Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кибералаяқтық: Қауіпсіздік шаралары мен алдын алу жолдары

26.11.2026, 0:09 22

Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы интернет кеңістігіндегі мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіп-қатерлердің де көбеюіне жол ашты. Әсіресе азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі айла-тәсілдер арқылы қаражатын иемденетін интернет-алаяқтық деректері қоғамда өзекті мәселеге айналып отыр. Алаяқтар күн сайын әрекет ету тәсілдерін жетілдіріп, әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарын қылмыстық мақсатта пайдалануда.


Осыған байланысты Қызылорда облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрғындардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселе Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте кеңінен талқыланды. Жиында Қызылорда облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы киберқылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы Айдос Ақбаев интернет-алаяқтардың кең таралған тәсілдері мен олардан қорғану жолдары туралы баяндады.


Спикердің айтуынша, халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, азаматтардың алаяқтардың арбауына түсу жағдайлары әлі де кездеседі. Олар көбіне SMS-кодты алдап алу, жалған инвестициялық жобаларға тарту, WhatsApp арқылы таныстарының атынан ақша сұрау, интернет-дүкендердегі жалған тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем талап ету сияқты тәсілдерді қолданады.


– 2026 жылдың алғашқы он айында облыс көлемінде интернет-алаяқтықтың 457 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6 пайызға төмен. Ал қылмыстардың ашылу көрсеткіші 49,8 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,1 пайызға жақсарды. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша дропперлікке қатысты 26 қылмыстық іс тіркеліп, оның 16-сы сотқа жолданды. Интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттерді анықтау бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Ғаламторға жүргізілген мониторинг нәтижесінде заңға қайшы белгілері бар 1361 сайт пен сілтеме анықталып, оларды бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілген, – деді Айдос Ақбаев.


Брифинг барысында интернет-алаяқтардың азаматтарды алдауда жиі қолданатын психологиялық тәсілдеріне де ерекше назар аударылды. Соның бірі өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе мемлекеттік мекеме маманы ретінде таныстырып, тұрғындарға телефон соғу. Мұндай жағдайда қаскөйлер алдымен SMS-кодты сұрап, кейін азаматтың атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, үрей тудырады. Нәтижесінде жәбірленушілердің өздері алаяқтардың нұсқауымен несие рәсімдеп, қаражатын бөгде есепшоттарға аударып жатады.


– Алаяқтар көбіне алдымен SMS-код жіберіп, содан кейін қоңырау шалады. Әңгіме барысында өздерін түрлі мекемелердің қызметкері ретінде таныстырып, поштадан сәлемдеме келгенін, SIM-картаның мерзімі аяқталғанын немесе қандай да бір қызметті рәсімдеу қажеттігін алға тартады. Кейін банк қызметкері ретінде қайта хабарласып, сіздің атыңыздан несие рәсімделіп жатқанын айтып қорқытады. Естеріңізде болсын, SMS-кодты ешкімге айтуға болмайды. Мұндай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, банктің ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласқан дұрыс, – деді спикер.


Сондай-ақ соңғы уақытта әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың бейнесі мен дауысын пайдаланып жасалған жалған жарнамалар көбейген. Алаяқтар жасанды интеллект пен компьютерлік технологиялардың көмегімен белгілі кәсіпкерлердің, қоғамға танымал азаматтардың бейнесін өзгертіп, инвестиция салуға немесе қысқа мерзімде мол табыс табуға шақыратын бейнероликтер жариялайды. Кейбірі алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға ақшасын қайтаруға көмектесеміз деген желеумен қайтадан алдауға тырысады. Мұндай жарнамалар Instagram, Facebook және YouTube платформаларында жиі кездеседі.


Брифингте дропперлік мәселесі де кеңінен түсіндірілді. Дроппер өзінің банк картасын немесе есепшотын үшінші тұлғаларға беріп, олардың заңсыз қаржы операцияларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасайтын адам. Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерде жеңіл жұмыс ұсынып, әрбір ақша аударымы үшін белгілі бір сыйақы төлеуге уәде береді. Алайда мұндай ұсыныстардың артында қылмыстық әрекеттер тұруы мүмкін.


– Азаматтар әлеуметтік желілерден «картаңызды беріңіз, әр аударым үшін ақша аласыз» деген мазмұндағы хабарландыруларды жиі кездестіреді. Мұндай ұсыныстарға сенуге болмайды. Өйткені сіздің банк картаңыз арқылы алаяқтықтан немесе өзге де заңсыз әрекеттерден түскен қаражат аударылуы мүмкін. Өз есепшотыңызды басқа адамға пайдалануға беру арқылы қылмысқа қатысушы болып қалуыңыз ықтимал. Дропперлік әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілген. Аталған бапта кінәлі тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деп ескертті Айдос Османәліұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: