Қылмыс туралы хабар тарағанда қоғам әдетте оқиғаның қай жерде болғанын, кімнің күдікке ілінгенін, қандай жаза тағайындалғанын сұрайды. Ал зорлық бір үйдің ішінде жасалса, сұрақтың сипаты өзгеретіні өкінішті. «Неге ешкім естімеді, неге ешкім байқамады, неге жәбірленуші дер кезінде қорғалмады?». Ең ауыр қылмыстардың кейбірі бөтеннің көзі түспейтін жерде, отбасының күнделікті тіршілігімен астасып жатады. Сырт көзге бүтін көрінген шаңырақтың ішінде әйелдің еркі тұсалып, баланың балалығы ұрлануы мүмкін. Бірі күйеуінен көрген қорлықты жұртқа жария етуден ұялса, екіншісі баласын алып кетуге батпайды. Үшіншісі өзіне әке атанған адамның әрекетін айтуға қорқады. Өйткені зорлық жасаушы – отбасындағы беделіне сүйенген, баланың сенімін иеленген, айналасындағыларға сыйлы болып көрінетін жан. Мұндай қылмыстардың қауіптілігі де осында: жәбірленушінің үнін өшіруге сыртқы күш қана емес, туыстық қатынас, тәуелділік, қорқыныш пен қоғамдық қысым да қызмет етеді. Қоғам отбасын қасиетті ұғым ретінде дәріптегенімен, сол отбасының ішінде жасалған қылмысқа келгенде үнсіз қалатын жағдайлар да аз емес. «Елге сөз болмасын», «баланың әкесін жаманатқа қалдырма», «үйдің ішіндегі мәселені өздерің шешіңдер» деген түсініктер кейде қылмысты жасыруға жол ашады. Ал жәбірленушіге ең қажет сәтте қолдау көрсетілмесе, отбасы деген ұғым оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орта болудан қалады.
2026 жылы Қазақстанның бірнеше өңірінде кәмелетке толмаған қыздарға қатысты тіркелген қылмыстар дерегі әлі де жаға ұстатарлық. Олардың ішінде өгей әкесі, туған әкесі, жақын туысы тарапынан жыныстық зорлық көрді деген деректер де бар. Мәселен, қаңтар айында Түркістан облысының Кентау қаласында екі кәмелетке толмаған қызға қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті ұсталды. Полиция мәліметінше, арыз 2025 жылдың желтоқсанында түскен. Ер адам екі өгей қызына қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Тергеу басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал, ақпан айында Ақтөбе облысында 14 жастағы қызға қатысты істің сот үкімі шықты. Сот қыздың өгей нағашы атасын зорлау және он алты жасқа толмаған адамды азғындық жолға түсіру баптары бойынша кінәлі деп танып, 21 жылға бас бостандығынан айырды. Туыстық байланыстың астарында жасырынған мұндай қылмыс баланың кімнен қорғануы керектігі туралы ең ауыр сауалды алға тартады. Мамырда Абай облысында өгей әкесінің бірнеше жыл бойы зорлығына ұшыраған жасөспірім қыздың ісі бойынша сот үкімі заңды күшіне енді. Оқиға 2025 жылдың жазында Жарма ауданында болған. Қыз прокурорлармен кездесуде өз құқықтары мен көмек сұрау жолдары туралы ақпарат алғаннан кейін ғана басынан өткен жағдайды айтуға шешім қабылдаған. Семей қаласының мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айырды. Тамызда Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында туған қызын бірнеше жыл бойы зорлады деген күдікпен ер адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 14 жастағы қыз алты жасынан бастап әкесінен жыныстық зорлық көрген болуы мүмкін. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Бұл дерек әзірге сот үкімімен расталмағандықтан, күдіктінің кінәсі заң аясында анықталуға тиіс. Ал, қыркүйекте Қызылордада кәмелетке толмаған қызға қатысты қылмыстық іс қоғам назарын аударды. Жаттықтырушының қарамағындағы қызға екі жыл бойы зорлық көрсеткені туралы арыз түскен. Облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын, екі күдіктінің сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады.
ҚОРЛЫҚҚА ҚАЛҚАН БОЛҒАН АНА…
Кәмелетке толмаған адам өзіне жасалған әрекеттің мәнін түсінбеуі, қорқытуға ұшырауы, жақындарының қарым-қатынасы бұзылады деп қауіптенуі мүмкін. Кейде оған ешкім сенбейтініне көзі жетіп, болған жағдайды ішіне бүгіп қалуы да ықтимал. Мұндай сәтте баладан батылдық күтудің өзі қателік, керісінше, жауапты тұлғасы, яғни өкіліне жауапкершілікті жүктеу жөн-ақ. Қараша айында резонанс тудырған қызылордалық қаршадай қыздың жағдайы да осыған саяды.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында тіркелген тағы бір оқиға отбасылық ортадағы зорлықтың қаншалықты күрделі сипат алатынын аңғартады. Тоғызыншы сыныпта оқитын 14 жастағы қыз өгей әкесінің ағасы тарапынан төрт жыл бойы жыныстық зорлыққа ұшырағанын айтып, полицияға жүгінген. Жасөспірімнің сөзінше, 58 жастағы ер адам оған ұйықтататын дәрі аралас сусын беріп, есінен танған немесе ұйқыға кеткен сәтін пайдаланып, бірнеше рет қылмыстық әрекетке барған. Қыздың айтуынша, алғашқы оқиға көлікте болған, кейін Қармақшы ауданындағы үйде тағы қайталанған. Бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, полиция зорлау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы тексеріліп, қажетті сараптамалар тағайындалған. Күдіктінің кінәсі әзірге сотта анықталған жоқ. Алайда, бұл істің қоғамды алаңдататын тұсы күдіктінің әрекетімен ғана шектелмейді. Жасөспірімнің айтуынша, анасы болған жағдайды жария етпеуге, тіпті полицияға берген мәліметін жоққа шығаруға көндірмек болған. «Менің қызымсың ғой, бәрібір саған ешкім сенбейді» деген сөзді естігенін айтқан қыз тергеудің жүруіне анасының өзі қарсы екенін жеткізген. Бұл – баланың ең алдымен қорған іздейтін адамынан қолдау таппауының ауыр көрінісі.
Қазір отбасындағы жағдайға байланысты жасөспірім екі айдан бері арнайы бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Оның қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына орталық мамандары жауапты. Ал немересінің құқығын қорғауға кіріскен нағашы атасы істің әділ тергелуін талап етіп, қыздың өз қолында болғанын қалайтынын айтқан. Бұл оқиғада баланың сөзіне сену, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тергеуге кедергі келтірмеу мәселелері қатар тұр. Кәмелетке толмаған қыздың өзіне жасалған әрекетті ашық айтуы онсыз да оңай емес. Ал сол сәтте жақын адамының оны кері шегінуге үгіттеуі баланың қорқынышын күшейтіп, әділдік іздеу жолын одан әрі қиындатады. Қылмыстық істің мән-жайын тергеу анықтайды. Бірақ бір нәрсе анық: баланың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау отбасылық беделден де, ел ішіндегі сөзден де жоғары тұруы керек.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылы жарияланған «Қазақстанның әйелдері мен ерлері» жинағындағы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті деректеріне сәйкес, 2025 жылы отбасылық-тұрмыстық салада әйелдер мен кәмелетке толмаған қыздарға қатысты 5 319 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның 4 699-ы кәмелетке толмаған қыздарға, 458-і әйелдерге қатысты.
Бұл сандарды оқығанда бір маңызды ескеретін жайт: аталған көрсеткіштерді зорлау фактілерінің саны деп түсінуге болмайды. Олар отбасылық-тұрмыстық салада тіркелген әртүрлі құрамдағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды қамтиды. Десе де, кәмелетке толмаған қыздарға қатысты тіркелген құқықбұзушылықтардың ауқымы балалар қауіпсіздігіне қатысты жүйелі жұмыстың аса қажеттігін айқындап тұр…
Ресми статистика – құқық қорғау органдарына жеткен деректің есебі. Ал шағымданбаған, қысымнан қорыққан, жақындарының сөзіне жығылған немесе өз құқығын білмеген жандардың жағдайы бұл есепке енбейді. Сондықтан тіркелген қылмыстардың саны қоғамдағы зорлықтың толық көлемін білдірмейді. Қылмыстың аз тіркелуі оның азайғанын әрдайым білдіре бермейді. Кейде бұл жәбірленушінің әлі де үнсіз отырғанын білдіруі мүмкін.
2026 жылдың алғашқы 9 айында отбасылық жанжал шығарған 90 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 25 мыңы әкімшілік қамауға алынған. 73 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылып, нұсқама мен сот белгілеген шектеулерді бұзғаны үшін 20,5 мың адам жауапқа тартылған. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балалары бар 4,5 мың әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылған.
Ішкі істер министрлігі осы кезеңде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтар 10,4 пайызға, адам өлтіру фактілері 11 пайызға төмендегенін хабарлады. Бұл – ресми тіркелген қылмыстар динамикасы. Алайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар мен қылмыстық істердің саны – екі бөлек есеп санаты. Сондықтан бір көрсеткіштің төмендеуін зорлық мәселесі шешілді деп бағалауға ешбір негіз жоқ.
Айта кетейік, 2024 жылдың 15 сәуірінде Президент әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын заңға қол қойды. ІІМ дерегіне үңілсек, заң қабылданғаннан бері қылмыстар саны 6,4%-ға азайған. Ал, заң қатайтылғаннан кейінгі екі жылда күйеуі немесе бірге тұратын ер адамның қолынан 150 әйел қаза тапқан.
Тұрмыстық зорлық туралы сөз қозғалғанда жәбірленушіге қойылатын сауалдардың бірі – «Неге кетпеді?». Бұл сұрақтың астарында әйелдің өз тағдырына өзі жауапты деген түсінік жатыр. Бірақ, зорлық ортасынан шығу сырт көзге елестегендей оңай шешім емес. Тұрақты табыстың болмауы, баспананың жоқтығы, балалардың жағдайы, қаржылық тәуелділік, туыстарының қолдамауы, қоғамдық қысым – әйелдің таңдау мүмкіндігін шектейтін себептің бірқатары. Кей жағдайда ажырасуға бел буған әйелдің өзі бұрынғы серіктесінен қудалау мен қысым көреді. Сондықтан мәселені «неге шыдады?» деген сұрақпен шектеу – зорлық жасаған адамның жауапкершілігін көлеңкеде қалдыру. Әйелді қорғау үшін оған арыз жазуды ұсыну аздық етеді. Ол арызданғаннан кейін қайда барады? Балаларымен бірге тұратын қауіпсіз баспанасы бар ма? Өз күнін өзі көруге мүмкіндік беретін жұмысы немесе тұрақты табысы бар ма? Қорғау нұсқамасы шыққан соң оның орындалуын кім бақылайды? Қауіп қайта төнсе, жедел көмекке қалай қол жеткізеді? Осы сұрақтардың жауабы дайын болмаса, заңмен берілген қорғаныс қағаз жүзіндегі шара болып қалуы ықтимал. Ал балаға қатысты зорлықта «Неге ертерек айтпады?» деген кінәлау тіпті орынсыз. Бала ересектерге тәуелді. Оның күнделікті тамағы, баспанасы, тәрбиесі, қауіпсіздігі – солардың қолында. Зорлық жасаушы осы тәуелділікті өз пайдасына жаратуы әбден мүмкін. Кейбір жағдайда баланың сөзіне сенбейтін туыстар да қылмыстың ашылуына кедергі келтіреді. Мұндай ортада баладан батылдық талап ету оңай, ал оны қорғау – нақты міндет.
Жоғарыда атап өткеніміздей, 2024 жылғы 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойылып, сол жылдың маусымынан бастап бірқатар норма күшіне енді. Ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қайта енгізілді. Ал 2026 жылғы 11 қаңтардан бастап кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Атап айтқанда, ата-анасы, өгей әкесі немесе туыстық қатынасы мен тәрбиесіне қатысы бар тұлға осындай қылмыс жасаған жағдайда бас бостандығынан айыру мерзімінің төменгі шегі 17 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтылды.
Заңның қатаюы – мемлекеттің мұндай қылмыстарға көзқарасының өзгергенін білдіретін маңызды қадам дейміз. Бірақ жазаның ауырлығы қылмыстың алдын алатын жалғыз құрал емес. Қылмыс жасалғанға дейінгі белгілерді байқау, жәбірленушінің шағымына жедел әрекет ету, қауіп төндірген адамды бақылау, баланы қауіпсіз ортаға орналастыру, кейінгі психологиялық және әлеуметтік қолдауды ұйымдастыру – бір-бірінен ажырамайтын міндеттер. Қорғау нұсқамасының берілуі де мәселенің шешілгенін білдірмейді. Нұсқама шығарылғаннан кейін оның орындалуы қалай бақыланады? Бұған дейін бірнеше рет шағым түскен адамға қатысты қандай шара қабылданған? Қорғау мерзімі аяқталған соң әйел мен баланың қауіпсіздігі кімнің бақылауында болады? Дағдарыс орталығынан шыққан әйелдің баспанасы мен табысы болмаса, оны қайтадан қауіпті ортаға итермелемейтін қандай қолдау бар?
Балаларға қатысты істерде де қылмыскерді соттау соңғы нүкте болмауы керек. Жәбірленуші балаға ұзақмерзімді психологиялық көмек, қауіпсіз орта, оқуын жалғастыру мүмкіндігі қажет. Оның жеке басын жария етуге, оқиғаның егжей-тегжейін таратуға жол берілмеуі тиіс. Қылмысты талқылау барысында баланың ар-намысы мен жеке өмірін қорғау – қоғамның да, ақпарат құралдарының да кәсіби жауапкершілігі.
Отбасындағы зорлықты «ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілік» деп жұмсарту – қылмыстың сипатын көмескілеу. Қорқыту, ұрып-соғу, бостандығын шектеу, жыныстық қолсұғушылық – жеке адамның құқығына қарсы жасалған әрекет. Мұндай жағдайда туыстық қатынас, әкелік мәртебе немесе отбасындағы бедел ешкімге ақтау бола алмайды.
Біз кейде отбасының бүтіндігін сақтауды әйелдің үнсіздігімен, баланың басынан өткенді жария етпеуімен шатастырамыз. Бірақ қылмысты жасыру арқылы сақталған шаңырақтың берекесі бар ма? Баланың қауіпсіздігі мен әйелдің өмірі отбасылық абыройдан төмен қойылса, онда қорғалуы тиіс құндылықтың өзі бұрмаланғаны. Үйдің есігі жабылған соң заңның күші тоқтамауы керек. Туыстық қатынас қылмысты бүркемелейтін пердеге айналмауы тиіс. Әйелдің өмірі мен баланың қауіпсіздігі ешқандай отбасылық дәстүрден, қоғамдық пікірден, бедел мен атақтан төмен тұрмайды. Өйткені үйдің тыныштығы бір адамның қорқынышына, екінші біреудің үнсіздігіне сүйеніп тұрса, ол – тыныштық емес, сырт көзден жасырылған қасірет.
Перизат ЗАХРАДИН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!