Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Прагада 400 мыңға жуық адам БАҚ тәуелсіздігін қорғауға шықты

16.11.2026, 17:10 19

Чехия астанасы Прагада жүздеген мың адам қоғамдық телеарна мен радионы мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жоспарына қарсы наразылық акциясына қатысты. Ұйымдастырушылардың бағалауынша, шеруге 350–450 мың адам жиналған, деп хабарлайды Halyqline.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

15 қарашада Чехия астанасындағы Летна алаңына елдің әр өңірінен жүздеген мың адам жиналды. Олар премьер-министр Андрей Бабиш үкіметінің қоғамдық бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру тәртібін өзгерту бастамасына қарсылық білдірді. Наразылық акциясын «Демократия үшін миллион сәт» (Milion chvilek pro demokracii) азаматтық қозғалысы ұйымдастырды.

Шеруге қатысушылар Чехияның қоғамдық телеарнасы (Česká televize) мен қоғамдық радиосын (Český rozhlas) қаржыландыратын міндетті абоненттік төлемдерді алып тастау жоспарына наразы. Үкімет бұл төлемдердің орнына аталған бұқаралық ақпарат құралдарын тікелей мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруды ұсынып отыр. Алайда бастамаға қарсы тарап мұндай өзгеріс редакциялардың қаржылық тәуелсіздігін әлсіретіп, биліктің журналистерге ықпал етуіне мүмкіндік береді деп есептейді.

Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың жетекшісі Микулаш Минарж шеруге шамамен 400 мың адам қатысқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл 1989 жылғы Барқыт революциясынан бергі ең ауқымды халықтық жиындардың бірі болуы мүмкін. Полиция акцияны тәуелсіз Чехия тарихындағы ең ірі наразылық деп сипаттағанымен, қатысушылардың нақты саны жөнінде жеке есеп жарияламады.

— Сайланған үкіметтің ел басқаруға құқығы бар. Бірақ бұл оған ойына келгенін жасауға және демократиялық институттарды бұзуға құқық бермейді, – деді Микулаш Минарж.

Reuters мәліметінше, ұсынылып отырған заң жобасы қоғамдық телеарна мен радионың қаржыландыру көлемін шамамен 15 пайызға қысқартуы мүмкін. БАҚ өкілдері мұндай өзгеріс қызметкерлер санын азайтуға, бағдарламалар өндірісін қысқартуға және редакциялардың жұмысына кері әсер ететінін ескертеді.

Қазір Чехияда үй шаруашылықтары қоғамдық телеарна мен радионы қаржыландыру үшін ай сайын жалпы 205 чех кронасын төлейді. Үкімет бұл міндетті төлемді жою азаматтардың қаржылық жүктемесін жеңілдетеді деп санайды. Премьер-министр Андрей Бабиш ұсынылған реформаның БАҚ еркіндігіне қауіп төндіретіні туралы пікірлермен келіспейтінін мәлімдеген.

Наразылықтың күшеюіне заң жобасының парламентте қаралу тәртібі де себеп болған. 24 қазанда билік коалициясы оппозиция депутаттарының сөз сөйлеу уақытын шектеп, таңғы сағат 04:36-да құжатты алғашқы оқылымнан өткізген. Осыған байланысты шеруге «Летна 4:36-ға қарсы» деген атау берілді.

Акция барысында қатысушылар биліктен заң жобасын кері қайтаруды, қоғамдық БАҚ тәуелсіздігіне кепілдік беруді және қоғам өкілдерімен ашық талқылау өткізуді талап етті. Наразылар үкіметтің өзге де шешімдерін сынап, парламент төменгі палатасының төрағасы Томио Окамураның отставкаға кетуін талап етті.

Бұл Чехияда қоғамдық БАҚ-ты қаржыландыру реформасына қарсы ұйымдастырылған алғашқы наразылық емес. Қарашаның басында қоғамдық телеарна мен радио қызметкерлері бір күндік ереуіл өткізіп, оған студенттер, өнер қайраткерлері және азаматтық ұйымдар қолдау білдірген.

15 қарашадағы жаппай шеру бейбіт жағдайда аяқталды. Ал қоғамдық БАҚ-ты қаржыландыруға қатысты заң жобасын парламентте талқылау жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: