Ұлттық ойындар – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Әр ойынның астарында өзіндік тәрбие, өмірлік тәжірибе мен ұрпаққа берер өнегесі жатыр. Солардың бірі – бес асық. Қарапайым ғана бес асықтың бойында баланың ойлау қабілетін, ептілігін, шапшаңдығы мен төзімділігін дамытатын үлкен мүмкіндік бар.
Мен Ә.Құдабаев атындағы №197 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін. Бірнеше жылдан бері бес асық ойынын насихаттап, оқушыларды осы ұлттық ойынның қыр-сырына баулып келемін. Бұл бағыттағы жұмысымды бастағандағы басты мақсатым – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Мұнан бөлек, ұлттық құндылықтарымызға деген қызығушылығын арттырып, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны кейінгі буынға жеткізуге тырысудамын.
Бүгінде балалардың назары түрлі гаджет мен заманауи ойынға ауып тұрғаны белгілі. Мұндай жағдайда ұлттық ойындарды қызықты етіп үйрету, оларды балалардың күнделікті өміріне енгізу – ұстаздар үшін маңызды міндеттердің бірі. Бес асықтың осы мақсатқа жетудегі мүмкіндігі мол. Өйткені, бұл ойын баланы қозғалысқа бейімдейді, әр қимылын ойластырып, жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Қимыл-қозғалыстан өзге, ойлау жүйесін дамыта түседі. Саусақ моторикасымен жұмыс жүргізеді.
Үйірме сабақтарында оқушыларға бес асықтың ережелерін, ойнау тәсілдерін және әр кезеңнің орындалу тәртібін түсіндіремін. Алғашқыда қарапайым әдістерді меңгерген балалар бірте-бірте күрделі тапсырмаларды орындауға дағдыланады. Әр баланың қабылдау қабілеті мен ойын меңгеру жылдамдығы әртүрлі болғандықтан, олардың дайындық деңгейіне қарай жұмыс жүргізуге тырысамын.
Бес асық ойынының тағы бір ерекшелігі – баладан ұқыптылық пен сабырлықты талап етеді. Асықты дәл қағып алу, белгіленген тапсырмаларды уақытында орындау үшін оқушының зейіні тұрақты болуы керек. Сонымен қатар, саусақтардың қимыл үйлесімділігі жетіліп, ұсақ моторикасы дамиды. Ойын барысында балалар жеңіске жетудің оңай келмейтінін, оған тұрақты жаттығу мен табандылық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын түсінеді.
Ұстаз ретінде мені ерекше қуантатыны – шәкірттерімнің ұлттық ойынға деген қызығушылығының артуы. Алғашында бес асыққа қызығып келген оқушылардың уақыт өте келе шеберлігін шыңдап, жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуі – еңбегіміздің нәтижесі. Шәкірттерімнің жеңімпаздар қатарынан табылуы маған жаңа күш-жігер береді. Әр жетістіктің артында жүйелі дайындық, төзімділік және оқушының өзіне деген сенімі тұрады.
Осы орайда, біздің мектептің командасы «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы аясында өткізілген сайыста жүлделі 3-орынға қол жеткізді. Мұнан бөлек, көптеген қалалық жарыстарда оқушыларымыз үздік нәтиже көрсетіп жүр. Мен үшін бес асық үйірмесінің жетістігі тек жарыстағы жүлдемен өлшенбейді. Ең маңыздысы – балалардың ұлттық ойынға ықылас танытуы, оның тарихы мен маңызын түсінуі. Олардың өзара жарысып, бір-біріне қолдау көрсетуі, ойын ережесін құрметтеуі де үлкен тәрбиелік мәнге ие.
Ұлттық ойындарды насихаттау бір күндік науқан болмауы керек деп есептеймін. Бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жүргізілгенде ғана нәтижесін береді. Мектептерде бес асық үйірмелерінің көбеюі, балалар арасында жарыстардың жиі ұйымдастырылуы ұлттық спорттың дамуына серпін береді. Ол үшін ұстаздардың ізденісімен қатар, ата-аналардың да қолдауы маңызды.
Біздің міндетіміз – балаларға тек ойын үйрету емес, сол ойынның бойындағы ұлттық тәрбиені де сіңіру. Өйткені ұлттық мұраны сақтау оны білу мен құрметтеуден басталады. Бес асыққа қызыққан әрбір бала – халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін танып келе жатқан жас ұрпақ.
Сондықтан, бес асықты дәріптеу жолындағы еңбегімді жалғастыра беремін. Шәкірттерімнің әрбір жетістігі мені алдағы уақытта да ізденуге, үйретуге және ұлттық құндылығымызды насихаттауға жігерлендіреді.
Ақкенже ТӘЖИЕВА,
Ә.Құдабаев атындағы №197 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!