Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Жаңақорған ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Соның бірі – «Syr Dala Agro» ЖШС-нің Жаманбай батыр ауылдық округіне қарасты Бесарық ауылында тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, техникалық қызанақ өсіру жобасы. Жобаны 2026-2030 жылдар аралығында іске асыру жоспарланған.
Инвестициялық жобаның жалпы құны – 648,75 млн теңге. Осы мақсатта 2 070 гектар жер учаскесі алдын ала қарастырылған. Жоба толық қуатында жүзеге асқан жағдайда жылына 18-20 мың тонна техникалық қызанақ өндіру көзделіп отыр. Жиналған өнім тәулігіне 600 тонна қызанақ өңдеуге қауқарлы зауытқа жеткізіліп, одан томат пастасы мен пюре өндірілетін болады. Жобаның нәтижесінде 35 тұрақты және 150-ге дейін маусымдық жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға қажетті жер учаскесін беру мәселесі облыстық өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, оң қорытынды алынған. Бүгінде осы шешім негізінде жерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Кеше аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан Жаманбай батыр ауылдық округіне барып, қызанақ өңдеу зауытында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы жобаның аудан экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, құрылыс және жаңғырту жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін атап өтті.
Аталған жоба – ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы әртараптандыруға тың серпін береді. Сонымен қатар, Бесарық ауылының өндірістік әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік жасайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!