтындар да, ойына келгенін жасайтындар да, қазанның қаспағын қашайтындар да – осы қазаннан аз-кем ауыз тигендер. Сондықтан биылғы «тендер» жоспарланып отырған, мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастыратын 30-дан астам ұйым мен мекеменің жұмысына тексеру жүргізілген. Оларға тауарлар мен қызметтерге нарықты шектеу бағадан жоғары баға қою фактілері бойынша ұсынымдар беріліп, департамент артық ақша жұмсаудың алдын алған. Сөйтіп бюджет­тің 200 млн теңгесі болжалды түрде үнемделіп, босқа кет­пеген.

Әзірге аймағымыздағы сы­байл­ас жемқорлық сипатындағы істердің жай-жапсары осындай. Тек осы көрсеткіш жыл  аяқталғанша  тұрақталып, жалғаспаса  игі…

НАМАЗШАМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: