Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы Түркияға барды. Анкара сапарының ақиқаты қандай?

28.10.2026, 21:46 91

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президент қызметіне кіріскеннен бері Түркиямен саяси және экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған бірқатар сапар жасады. 28 қазанда басталған кезекті сапардың күн тәртібінде стратегиялық серіктестік, сауда, инвестиция және түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы тұр. Halyqline.kz бұған дейінгі кездесулердің нәтижелерін және Анкарадағы жаңа келіссөздерден не күтуге болатынын саралады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда Түркияға ресми сапармен барды. Анкарадағы Этимесгут әуежайында оны Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзгеннен кейін екі ел басшысы әуежай залында аз-кем әңгімелесті. Тоқаев сапарға шақырғаны үшін түрік әріптесіне алғыс айтып, осы күннің өзі үшін ерекше болғанын жеткізді.

— Ауа райы жақсы болып тұр екен бұл жақта. Бүгін мен үшін ерекше күн болды. Күннің бірінші жартысында Қазақстан халқына 2026 жылғы Жолдауымды жарияладым. Енді қазір сіздің шақыртуыңызбен ресми сапармен келіп отырмын. Көп рақмет! Ризамын, – деді Қазақстан Президенті.

Ақорданың алдын ала жариялаған мәліметіне сәйкес, 28–30 қазанға жоспарланған сапар барысында екі ел басшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайту жөнінде келіссөз жүргізеді. Сонымен бірге Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитіне қатысады. Түркия Президентінің коммуникациялар басқармасы да кездесулерде екіжақты ынтымақтастықпен қатар өңірлік және жаһандық мәселелер талқыланатынын растады.

Бұл сапарды Қазақстан мен Түркия арасындағы соңғы жылдары қалыптасқан саяси және экономикалық байланыстардың жалғасы ретінде қарастыруға негіз бар. Екі мемлекет үшін өзара сауданы ұлғайту, инвестиция тарту, көлік дәліздерін дамыту және халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық маңызды болып отыр.

Жеті жылдан астам уақытта Түркияға қанша рет барды?

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Түркиямен екіжақты қарым-қатынастар жөніндегі ресми мәліметінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға алты мемлекеттік, ресми және жұмыс сапары тіркелген. Бұл есепке 2026 жылғы сәуірдегі Анталия дипломатиялық форумына қатысуы да енгізілген. Демек, 28 қазанда басталған сапарды қоса есептегенде, Президенттің Түркияға барған сапарларының саны жетіге жетеді.

Бұл сапарлардың барлығы бірдей екіжақты мемлекеттік келіссөздерге арналмаған. Олардың арасында халықаралық саммитке қатысу, дипломатиялық форумға бару және Түркия Президентінің ұлықтау рәсіміне қатысу сияқты сапарлар да бар. Сондықтан олардың әрқайсысының саяси мазмұны мен нақты нәтижесін жеке қарастырған жөн.

Алғашқы сапарлар: түркі ынтымақтастығынан стратегиялық серіктестікке дейін

Тоқаевтың Президент ретіндегі Түркияға сапарларының маңызды кезеңі 2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі кеңесінің VIII саммитінен басталды. Сол жиында ұйымның Түркі мемлекеттері ұйымы болып қайта құрылуы түркітілдес мемлекеттердің ықпалдастығын жаңа институционалдық деңгейге шығарды. Қазақстан үшін бұл алаң ортақ тарихи және мәдени байланыстарды нығайтумен қатар сауда, көлік және дипломатиялық қатынастарды дамытуға мүмкіндік берді.

2022 жылғы 10–11 мамырдағы мемлекеттік сапар екіжақты қатынастарда айрықша орын алады. Анкарада Тоқаев пен Ердоған Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасын кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұған қоса, алты үкіметаралық және сегіз ведомствоаралық құжат қабылданды. Келісімдер қауіпсіздік, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, білім және өзге де бағыттарды қамтыды.

2023 жылы Қазақстан Президенті Түркияға екі рет барды. Наурызда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысып, ақпандағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен түрік халқына қолдау білдірді. Ал 3 маусымда президенттік сайлауда қайта жеңіске жеткен Режеп Тайип Ердоғанның ұлықтау рәсіміне қатысты. Бұл сапарлар экономикалық келісімдерден гөрі дипломатиялық байланыстарды сақтауға және түркі елдері арасындағы саяси диалогты жалғастыруға бағытталды.

2025 жылғы 28–29 шілдедегі ресми сапар кезінде Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысы өтті. Оның қорытындысында екі мемлекетаралық, екі үкіметаралық және 16 ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Президенттер сауда мен инвестицияны дамыту, өнеркәсіптік кооперация және көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.

2026 жылғы 16–17 сәуірде Тоқаев Анталия дипломатиялық форумына қатысты. Бұл алаңда халықаралық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық және әлемдік дипломатиядағы өзекті мәселелер қарастырылды. Арада бір ай өткенде, 14 мамырда, Астанада Ердоғанның қатысуымен стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы ұйымдастырылды. Сол жиында екі мемлекет мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларация қабылдады.

Содай, соңғы жылдардағы байланыстар тек президенттердің өзара сапарларымен шектелген жоқ. Екіжақты ынтымақтастықты үйлестіретін тұрақты саяси тетік қалыптасып, бұрынғы келісімдерді нақты инвестициялық және өндірістік жобаларға айналдыру мәселесі алдыңғы қатарға шықты.

6 миллиард доллар инвестиция және 15 миллиардтық меже

Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстың негізгі тіректерінің бірі – экономика. 2026 жылғы мамырда Астанада өткен келіссөздерде Түркиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 6 миллиард долларға жеткені, ал қазақстандық инвестицияның Түркиядағы көлемі 2,5 миллиард долларға жуықтағаны айтылды. Қазір екі мемлекет өзара тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Қазақстан түрік нарығына қосымша 630 миллион доллардан астам сомаға 34 түрлі тауар экспорттау мүмкіндігін қарастыруда.

Экономикалық ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі. Қазақстан Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттары арқылы Еуропаға шығатын бағытты дамытуды көздесе, Түркия Азия мен Еуропаны байланыстыратын транзиттік орталық ретіндегі мүмкіндігін кеңейтуге мүдделі. Бұған қоса, екі ел қорғаныс өнеркәсібі, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласқан. Солардың арасында «АНКА» ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіруге қатысты келісім де бар.

Анкарадағы жаңа сапардан не күтуге болады?

Тоқаевтың бұл жолғы сапары бұрын қабылданған келісімдердің орындалуын пысықтауға және жаңа экономикалық бастамаларды талқылауға мүмкіндік береді. Әсіресе сауда айналымын ұлғайту, түрік инвестициясын тарту, Орта дәліздің әлеуетін арттыру және бірлескен өндірістерді дамыту мәселелері назарға алынуы мүмкін.

Сапар аясындағы Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті де Қазақстан үшін маңызды. Бұл алаңда Орталық Азия мен Кавказ арасындағы көлік байланыстары, өңірлік қауіпсіздік және түркі мемлекеттерінің экономикалық ықпалдастығы талқылануы ықтимал.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскеннен бергі Түркияға жетінші сапары екі ел арасындағы саяси байланыстың тұрақты сипат алғанын көрсетеді. Алайда мемлекетаралық келіссөздердің нәтижесі қол қойылған құжаттардың санымен ғана өлшенбейді. Қазақстан үшін басты мәселе – түрік инвестициясының нақты өндіріске айналуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және отандық кәсіпорындардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашылуы. Анкарадағы кезекті кездесудің экономикалық маңызы да осы нәтижелер арқылы айқындалмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: