Елімізде автомобиль және теміржол машинасын жасау салаларында отандық бөлшектер өндірісі кеңейтіледі. Үкімет өндірісті жергіліктендіруді күшейту үшін салалық кластерлерді дамытуды қолға алды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда дайын өнімді құрастырумен шектелмей, оған қажетті бөлшектерді, жабдықтар мен материалдарды ел ішінде өндіруге басымдық берілмек. Осы мақсатта «салалық кластер» ұғымы енгізіліп, кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайту көзделіп отыр.
Жаңа тәсіл бойынша ірі зауыттардың айналасына шикізат жеткізушілер, қосалқы бөлшек өндірушілер, шағын және орта бизнес өкілдері, ғылыми ұйымдар мен сервистік кәсіпорындар шоғырландырылады. Алғашқы пилоттық бағыттар ретінде автомобиль және теміржол машинасын жасау салалары таңдалған.
Министрдің айтуынша, елімізде қазірдің өзінде аккумуляторлар, автомобиль шиналары, мультимедиялық жүйелер мен орындықтар өндірісі жолға қойылған. Сондай-ақ Qarmet компаниясы шығаратын отандық болаттан автобустардың шанақ бөлшектері жасалып жатыр.
— Елімізде аккумуляторлар, шиналар, мультимедиялық жүйелер мен орындықтар шығарылуда, сондай-ақ Qarmet компаниясы өндіретін отандық болаттан автобустардың шанақ бөлшектерін штамптау өндірісі жолға қойылды. Биыл жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелерін, еден жабындарын және жүк автомобильдеріне арналған қозғалтқыштардың цилиндрлерінің блоктарын шығару басталды, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Биылғы жоспар аясында Қостанайда жылына 60 мың бірлікке дейін автокомпонент шығаратын өндірісті іске қосу көзделген. Ал Алматыда автомобильдерге арналған электр сымдарын, тежегіштер мен отын құбырларын өндіруді жергіліктендіру жоспарланып отыр.
Теміржол машинасын жасау саласында да өндірістік тізбекті кеңейту жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, тұтас тапталған теміржол дөңгелектері, вагон осьтері, бағыттама бұрмалары мен рельс бекіткіштерін шығару қарастырылған.
Министрлік жаңа кластерлік тәсіл отандық кәсіпорындардың бір-бірімен өндірістік байланысын күшейтіп, шетелден әкелінетін бөлшектерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді. Сонымен бірге шағын және орта бизнеске ірі өндірістердің жеткізу тізбегіне қосылуға жағдай жасалмақ.
Дегенмен бастаманың нақты нәтижесі жаңа кәсіпорындардың іске қосылуына, оларда өндірілген бөлшектердің үлесіне және қазақстандық өнімнің ірі зауыттарда қаншалықты пайдаланылатынына байланысты болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!