Сығанақ қаласының атауы X ғасырдан бастап түркі және парсы-араб тарихшыларының (Мұхаммед Джувейни, Махмұд Қашқари, Фазлаллах ибн Рузбихан, Әбу Шама әл-Макдиси) жазбаларында кездеседі. Ортағасырлық деректерге қарағанда, қала XI-XIII ғғ. ДЕШТІ-ҚЫПШАҚ елінің, XIII-XIV ғғ. Ақ Орданың, XV-XVII ғғ. Қазақ хандығының елордасы болған. Түрлі тарихи кезеңді басынан өткізген қала XVIII ғасырға дейін өмір сүргені мәлім. Сығанақтың «Қыпшақ даласының айлағы» деп аталуы әйгілі Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары деңгейде дамығандығын аңғартады.

Сығанақ қаласы өз заманында мәдениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі рухани білім орталықтарының бірі болды. Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі туындылардың бірі «Хұсрау мен Шырын» поэмасы (авторы: Құтб шайыр) осы Сығанақ шаһарында жазылды.
Парсы тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбиханның жазуына қарағанда қала XV-XVII ғғ. Қазақ хандығының астанасы болған. Осы тарихшының өзі қалада жиі болып, қаланың базарына Орта Азияның түкпір-түкпірінен сауда керуендерінің келетіндігін, Дешті-Қыпшақ қалаларында қайнаған сауда базарының болатындығын жазады. Бұл тарихи мәлімет қаланың Ұлы Жібек жолының төрт құбыласы қиылысқан аса қолайлы жерде орналасқандығын көрсетеді.

XIX-XX ғасырларда қала орнын алғаш П.И.Лерх, Е.А.Смирнов, В.А.Каллаур, т.б. орыс ғалымдары зерттеді. Өткен ғасырдың 70-жылдары К.Ақышев, К.Байпақов сынды отандық археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Сығанақтың Дешті-Қыпшақ даласындағы Отырардан кейінгі атақты екінші қала саналатындығы жөнінде ғылыми тұжырым жасаған.
2003 жылдан бастап Сығанақ қаласының тарихи орнында Қызылорда облысының әкімдігінің қолдауымен кешенді қазба жұмыстары жүргізілуде.
Қалашықтың қорғау аймағы – 309,6 гектар, қорғалатын табиғат ландшафты аймағы 739,6 гектарды құрайды.
Сығанақ қалашығы бүгінде ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.
Жаңақорған ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!