Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қытайға 488 млн теңгенің алтынын алып өтпек болған ер адам сотталды

16.11.2026, 16:35 48

Жетісу облысында алтын құймаларын денесіне жасырып, Қытайға заңсыз өткізбек болған Алматы тұрғыны сотталды. Құны 488 миллион теңге болатын бағалы металл мемлекет кірісіне тәркіленді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Жетісу облысы прокуратурасының мәліметінше, Алматы қаласының тұрғыны «Қорғас» Шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының кеден бекеті арқылы аса ірі мөлшердегі алтынды жасырын алып өтпек болған. Ол кедендік және шекаралық бақылаудан өту үшін алтын құймаларын жабысқақ таспамен денесіне бекітіп алған.

Алайда кедендік тексеру кезінде ер адамның әрекеті әшкереленіп, бағалы металл тәркіленген. Тексеру нәтижесінде заңсыз алып өтуге әрекет жасалған алтынның жалпы салмағы 5 келі 764 грамм, ал құны 488 миллион теңге екені анықталды.

— Кеден және шекаралық бақылаудан жасыру мақсатында азамат алтын құймаларын жабысқақ таспа көмегімен денесіне жабыстырып алып жүрген. Кедендік тексеру барысында контрабандалық тауар әшкереленіп, уәкілетті орган қызметкерлерімен тәркіленді, – деп хабарлады Жетісу облысының прокуратурасы.

Аталған дерек бойынша іс сотқа жолданған. Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы ер адамның экономикалық контрабанда жасауға оқталғанын дәлелдеген.

Панфилов аудандық сотының үкімімен Алматы тұрғыны кінәлі деп танылды. Сот шешіміне сәйкес, тәркіленген 488 миллион теңгенің алтыны мемлекет кірісіне айналдырылды.

Прокуратура таратқан ақпаратта сотталған азаматқа нақты қандай жаза тағайындалғаны көрсетілмеген. Оның жеке басына қатысты мәліметтер де жарияланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: