Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі этномәдени бірлестік жетекшілерімен кездесті

28.08.2020, 16:00 389

HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына орай Достық үйіне барып, облыстық ҚХА құрылымдары және этномәдени бірлестіктің жетекшілерімен кездесті. Жиында аймақ басшысы Ассамблеяның сан түрлі этнос өкілдерін бір мақсатқа, бір болашаққа топтастыру арқылы елдігіміздің қалыптасу, тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында айрықша рөл атқаратынын айрықша атап өтті.

Аймақта бүгінде 35-ке жуық этнос өкілдерінен құралған 809 мыңнан астам азамат берекелі бірлік пен тату-тәтті өмір сүруде. Облыстық Ассамблеяда 11 этномәдени, аудандарда 6 этно бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар, 118 аналар кеңесі, 165 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жүргізеді. Сонымен бірге ғылыми-сарапшылық топ, медиация кабинеті, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, депутаттық және кәсіпкерлер тобы, журналистер мен сарапшылар клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, қайырымдылық бағытында үйлестірушілік және қолдау көрсету мен волонтерлік орталықтары жүйелі жұмыс жүргізуде.

Жыл басында басталған пандемия кезінде Ассамблеяның бастамасымен 5 мыңға жуық медициналық маска таратылып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына желдеткіш тарту еткен. Сонымен қатар, «Мың алғыс!» жалпыұлттық акциясы аясында 2 мың медицина қызметкеріне 12 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. Жыл басынан бері 20 мыңға жуық адамға 130 миллион теңге көлемінде жәрдем берілген.

Бүгінде баршамыздың басты мақсатымыз – елімізде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтап, этносаралық татулықты қамтамасыз ету. Толымды жетістіктерімізді еселеп, әлеуметтің әлеуетін көтеруіміз қажет. Осы міндеттерді орындауда облыстық Ассамблея қызметін жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Сіздер, Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен мәртебесін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізетіндіктеріңізге сенімдімін. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелеріне, этномәдени бірлестіктерге барлық бастамаларыңызға сәттілік, денсаулық пен амандық тілеймін, – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

Мерекелік шарада сөз алған «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Щербакова Сыр өңіріндегі ұлттар мен ұлыстардың татулығы туралы ойын ортаға салды. Ал, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Ким «Корей этномәдени бірлестігінің 30 жылдығына» байланысты ұсынысын жеткізсе, Облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Қахар Дадашев аймақтағы кәсіпкерлік саласы, қайырымдылық бағытындағы Ассамблеяның рөлін арттыру бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

Жиын соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жасампаздыққа, ізгілікке толы 25 жыл ішінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға қосқан елеулі үлестері үшін облыстық этномәдени бірлестік және құрылым жетекшілеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: