Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өлік

06.08.2020, 10:15 1475

Әлеуметтік желі арқылы тараған мына әңгімені егілмей оқу мүмкін емес. Автордың баяндауынша, оқиға Сыр топырағында болған. Тағдыр тәлкейіне түсіп, түрлі қиындықты бастан кешірген әр қазақтың баяны – бір кітапқа жүк боларлық тағылым. Осы ретте өмірдің өзінен алынған төмендегі оқиғаны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Бірде жол түсіп, Байқоңырға жолсапарға шықтым. Пойыздың іші ыстық. Купеде жанымда жас шамасы 60-ты алқымдаған кісі отырды.

– Аға,  сіз  есіміңізді айтпадыңыз  ғой? – дедім.

– Мен атымды айта бермеуші едім,  жай  сұрадың ба? Менің атым – Өлік.

– Өрік пе?

– Жоқ, Өлік!

 Мына кісі мені мазақ етіп отыр ма? – деп ойланып қалдым да, атының­ койылу себебін сұрадым.

– Мен атымды айтсам, осындай сұрақ туады, сосын атымды айтудан тартыншақтаушы едім, жол қысқарсын, саған айтайын, інім! Әке-шешем маған дейін алты перзен­т сүйіп, бәрі де 2-2,5 жаста тіл-көз  тие ме  білмеймін, шетіней беріпті. Сонан соң жетінші боп мен дүниеге келіппін. Сонда достары:

– Оу, Ілеке (Ілікбай), сүйінші! Ұлды болдыңыз, құтты болсын! – деп қуаныш білдірсе, әкем сол қалпында қозғалмай ауыр күр­сініп:

– Әй, ол да бір өлік ғой, – депті. Таңғалған достары  сәл үнсіздік­тен  кейін:

– Оу, Ілеке, атын қойсаңызшы, адам баласы ғой десе, «Өлік» деп қоя салыңдар, – депті. Сонан менің атым Өлік аталып кеткен, ол атты айтқан сайын қиналамын.

– Аға, паспорт алғанда бір әріпті өзгертіп, Өрік деп жаз­дыр­мадыңыз ба? – деген едім.

– Ол ойда болды, бірақ соған әкем қарсы болып­, жаздырмады,- деп жауап берді.

Сол кезде Тереңөзек стан­циясы тұсынан өтіп бара жатқан едік. «Міне, мынау – менің ауы­лым. Талай мал іздеп, балық ау­лаған, балалық шағымның қызы­ғы мен шыжығы қайнаған, тарихы­ тұнған жерім. Қараөзек бойы жайлауы­мыз, жылқы, сиыр, Құдайға шүкір, баршылық. Жал­ғыз бала демеді, әкем мені аямай жұмсады. Анам «тоңып қалады, аттан құлап қалады, суға батып кетеді»  деп  шыр-пыр болушы еді. Ойбай-ау, «бұл – менің жеті қазына­м ғой» дейтін, сондағысы, мен – жетінші баласымын. Анам мені арқалап жүріп, жеті күлшесін таратудан басқа жұмысы жоқ бола­тын», – деп жасаураған көзін алақанымен  сүртіп  өтті.

Біраз үнсіздіктен соң жабырқау жанын сергіту үшін:

– Әңгімеңіз қызық екен, қазір өзіңіздің неше балаңыз бар? – дедім.

– Е-е-е, Келдібайжан! Көрден қазып алған 11 балам бар, – деді.

– Астапыралла!!! Көрден қазып алдымы қалай? – деген күйі үнсіз қалдым.

– Қотырға шиқан қосылғандай болды-ау, өзі, – деп күлдіріп қойды да, әңгімесін жалғастырып кетті.

– Сонан соң 13 жасымда бір үйір жылқымды іздеп, ұзап, тұ­манда  адастым. Көктемнің соңы, жаздың басталу шағы. Із кесіп қырға шығып кеткенмін. Ол кезде­ малшылардың үйіне қонып, түс­теніп жүре береміз. Әкемнің: «Адасқан адам молаға жақын барып­ түнесе, бәле-жәледен, қауіп-қатерден аруақтар қорғайды» дегені есімде. Сөйтіп молаға жақын келіп қондым. Жаздың түні қысқа. Шағал ұлиды, байғыздың даусы қатты қорқынышты. Оған қоса жылаған адам даусынан қорқып­ ұйықтай алмадым. Таң бозара­ моланы араладым. Жылаған адам дауысы жақын жерден шығады, әйел дауысы. Сонан бір кішкене  ғана  жерде жаңа көміл­ген бала қабірі, қамысы да толық жабылма­пты. Соның ішінен адам даусы естіледі. Тездетіп қабірді қаза бастап едім, қыз баланың денес­і көрінді. Дереу үстімдегі шекпенімді шештім де, қызды орап, атқа мінгізіп, атымды жетелей жөнелдім. Осы маңайда ел бар екенін байқадым. Бір-екі қыр асқан­ соң көл жағалай жайлауға тігілген он шақты үйді көріп қуанып кеттім. Жақындап барып атты талға байлап, қызды түсіріп көлеңкеге отырғыздым. Жаңағы ауылға жаяу келіп, шеткі үйден жуыр­да адам жерлеген үйді сұрадым. «Иә, анау үйдің немересі шетін­еп, кеше жерлеп келді» деді. Жүгіріп сол үйге бардым. Үйде бір әже мен жасы 30-дар шамасындағы ер кісі бар екен. Үйге кірдім де:

– Осы үйде біреу қайтыс болды ма?  – деп сұрадым.

– Иә, кеше… – дей бергенде, көңіл айту ойымда жоқ, бірден мен: – ол қызды әкеліп берсем, не бересің? – дедім. Сол екен ер кісі ашуға булығып мені  теуіп тастады. Әжесі арашалап жанымды аман алып қалды. Қалқам-ау, бір ашуың­ды маған бер, бұл бала ғой ойында не бар дейсің? – деді. Сонан­ соң әжеден:

– Сол немереңіздің үйде киімі бар ма? – деп сұрадым. Қазір қарап көрейін деп, сандықтан бір көйлек пен қызыл масаты қамзолын берді. Уысыма қысып алып, атыма­ қарай жүгірдім… Қойшы не керек атқа мінгізіп, қызды үйге алып келдім. Сол ауылдың бар адамы түгел келді-ау деймін, бірі жылап, бірі қуанып жатыр. Ал мен қарным әбден ашқан тамақ жеп отырмын.­ Ол кезде 13 жастағы баламын­. Жаңағы әжем менің алақан­ымды  сипап  отырып:

– Рақмет, қалқам! Осы баланы Құдай алдында саған телідім, үйіңе алып кет, – демесі бар ма? Шошып кеттім. Жоқ, әже, мен мал іздеп, адасып елімді таба алмай­ жүрген баламын, – деп атыма­ міндім де үйіме тартып кеттім. Ол кезде жолда көрген-білге­нін айта бермейтін кез. Жаз өтіп, күз келді. Дастарқан үстінде сөз­ден-сөз  шығып:

– Көке, мен моладан тірілей көміп тастаған адамды қазып алып, үйіне апарып бергенмін, – дедім. Көкем «Сандалмай тамағыңды іш» деп жекіп тастады. Шын   айтам,  9  жастағы  қыз  екен, – дедім. Әкем:

– Қайталап  айтшы… – деді.

– Иә, әке, маған сол қызды «сұраусыз  саған  бердім,  алып кет»  деді, мен атқа міндім де қаштым, – деуім мұң екен, әкем біраз жерге апарып ұрысып алды. Әкем ақыры сұрай-сұрай сол қызды тауып­, үйге әкелді. Екі жыл қызындай бағып, ол 11 жасқа мен 15  жасқа келгенде екеумізді қосты. Сол қыздан қазір 11 балам бар, 6 балам аяқтанды, бесеуі – бойдақ, – деді де әңгімесін аяқ­тады.

«Жүре берсең, көре бересің» деген. Ғажап! Ол заманда ұялы телеф­он жоқ, әттеген-ай! Сол кісіні кейіннен іздеп, таппай қал­дым­. Өкініштен  өзегім  өрте­неді­.

Келдібай   БЕКТҰРҒАН,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: