Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан мен Ресейдің 178 бірлескен жобасының 54-і әлі аяқталмаған

27.11.2026, 10:55 75

Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық аясында қолға алынған 178 бірлескен жобаның 124-і жүзеге асырылған. Қалған 54 жоба әзірге іске асырылу кезеңінде немесе аяқталуға жақын. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

26 қарашада Кремльде өткен келіссөз барысында екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстары, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобалары талқыланды. Мемлекет басшысы бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысына тоқталып, Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстардың көлемі артып келе жатқанын айтты.

— Біз 30 миллиард долларлық межеге қарай нық қадам басып келеміз. Үкіметаралық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Аталған сапар аясында көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Тағы бір цифр: күн тәртібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асырылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ресей президенті Владимир Путин де екіжақты сауда айналымының 30 миллиард долларлық межеге жақындағанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы ұлттық валюталар арқылы есеп айырысу үлесі 90 пайыздан асқан. Путин үкіметаралық комиссияның екі тарапта да белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

— Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді, 30 миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты, — деді Владимир Путин.

Кездесу қорытындысында мемлекеттер басшылары энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы және көлік инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін қарастырды. Алайда Ақорданың осы кездесу туралы хабарламасында аяқталмаған 54 жобаның атаулары, нақты құны және әрқайсысының іске қосылатын мерзімі жеке көрсетілмеген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: