Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Базар бұрышындағы күн нұры

26.11.2026, 7:20 23

Ақпанның аязы бет қаратпайды ғой шіркін… Осыдан бірнеше күн бұрын сауда орталығына барғанда жүрегімді елжіретіп, көңілімді босатқан көрініске тап болдым. Сол бір бейне көз алдымнан кетер емес. Картина салып, мүсін қойсақ  та  аздық  етеді-ау,  сірә?!

Қоғамдық көліктен түскенім сол еді, күннің суығы денем­ді шымшып, арқадан соққан жел бойымды суытып барады. «Үстімдегі тонымның терісі шынымен де былғары­дан жасалған ба?» деп күмәнданып қоямын ішімнен. Жүрісімді жылдамдатып, қажет затымды алып, үйге қайту­ға асықтым. Көше ығы-жығы көлік пен қыбырлаған жолау­шыға толы. Саудагерлер де саудасын жүргізіп бағуда. Күн суық болса да, адамдар қарасы қалың. Бірақ желдің ызғары олардың да беттерін қарыса керек-ті. Сатушылардың дені заттарын жинап қайтуға қамданып жатыр. Бетім қызарып, мұрнымның ұшы жансызданып кеткендей. Автобус аялда­масына жақындағанда базардың бұрышында ғана жеміс сатып тұрған, орта жастан асқан бір әжейге көзім түсті. Қаһарын төккен қыстың әсерін сол бір сәт көзінен күлімдеп, сәуле шашып, жайдары жүзінен күн нұрындай жылулық көріп, тоңғанымды да ұмытып кеттім. Күннің ыстық, суығына да қарамай, балалары үшін еңбек еткен аналардың ақ жүрегінен айналдым. Әжейдің қасына барып, саудасының өтуіне көмектесіп, алма сатып алдым. Мені де немересіндей көріп, өз  немерелері  туралы  әңгіме  айтып  бастап  кетті.

Әжейдің дауысы ақпанның ызғарын қақ жарып, дәл іргеде ғана бүршік жарып келе жатқан көктемнің алғашқы лебіндей  естілді.

– Қарағым-ау, мына алмаларды ала ғой, бәрі тәтті. Қалада­ғы қымбат жемістерден кем емес, өз бағымның дәмі,— деді.

Сол сәтте оның жанарынан бір мұң мен үміт қатар сыр­ғып  өткендей  болды.

– Мына заманның  қиындығына  қарамай,  балаларымның тамағын тауып берсем болды деп жүрмін ғой. Екі немерем  бар. Ұлымның көзі еді, аманаты ғой. Келінім науқас­танып  қалды.  Соларға дәрі-дәрмек, киім-кешек алуым керек. Немере­лерімнің «әже, қашан келесің?» деген сөзін естігенде, ақпанның  аязы  түгілі,  тау  қопаратындай күш бітеді маған, — деді  жылы  дауыспен.

Ол сөйлеген сайын менің көз алдыма сол шағын ғана бөлмеде әжесінің жолын тосып отырған екі бүлдіршін елес­теді. Терезеден түскен сәулеге қарап, «әжем келе жатыр ма екен?» деп сыбырлап отырған сәттері… Ақпанның қаһары олардың терезесіне жете алмайтындай, әжейдің алақанындағы жылу сол үйдің қабырғасын ұстап тұрғандай көрінді.

– Әже, сіздің жүрегіңіз нағыз күн екен ғой, — дедім мен іштей тебіреніп. – Мына аяз да сіздің мейіріміңіздің алдында дәрменсіз.

Әжей тағы да күлімдеді. Оның әжім басқан жүзіндегі сол бір шынайы күлкі өмірдің барлық соққысына төтеп берген, бірақ адамға деген сенімін жоғалтпаған жанның белгісі еді.

– Күн болсақ, жарығымыз балаларға жетсін, қарағым. Сен де аман бол, жолың  болсын! — деп, маған батасын берді.

Мен күткен қоғамдық көлік те келіп қалды.

Автобусқа мініп, терезеден қарап отырмын. Көшедегі адамдар әлі де асығыс, жел уілдеп тұр. Бірақ базардың бұрышындағы сол бір нүкте, әжейдің тұрған жері бүкіл қаланың ең жылы, жарық жері болып сезілді. Үйге жеткенше ой құшағына сүңгіп кеттім. Сол уақытта менің ұққаным көп. Шынымен де, аналардың мейі­рімі шексіз. Балаларының бақыты үшін бәріне дайын. Сәби кезімізден жасаған жақсылықтары мен сыйлаған өмірі, бақыты мен қуанышы. Біз осыларды есейгенде еңбе­гімізбен өтеп, бағып-қағуымыз керек. Анала­рымыздың  алдында өтейтін борышымыз көп.

Тағдыр бетіне кейде үлкен оқиғалар емес, осындай кішкентай ғана кездесулер жазы­лады екен. Бір-біріміздің атымыз­ды да білмейміз, бірақ сол бірнеше минуттың ішінде жүректер бір-бірін танып, жылытып үлгерді. Ақпанның аязы ертең-ақ қайтар, көктем келер. Бірақ сол күні базар бұрышындағы әжейдің көзінен көрген күн нұры менің жүрегімде ұзақ сақталатынын  білдім.

Назерке  БАҚЫТБЕК,

Қорқыт  ата  атындағы ҚУ-дың  Ж-24-1 оқу  тобы  студенті

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: