Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала мен ауыл баласының білімі теңесе ме?

26.11.2026, 9:20 60

Әлбетте, бұл – даулы тақырып. Біреу қала баласының білімі жоғары десе, екінші біреу ауыл баласының білімі одан ешбір кем емес дейді. Халықаралық зерттеу ұйымдарының мәліметтері де алуан түрлі. Десек те, қала мен ауыл баласының білім сапасын теңестіруге кедергі болып отырған мәселе аз емес. Ол ауылдағы инфрақұрылымның (оқу орталықтары, тіл үйрету курстары, зертханалық бөлмелер және т.б.) жоқтығы, интернеттің нашарлығы, мұғалімнің тапшылығы, біліммен бәсекелесетін алаңдардың болмауы, әлеуметтік ортаның әлсіздігі, мәдени-рухани жетілуге ықпал ететін орталардың аздығы деп тізбектеліп кете береді.

«Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам бедел­ді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Ауыл мектебінен шыққан республика­лық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебін­дегі білім сапасының алшақтығы айтарлық­тай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салу­ға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет. Ауылда тұратын оқушылардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет» деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген  сөзінде.

Президент биылғы жолдауында: «Мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында, әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге белсенді түрде кірісеміз» деді. Үкімет жыл соңына дейін өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып жобалар тізбесін қалыптастырады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика, Денсау­лық сақтау және Оқу-ағарту министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін өңірлердің инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарға деген қажет­тілігіне талдау жасап, нақты жобалар тізбесін қалыптастыру тапсырылғанын хабар­лады.

«Жыл соңына дейін өңірлердің инфра­құрылымдық және әлеуметтік нысандарға деген қажеттілігіне талдау жасалып, нақты жобалар тізбесі қалыптастырылсын. Бұл жергілікті жолдарға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желілеріне, сондай-ақ білім беру, мәдениет және медицина мекемелеріне де қатысты»  деп  түсіндірді  Олжас  Бектенов.

Алайда бұл тізімде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жоқ. Интернеті жоқ ауыл мектептері баланың білім сапасының деңгейін қалай көтереді? Мысалы, робот техникасы, жасанды интеллект, IT саласы сияқты  сабақтарды  мұғалім  интернетсіз  қалай оқытады? Қазір еліміздегі 1 502 елді мекен жаһанторға қосылмаған. 700 мыңға жуық ауыл тұрғындары интернетке қолы жетпей, пұшайман күй кешуде. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бүгінге дейін небәрі 391 ауылдық елді мекен интернетке қосылғанын мәлімдеді. Соның ішінде сапалы интернет тарататын талшықты-оптикалық байланыс желісіне 44 елді мекен ғана жалғанған. Қалған 347 ауыл интернетті спутниктің байланыс арқылы алады. Президенттің жолдаудағы тапсырмасын орындау үшін Үкімет осы мәселені майшаммен  қарауы  тиіс.

Ауыл мен қала баласының білім алу мүмкіндігі тең еместігі ашық айтылып жүр. Құрылтай депутаты Шахмардан Баймановтың пікірінше, еліміздегі балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 90 пайызға жетсе де, бұл көрсеткіш  теңсіздікті  толық  көрсете  алмайды.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,5 млн бала түрлі үйірме мен секцияларға қатысқан. Алайда бұл көрсеткіш ауыл мен қала арасындағы айыр­машылықты толық көрсете бермейді. Мәселе тек үйірменің бар-жоғында емес. Мәселе – таңдау мүмкіндігінде. Қалада таңдау көп болса, шағын және шалғай ауылдарда ол көбіне санаулы үйірмемен шектеледі» дейді ол.

Депутат ауыл балаларының спорт, өнер, музыка, робот техникасы және IT бағыттарында қосымша білім алуға келгенде мүмкіндігі шектеулі екенін айтады. Сол себептен шалғайдағы елді мекендерде мобильді қосымша білім беру жүйесін дамыту қажет.

«Ауылда жұмыс істейтін қосымша білім педагогтерін ынталандыру тетігін енгізуді және шалғай елді мекендер үшін арнайы аумақтық коэф­фициент қарастыруды ұсынамын. Бұл мамандарды ауылға тартуға мүмкіндік береді. Баланың мүмкіндігі оның мекенжайына байланысты болмауы тиіс. Біз мектептермен қатар мәдениет үйлері, кітапханалар мен спорт нысандарын қосымша білім беру үшін тиімді пайдалануымыз керек. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 1251 комьюнити-орталық ашылған. Ендігі міндет – осы инфрақұрылымды балалар үшін барынша тиімді пайдалану. Ауыл баласының таланты ауылда қалып қоймауы керек. Қала мен ауыл баласына мүмкіндік тең болуы тиіс. Бұл – ауылдың болашағына салынған инвестиция» дейді Шахмардан Байманов.

Мұғалімнің тапшылығы деген мәселе де ауыл баласының білімін көтеруге тұсау болып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің ресми дерегі бойынша, мем­лекеттік мектептерде 5357 мұғалімнің орны бос тұр. Соның ішінде 51,9 пайы­зы – қаладағы мектептерде, 48,1 пайызы – ауыл мектептеріндегі орындар. Ең көп бос орындар – Алматы және Қарағанды облыстарында (516 орын), Алма­ты  қаласында (421).  Әсіресе  математика, орыс тілі  мен  әдебиеті,  физи­ка, химия және  бастауыш  пәндерінің  мұғалімдері  тапшы  екен.  Соңғы  5 жылда  еліміздегі мұғалімдер жалақысы 100 пайызға дейін өскені мәлім. Оған қоса, 500 мыңнан астам педагог біліктілік санаты, еңбек өтілі және академиялық дәрежесі үшін тұрақты түрде жалақысына қосымша ақы алып жүр. 2023 жылдан бастап халықаралық олимпиада, байқау, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын даярлаған педагогтерге үш қызметтік жалақысы көлемінде бір реттік сыйақы төленеді. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жұмыс істеуге баратын педагогтерге көтермелік жәрдемақы мен баспана салуға тиімді пайызбен несие беріледі. Сөйтсе де, ауылда әлі күнге дейін мұғалім тапшы. Бұдан басқа, әлеуметтік ортаның әлсіздігі де ауыл бала­сының білім әлеміне кең құлаш сермеуіне кедергі екені анық. Сол себептен ауыл балаларын аудандық, қалалық, облыстық байқауларға, рухани-мәдени жиындарға (шығармашылық кештер, кітаптардың тұсаукесері, білікті мамандардың шеберлік дәрісі және т.б.) жиі-жиі апарып, әлеуметтік ортаға белсенді араласуын ойластырсақ ұтамыз. Әлбетте, бұл мәселенің шешімін бір ғана мақаланың көлеміне сыйғыза алмасымыз анық. Десек те, білікті мамандар, кәсіби сарапшылар осы түйткілдің шешу жолдарын ұсынып, жеке жобаларын қоғамда  іске  асырса,  нұр  үстіне  нұр  болар  еді.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

Астана  қаласы

Коллаж: ашық дереккөзден дайындаған А.Құрманқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: