Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап оқып, сыйақы ал!

05.11.2026, 6:40 17

Елімізде «Кітап оқитын ұлт» атты оқырмандар арасында марафон өтіп жатыр. Жарыстың шарты бойынша әр оқырман 6 айда 15 шығарманы оқып бітіруі тиіс. Ақтық сынға шыққан 10 оқырманға әрқайсысына 10 млн теңгеден сыйақы беріледі. 27 қазандағы ахуал бойынша марафонға 1 477 991 адам қатысуда, ал оқылған кітаптардың саны – 412 215.

Кітап оқыған адамға сыйақы беру үрдісі әлемнің бір­қатар елінде бар. 2015 жылы БАӘ-нің шейхы Мұхаммед бен Рашид әл-Мақтұм мектеп оқушылары арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау үшін «Араб кітап оқу байқауын» (Arab Reading Challenge) тұрақты түрде өткізуге шешім қабылдады. Биыл 10-шы рет өткен  бұл  байқауға  әлемнің  60 елінен 40 миллионнан астам оқушы қатысқан. 29 қазанда Дубайда осы жарыс жеңімпаздарының есімдері жария болды. Салтанатты рәсімде кішкентай оқырмандар ғана емес, араб елдерінің аумағынан тыс жерлерде араб тілін үйреніп жүрген оқырмандар, педагогтер, мектептер марапатталды. Қатысушыларға (1-12-сынып оқушылары) қойылатын ең бас­ты талап – бір оқу жылында араб тіліндегі 50 кітапты оқып бітіріп, мазмұнын қысқаша баяндап беру. Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған оқушыға 500 мың дирхам (61,6 млн теңге) сыйақы беріледі. Екінші орынға – 100 мың  дирхам  (12,3 млн теңге), үшінші орынға 70 мың дирхам (8,6 млн теңге)  беріледі.

Араб кітап челленджінің негізінде Өзбекстанда биыл кітап оқу мәдениетін дамытатын қор құрылып, жалпыұлттық қозғалыс іске қосылды. Ол елдің барлық өңірін қамтиды. Жарысқа жалпы білім беретін мектептердің 1-11-сынып оқу­шылары қатысады. Ақтық кезең жыл сайын Өзбекстан Президентінің қатысуымен өтеді. Бағдарламаның жылдық сыйақы қоры 240 мың АҚШ долларын құрайды. Жарыс жеңімпазына 50 мың АҚШ доллары (440-450 мың теңге) көлемінде сыйақы беріледі. Бізге үлгі болар­лық үрдістің бірі – Өзбекстан мектептерінде «Жадидтердің ізімен» деген атаумен оқырман клубтары құрылды. Клуб мүшелері оқыған кітаптарын ашық талқылап, өзара үздік оқырманды анықтайды. Жеңімпаздарға аудан, қала басшылығы деңгейінде ақшалай  сыйлық  тапсырылады.

Өзбекстанның Әділет министрлігі хабарлағандай, 2026 жылы 16 қаңтарда Өзбекстан Президенті «Кітап оқу мәде­ниетін дамыту және халық арасында кітап оқуға қызығу­шылықты арттыру туралы» қаулыға қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, кітап оқуда жоғары белсенділік танытқан азаматтарды (мемлекеттік қыз­метшілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері және т.б.) ынталандыру жүйесі іске қосылды. 2026 жылдың 1 наурызынан бастап барлық министрлік пен ве­домствода қызметкерлер­ді ынталандыру іс-шаралары енгізіліп, қызмет бағыты бо­йынша кәсіби әдебиеттердің тізімі жасалды. 2026 жылдың    1 сәуірінен бастап мемлекеттік органдар мен әр ведомство­ға бағынатын ұйымдарда кітап бұрыштары ашылып, ай са­йынғы кітап оқу сағаттары бекітілді. Әр ұжымда оқырман белсенділігін анықтайтын ішкі рейтинг жүйесі бар. Осы байқаулар нәтижесінде әр ұжымдағы ең көп кітап оқы­ған қызметкерлерге айлық жалақысы көлемінде ақшалай сыйақы төленеді. Қазір елдегі орташа жалақы – 435-480 мың теңге аралығында. Сондай-ақ, Кітап оқу мәдениетін дамыту қоры жас жазушыларға грант ұсынып, шығармаларын басып шығаруға қаржылай қолдау көрсетеді. Ел ішіндегі балалар әдебиетіне жазатын талантты авторларды іздеп, оларға бір жылға дейін 50 базалық есептік көрсеткіш (шамамен 20,6 млн сум немесе 450 мың теңге) көлемінде ай сайын сыйақы төлейді. Осылайша, өзбек ағайындар 2026-2030 жылдарға қарай елдегі кітап оқу белсенділігінің деңгейін жылына 10 кітапқа дейін жеткізуді жоспарлап  отыр.

Қыркүйек айында Сингапурдың Ұлттық кітапханалық кеңесі думскроллингпен (үрей туғызатын жағымсыз ақпараттарды интернеттен үздіксіз оқу әдеті) күреске қарсы бағдарламаны іске қосты. Негізгі  мақсат – оқырмандарды интернеттегі келте контентті көруден алыстату. Соңғы кездері баспа­сөзде «brain rot» деген термин жиі жазылып жүр. Қазақша мағынасын «адам миының шіруі» деп алсақ түсінікті болар. Қызығы келте, пайдасы жоқ дүниелердің адамның санасын жаулауы. Жаһантордағы жеңіл-желпі ақпаратты немқұрайды тұтынатын оқыр­манның белгілі бір кітаптағы мәтінге назар аударып, тап­жылмай отырып оқуы қиындап барады. Осы мәселеге алаң­даған Ұлттық кітапханалық кеңес мамандары жұртты кітап оқуға қызықтырудың жаңашыл тәсілін  ойлап тапты.

Сингапурлықтар күн са­йын кітап оқығаны үшін ақша алады. Көркем шығармаларды оқуға небәрі 15 минут уақыт бөлсе жетіп жатыр. Әр сеанс сайын оқыған кітабын Үкіметтің сайтына жазып отырады. Кем дегенде 15 минут кітап оқыған адамның әрекетін арнайы жүйе тіркеп, 20 виртуалды монета төлейді. 50 күн бойы кітап оқығандар 1000 монета жинайды. Оны 0.78 сингапур долларына айырбастай алады. Әлбетте, бұл көп ақша емес. Мәселе ақшада емес, жұрттың кітап оқуға қызығушылығын оятуда жатыр. ReadSG бағдарламасы 5 жылға есептелген. Оны жай адам емес, Сингапурдың Президенті Тарман Шанмугаратнамның өзі жария етті. Сингапурлықтарға жолдаған бейнеүндеуінде ол: «Кітап оқуға мұндай уақыт жайдан-жай таңдап алынған жоқ. Адамдардың әдеті баяу өзгереді. Сол себептен бұл жаңашыл бағдарламаның нә­тижесін аз уақытта көреміз дегені­міз  ағаттық  болар»  деді.

Жарысты ұйымдастыру­шылар 2027 жылы қыркүйек айын­да оқырмандар челленд­жіне қатысушылардың санын 150 мың адамға жеткізуді жос­парлап отыр.  Бұл жарыстың қайырымдылық сипаты да бар. 6 қыркүйек – 7 қазан аралығында тіркелген әрбір қа­тысушы Read for Good акциясы аясында 15 минуттық сессия­сының ақшасын қайырымды­лыққа аударады. Осылайша, 7,5 млн минут оқу уақыты тіркелсе, одан түскен 150 мың сингапур доллары әлеуметтік ахуалы төмен 10 мың отбасыға жіберіледі. Яғни, қалтаңдағы смартфоныңнан аз уақытқа болса да бас тартып, кітап оқып қана қоймай, сол үшін сыйақы алып, өзіңнің отандасыңа көмек  қолын  соза  аласың.

Өзге елдер де кітапқа оқыр­манды қайтарудың жолдарын іздестіруде. Шілде айында Индонезия Үкіметі елде кітап оқу мәдениетін дамытуға құны 40,7 млрд рупийді (2,27 мил­лион АҚШ доллары) құрайтын бағдарламаны іске асыруға кірісті. 5,5 миллионнан астам кітап елдің аумағындағы бас­тауыш және орта мектептерге таратылды. Бұл қадам кітап оқығысы келетін барлық индо­незиялық балаларға кітапты қолжетімді етіп қана қоймай, кітап оқу мәдениетін жоғары деңгейге көтереді деген үміт бар.

Малайзия да – кітап оқитын ұлттардың қатарындағы ел. Ел Үкіметі 2,2 млн студентке 100 ринггит (24 АҚШ доллары) көлеміндегі сомаға ваучер үлестіреді. Бұл ақшаға студенттер кітап сатып алады я бол­маса электрондық кітаптардың ұлттық платформасынан қала­ған  кітабын  алады.

Кітап оқығанға сыйақы беру тәжірибесі АҚШ-та да бар. Мәселен, Пенсильвания штатындағы Лихай-Вэлли аймағында Lehign Valley Educators Credit Union (LVECU) – білім беру қызметкерлерінің коммерциялық емес несиелік одағының озық үрдісін басқа елдерге үлгі етуге болады. Бұл ұйым жыл сайын Sammer Reading Challenge атты балаларды кітап оқуға ынталандыратын бағдарламасын өткізеді. Оған осы несиелік одақтың мүшелері болып саналатын отбасылардың 0-12-сынып оқушылары қатысады. Жарыстың шарты мынадай: жаз айларында әр бала оқыған кітабы үшін ақша алады. Алайда жарысқа қатысқан баланың оқыған кітабының беттерінің саны сол сынып деңгейіне қойылған талапқа сай келуі тиіс. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындаған балалардың жинақ шотына 20-30 АҚШ доллары аударылып отырады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде балалардың кітап оқуға деген ынта-ықыла­сын арттыру, сонымен бір мезгілде оларға қаражат жинау әдебін үйрету.

Бірде әлеуметтік желіні қолданушының бірі өз балаларына әр оқыған кітабы үшін 1 АҚШ долларын беріп отыратынын жазды. Ол үшін бала шамамен 150-160 беттік кітапты оқып бітіріп, мазмұнын айтып, жазбаша шағын сынақ тапсыруы тиіс. Ал Сіз қалай ойлайсыз: бұл дұрыс ынталандыру ма, әлде баланы жастайынан ақшаға қызықтыру ма? Осындай тәжірибені үйінде қолданып жүрген ата-аналар бар ма? Егер ой-пікірлеріңізбен бөліссеңіздер, тыңдауға және талқылауға дайынбыз.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

Астана қаласы

Коллаж: ашық дереккөзден пайдаланып жасаған А.Құрманқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: