Жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Оған ел паспортын Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев табыстады, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Бұл туралы министр 6 қарашада әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерге Қазақстан азаматтығын беру туралы Жарлыққа 30 қазанда қол қойған.
— Қазақстанда бір миллиардерге көбейді! Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын қуана табыстадым. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытуға және дарынды мамандарды қолдауға ерекше мән береді. Біз болашақ технологияларын жасайтын адамдардың өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, идеяларын жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктерді елімізден тапқанын қалаймыз, – деп жазды Жаслан Мәдиев.
Министр Higgsfield командасының отандық жасанды интеллект индустриясын дамытуға қосқан үлесін де атап өтті. Оның мәліметінше, компания жасаған өнімді әлем бойынша 40 миллионнан астам адам пайдаланады.
Алекс Машрабов – жасанды интеллект көмегімен бейнежазбалар мен суреттер жасауға мүмкіндік беретін Higgsfield платформасының негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры. Компанияны ол 2023 жылы қазақстандық әзірлеуші Ерзат Дулатпен бірге құрған. Бұған дейін Машрабов америкалық Snapchat сервисін дамытатын Snap компаниясында генеративті жасанды интеллект бағытын басқарған.
Higgsfield бүгінде халықаралық технология нарығындағы жылдам дамып келе жатқан стартаптардың бірі саналады. 2026 жылдың тамызында компания 400 миллион доллар инвестиция тартып, нарықтық бағалануы 5,4 миллиард долларға жетті. Қазан айында оның инвесторлары қатарына NVIDIA компаниясы да қосылды. Стартаптың ірі инженерлік орталығы Алматы қаласында орналасқан.
Айта кетейік, Жаслан Мәдиев Машрабовты миллиардер деп атағанымен, компанияның 5,4 миллиард долларлық бағалануы кәсіпкердің жеке байлығы дәл осынша екенін білдірмейді. Оның дәулеті компаниядағы үлесіне және басқа да активтеріне байланысты есептеледі.
Жаңа азаматтың Қазақстанмен байланысын нығайтуы елдегі жасанды интеллект саласына мамандар мен инвестициялар тарту ісі үшін маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!