Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Интернет қоқыс жәшігі емес»: Тоқаев Мәскеуде мәлімдеме жасады

27.11.2026, 11:00 74

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев интернет кеңістігі тек ақпарат тұтынатын немесе уақыт өткізетін орын емес, азаматтардың табыс тауып, пайдалы еңбек етуіне мүмкіндік беретін орта болуы керектігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясында цифрлық экономиканы дамыту, отандық технологиялық компанияларды қолдау және жасанды интеллектіні өндіріс саласына енгізу мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде IT-қызметтер экспортының көлемі артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 1 миллиард доллардан асқан. Ал 2019 жылдан бері Astana Hub технопаркіне тіркелген компаниялардың жиынтық табысы 7 миллиард долларға жуықтаған. Қазіргі уақытта аталған орталық аясында 2700 стартап пен технологиялық компания жұмыс істейді. Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлер негізін қалаған Higgsfield компаниясының құны бір жылдың ішінде 10 миллиард долларға жеткенін де атап өтті.

— Мен «халықтық цифрлық экономика» құру міндетін қойдым. Интернет заңды кәсіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адамдарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда, интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы технологиялық инфрақұрылым құрудың өзі экономикалық серпіліске жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан үшін шетелдік әзірлемелерді пайдаланумен шектелмей, өз технологияларын жасап, оларды өндірістегі нақты мәселелерді шешуге қолдану маңызды. Осы мақсатта AI Challenge бастамасы ұсынылған. Жоба кәсіпорындар мен бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілерін өндірістік міндеттерді бірлесіп шешуге жұмылдыруды көздейді.

Президент жасанды интеллектінің қауіп-қатерлерін де назардан тыс қалдырмады. Оның айтуынша, жаңа технологиялар цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз пайдалану және азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін қолданылып жатыр. Сондықтан цифрлық экономиканың өсуімен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және технологияларды жауапкершілікпен пайдалану мәселесі де маңызды болып қала береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: