Қолына су жаңа дипломын ұстап, үлкен өмірдің табалдырығын аттаған мыңдаған жастың бүгінгі басты уайымы не? Әрине, «қайдан жұмыс табамын, тұрақты табыс көзін қалай қалыптастырамын?» деген сауал. Бір қызығы, елімізде жыл сайын мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекеттік бағдарламаларға миллиардтаған қаржы құйылып жатса да, еңбек нарығындағы шиеленіс бәсеңдер емес. Бір тарапта кәсіпорындар білікті дәнекерлеуші, агроном не инженер таппай сабылып жүрсе, екінші тарапта қолында жоғары білімі бар заңгерлер мен экономистер курьерлік қызметке немесе базар жағалауға мәжбүр. Бұл қандай қарама-қайшылық? Неліктен ресми статистикадағы «жұмыссыздық деңгейі төмендеді» деген әдемі цифрлар қарапайым халықтың әлеуметтік ахуалымен қабыса бермейді? Еліміздің еңбек нарығындағы нақты ахуалды, алдағы екі-үш жылда күтіп тұрған демография дүмпуін, «оқымайтын да, жұмыс істемейтін де» жастар феноменін және өңірлердегі өндірістік серпілісті жан-жақты таразылап көрелік.
СТАТИСТИКА СӨЙЛЕЙДІ: САНДАР КӨБЕЙДІ, БІРАҚ САПА ШЕ?
Қазіргі уақытта заманауи Қазақстан экономикасы құрылымдық бетбұрыстар мен күрделі демографиялық өзгерістер кезеңін бастан кешіріп отыр. Бір жағынан, макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім нышандары мен ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы байқалса, екінші жағынан, еңбек нарығындағы теңгерімсіздік, жастар жұмыссыздығы және кадрлар біліктілігінің нарық талаптарына толық сәйкес келмеуі сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінен түспей келеді.
Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне үңілсек, соңғы жылдары елімізде еңбек ресурстарының тұрақты өсімі қалыптасқан. Мәселен, 2023 жылы еліміздегі экономикалық белсенді халық, яғни жалпы жұмыс күші саны 9 миллион 534 мың адамды құраса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 9 миллион 663,9 мың адамға жетті. Ал, 2025 жылы жұмыс күшінің қатары тағы да толығып, 9 миллион 769,5 мың адамға дейін ұлғайды. Яғни, екі жылдың ішінде еліміздің еңбек нарығына қосымша екі жүз отыз бес мыңнан астам адам келіп қосылған.
Экономиканың түрлі саласында нақты жұмыспен қамтылған азаматтардың саны да осы қарқынға ілесіп келеді. 2023 жылы 9 миллион 81,9 мың адам нәпақасын тауып жүрсе, 2024 жылы бұл сан 9 миллион 214,1 мыңға, ал 2025 жылы 9 миллион 320,6 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 106,5 мың адамға артқан. Осы жұмыспен қамтылғандардың ішкі құрылымына зер салсақ, басым бөлігі, яғни 7 миллион 169,1 мың адам немесе 76,9 пайызы – тұрақты жалақы алатын жалдамалы қызметкерлер. Ал, қалған 2 миллион 151,5 мың адам, яғни 23,1 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында. Айта кетерлігі, соңғы бір жылда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатары шамамен 47,5 мың адамға азайып, олардың ресми жалдамалы еңбек секторына ауысу үрдісі байқалады.
Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген ресми жұмыссыздық деңгейі 2023 және 2024 жылдары 4,7 пайыз деңгейінде тұрақтап тұрса, 2025 жылы 4,6 пайызға дейін сәл төмендеді. Жұмыссыз жүрген халық саны 2023 жылғы 452,1 мың адамнан 2025 жылы 448,8 мың адам төңірегіне дейін азайған. Сонымен бірге, 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылғы 3,5 пайыздан төмендеп, кейінгі екі жылда 3,1 пайыз дәрежесінде тұрақты сақталып отыр.
Жұмыспен қамтылған отандастарымыздың қай салаларда тер төгіп жүргені де еліміздің экономикалық келбетін айқын көрсетеді. Атап айтар болсақ, бүгінде ең көп жұмыс күші сауда саласында шоғырланған – жалпы жұмыспен қамтылғандардың 16,7 пайызы осы секторда. Екінші орында – білім беру саласы (13,2 пайыз), үшінші орында – өнеркәсіп (12,4 пайыз), ал төртінші орында ауыл шаруашылығы (10,6 пайыз) тұр. Өндірістегі нақты жұмыс уақытына келсек, жалдамалы қызметкерлер аптасына орташа есеппен 41 сағат еңбек етсе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар аптасына 36 сағат жұмыс істейді. Алайда, бұл ресми көрсеткіштердің арғы жағында қандай терең үдерістер жасырынып жатыр?
ДЕМОГРАФИЯ ТОЛҚЫНЫ және АЛДАҒЫ ЕКІ-ҮШ ЖЫЛДЫҢ СЫНАҒЫ
Елімізде жаңа жұмыс орындары ашылып, түрлі мемлекеттік бағдарлама іске қосылып жатқанына қарамастан, жұмыссыздық мәселесі неге түбегейлі шешімін таппай отыр? Бұл – орынды сұрақ. Осы сауалдың жауабын іздегенде, ең алдымен, еліміздің демографиялық тарихына үңілуге тура келеді. Белгілі экономист, сарапшы Мақсат Халық бұл феноменнің басты себебі терең демография факторлары мен еңбек нарығындағы сұраныстың алшақтығында жатқанын алға тартады.
Сарапшының пайымдауынша, мәселенің түп-төркіні жыл сайын еңбек нарығына шығарылып жатқан жастардың қатары күрт артуымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары университеттер мен колледждерді тамамдайтын жастардың саны бұрын 300 мың төңірегінде болса, қазір 350-400 мыңға қарай жақындап қалды. Мұның негізгі себебі – 2000 жылдардың басындағы демографиялық өсімде. Сол жылдары елімізде әлеуметтік-экономикалық жағдай оңалып, жыл сайын шамамен 300-400 мың бала дүниеге келген болатын. Міне, жиырма жылдан астам уақыт өткен соң сол буын өсіп-жетіліп, еңбек нарығына қосылып жатыр.
– Жұмыс орындары ашылып жатыр. Алайда, жұмыссыздар қатары азаймай отыр. Меніңше, бұған негізгі себеп – құрылымдық жұмыстардың көбеюінде. Жұмыс берушіге инженер, техник керек. Ал, жұмыс іздеушілердің біліктілігі оған сәйкес келмей жатады. Ондай факторлар да бар. Тағы бір себебі, маусымдық жұмыстар. Ол – ауыл шаруашылығы және құрылысқа қатысты жұмыстар. Бұл жерлерде маусымдық кезеңдерде ғана жұмыстар болады да, оның тұрақтылығы болмай қалады. Маусым біткеннен кейін қайтадан бәрі жұмыссыз болып шыға келеді. Мәселенің негізгі өзегі осында жатқан секілді. Сондықтан мәселе жаңадан ашылатын жұмыс орындарының тұрақтылығында болып отыр. Бұл жерде ахуал түйіткілі еңбек шартына, еңбек нарығына тікелей байланысты. Сол кезде ғана біздің азаматтар жақсы табыс таба бастайды. Қауіпсіздігі сақталады. Және ол белгілі бір дәрежеде білікті маманға айналады. Осындай бағытта еңбек өнімділігін арттыратын жұмыс орындары ашылуы керек, — дейді экономист Мақсат Халық.
Сонымен қатар, сарапшы еліміздегі жұмыспен қамту саясатының нәтижелілігін бағалау жүйесін түбегейлі қайта қарау қажеттігін баса айтады. Оның сөзінше, қазіргі қолданыстағы есеп беру тетіктері көбіне формальды сипатқа ие және нақты тиімділікті көрсетпейді. Мәселен, бүгінде жоғары оқу орнын бітірген түлектерден «жұмысқа орналасты» деген анықтама қағазын сұрату немесе жай ғана «осынша жұмыс орны ашылды, осынша бос орын бар» деген жалпылама сандармен есеп беру үрдісі басым.
– Шын мәнінде, жұмыспен қамту саясатының тиімділігін бағалау үшін мүлдем басқа, нақты критерийлер қойылуы тиіс. Ең әуелі түлек оқу бітірген соң шын мәнінде мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алды ма? Одан кейін алты ай өткен соң сол адам әлі де сол жұмысында істеп жүр ме және оның зейнетақы аударымдары тұрақты жасалатындай ресми еңбек шарты бар ма әлде бейресми нарықта жүр ме? Ал, бір жылдан кейін ше – сол қызметте оның дәрежесі, мансабы өсті ме, табысы артты ма? Міне, дәл осындай нақты көрсеткіштер негізге алынғанда ғана біз мемлекеттік саясаттың қаншалықты нәтижелі жүзеге асып жатқанын шынайы бағалай аламыз, — деп түйіндейді ойын экономист.
Бұдан бөлек, Мақсат Халық еңбек нарығындағы түйткілдерді шешуде үкіметтің барлық жүкті өз мойнына алуға тырысуы тиімсіз екенін алға тартады. Оның айтуынша, мемлекет барлық халықты бюджеттік мекемелер, мектептер мен ауруханалар есебінен жұмыспен қамтамасыз ете алмайды, әрі қоғам тек мемлекеттік сектордан тұрмайды. Халықты тұрақты жұмыспен қамтудың ең төте әрі сенімді жолы – шағын және орта бизнесті, жеке кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту. Егер мемлекет кәсіпкерлер үшін қаржыға қолжетімділікті жеңілдетіп, сапалы инфрақұрылым мен қолайлы орта қалыптастырса, бизнес өзі-ақ жергілікті халықты жұмыспен қамти бастайды. Ең бастысы, нарықтық бәсеке жағдайында кәсіпкерлер өз тиімділігін арттыру үшін білікті мамандарды тартуға мүдделі болып, оларға жоғары жалақы төлеуге көшеді. Нәтижесінде, халықтың нақты табысы өсіп, өмір сүру сапасы жақсарады.
Расында да, сарапшының бұл пайымдары еңбек нарығындағы сан мен сапа арасындағы алшақтықтың шынайы бейнесін ашып береді. Дәл қазіргі уақытта қоғамға қажетті болашағы бар мамандықты игеру маңызды. Тақырып төңірегіндегі тұщымды пікірі осыған саяды.
ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ
Еңбек нарығының өңірлік ахуалын тереңірек зерделеу үшін нақты аймақтардың тәжірибесіне назар аудару маңызды. Бұл тұрғыда біздің аймақтың жұмыспен қамту бағытында атқарып жатқан жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелері назар аударуға тұрарлық.
Осы орайда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ресми деректері өңірде еңбекпен қамту мәселесін шешуге бағытталған жүйелі жұмыс барысын аңғартады.
Басқарма басшысының мәліметінше, биылғы жылдың екінші тоқсан қорытындысы бойынша облыстағы экономикалық белсенді жұмыс күшінің саны 354 920 адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 мыңнан астам адамға өскен. Жұмыспен қамтылған халық саны 338 855 адамды құраса, жұмыссыздар саны 16 737 адамнан 16 065 адамға дейін азайған. Нәтижесінде өңірдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,5 пайызға төмендеп, республикалық орташа көрсеткішпен теңесті. Ал, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайыздан 3,3 пайызға түскен.
Ғабит Жаңабаевтың айтуынша, өңірде «2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде 34 685 жұмыс орнын құру жоспарланса, есепті кезеңде 29 363 азамат жұмысқа орналастырылып, жоспар 84,7 пайызға орындалған. Оның ішінде 20 202 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 9 161 адам уақытша жұмыспен қамтылған. «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 12 096 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту үшін 11211,1 млн теңгеден астам қаржы қарастырылып, жұмыспен қамту органдарының қызметімен жалпы 40 572 адам жұмыспен қамтылды.
– Өңірде кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік осал топтарды бейімдеу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Бастау Бизнес» жобасымен 2 628 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылса, 1 346 көпбалалы ана мен 1 271 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту және оқыту шараларына тартылып, олардың 800-ден астамы тұрақты табыс көзін тапты. Еңбек күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында жыл басынан бері 49 отбасы Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарына қоныс аударды. Одан бөлек, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған 88 квоталық жұмыс орны 100 пайызға орындалып, жалпы осы санаттағы 248 азамат жұмысқа орналастырылды, ал түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің басым бөлігі өндірістік аймақтарда ақылы еңбекке тартылған, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.
ӨНІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ САЛАЛАРҒА ҚОЛДАУ КҮШЕЙЕДІ
Бүгінде еңбек нарығы да цифрлық трансформация дәуіріне толықтай қадам басты. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары «Enbek.kz» Электрондық еңбек биржасының деректер базасына сүйене отырып, 2026 жылға арналған бос жұмыс орындарының қысқамерзімді болжамын жариялады. Статистика көрсеткендей, 2025 жылы биржаға жұмыс берушілер тарапынан 1 миллион 93 мың бос жұмыс орны орналастырылса, 2026 жылға арналған базалық сценарий бойынша бұл көрсеткіш тағы 9 пайызға өсіп, 1 миллион 200 мың бірлікке жетеді деп күтілуде.
Кадр тапшылығы қатты сезілетін және ең көп бос жұмыс орны ұсынылатын өңірлердің көшін Астана қаласы (127,9 мың), Алматы қаласы (101,8 мың), Түркістан облысы (98,3 мың), Павлодар облысы (88,0 мың) және Қарағанды облысы (77,0 мың) бастап тұр. Кәсіби тұрғыдан алғанда, құрылыс және өндіріс саласының білікті жұмысшылары, орта мектеп мұғалімдері, бейінді мейірбикелер, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері, көлік және логистика мамандары, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері ең жоғары сұранысқа ие. Байқап отырғанымыздай, еңбек нарығына «ақ жағалы» кеңсе қызметкерлерінен гөрі, нақты өндіріс пен әлеуметтік инфрақұрылымның жүгін көтеретін мамандар ауадай қажет-ақ.
Дегенмен, бос жұмыс орындарының көбеюі қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің толық шешілгенін білдірмейді. Адам таңнан кешке дейін жұмыс істейді, ресми статистикада «жұмыспен қамтылған азамат» ретінде тіркелген, алайда оның алатын жалақысы отбасын асырауға, баспаналы болуға немесе сапалы білім мен медициналық қызмет алуға жетпейді. Төмен еңбекақы, еңбек жағдайларының тұрақсыздығы, жоғары инфляция және біліктілік деңгейінің төмендігі олардың кедейлік шегінен шығуына мүмкіндік бермейтіні тағы бар. Бұл түйткілді шешу үшін нақты жоспар мен түбегейлі шешім керек. Еңбек өнімділігі жоғары салаларды қолдау, сондай-ақ қаржы технологиялары мен электрондық коммерция нарығын салықтық және құқықтық тұрғыдан тиімді реттеу көзделуі керек.
КЕСТЕЛІ ОЙДЫҢ КЕСІМДІ ТҮЙІНІ
Қорыта айтқанда, Қазақстанның еңбек нарығы бүгінде үлкен тарихи бетбұрыс алдында тұр. Бір жағынан, жас буынның еңбек нарығына жаппай келуі – ел экономикасы үшін орасан зор демографиялық дивиденд, қозғаушы күш. Екінші жағынан, егер бұл ресурсты дұрыс басқарып, заманауи кәсіби дағдылармен қаруландырмасақ, ол үлкен әлеуметтік қысымға айналуы әбден мүмкін. Алдағы жылдары еңбек нарығының тиімділігін арттырып, «дипломды жұмыссыздар» мен «жұмыс істейтін кедейлер» қатарын азайту үшін бірнеше стратегиялық басымдыққа баса мән беру қажет секілді. Ең алдымен, білім беру жүйесін нарық сұранысына толық бейімдеп, мемлекеттік оқу гранттарын жоғары оқу орындарының беделіне қарай емес, нақты жұмыс берушілердің тапсырысы мен жолдамаларына сәйкес бөлу маңыздырақ тәрізді. Бұл – уақыт талабы. Екіншіден, жұмыспен қамту саясатының негізгі нәтижелілігін құрғақ анықтама қағаздарымен емес, түлектердің алты ай және бір жылдан кейінгі ресми зейнетақы аударымдары, мансаптық өсуі мен нақты табыс деңгейі арқылы бағалайтын әділ жүйе енгізу қажет. Үшіншіден, NEET санатындағы жастармен жұмыс істеуде формальды шаралардан бас тартып, әрбір жастың психологиялық, әлеуметтік және кәсіби қажеттіліктерін ескеретін атаулы бағдарламаларды іске қосқан дұрыс. Төртіншіден, қоғамда қарапайым еңбек адамы мен жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын өңірлердегі ірі инвестициялық жобалармен тығыз байланыстыру керек. Бесіншіден, мемлекеттің барлық жүкті өз мойнына алу тәжірибесінен арылып, шағын және орта бизнеске қаржылық әрі инфрақұрылымдық қолдау көрсету арқылы жеке сектордың бәсекеге қабілетті, жоғары жалақы төлейтін тұрақты жұмыс орындарын ашуына жол ашқан жөн.
Біз атап өткен осы бес бағыт оңтайлы жолға қойылса, Бұқар жыраудың он тілегі секілді бірін-бірі толықтырып тұрады. Түптеп келгенде, мемлекеттік саясаттың, отандық бизнестің және білім беру жүйесінің өзара үйлесімді әрі ашық әріптестігі ғана еліміздің экономикалық серпінін қамтамасыз етіп, әрбір азаматтың лайықты еңбек етіп, бақуатты өмір сүруіне жол ашпақ. Кестелі ойдың кесімді түйіні – осы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.
Коллаж: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!